Осы апта аяғында бүкілқазақстандық митинг өтеді деген ақпараттар тарағалы құқық қорғау органдары тарапынан шақырту алған, ұсталған, кеңселері тінтілген азаматтар саны көбейіп барады.
Your browser doesn’t support HTML5
ПОЛИЦИЯ ҚЫСЫМЫ
Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласында мамырдың 16-сы күні Жанат Есентаев пен Исатай Өтеповті полиция тергеп, мамырдың 17-сіне ауған түні жергілікті «Абырой» қоғамдық бірлестігі кеңсесінде тінту жүргізген. Бұл туралы Азаттыққа Оралдағы азаматтық белсенді Лұқпан Ахмедьяров хабарлады. Әлеуметтік желілерде полиция өкілдерінің ұйым кеңсесін тінткені туралы видеолар да шықты.
Тінту туралы қаулыда Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті (ІІД) тергеушісі Махамбет Темірбаевтың қылмыстық кодекстің 24-бабы ("Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу") және 272-бабының 1-тармағы ("Жаппай тәртiпсiздiк") бойынша істі тексеріп жатқаны жазылған.
Кейін Исатай Өтеповтің босатылғаны хабарланды. Ал жер мәселесіне қатысты митинг өткізуге өз атынан өтініш берген Жанат Есентаевтың адвокаты Лариса Симоненко оған қылмыстық кодекстің 174-бабы ("араздық қоздыру") бойынша айып тағылып, оның сотқа дейінгі тергеу шарасы аясында 3 күнге тұтқындалғанын айтты.
Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінен "Абырой" белсенділерінің ұсталуына қатысты түсінік алу әзірге мүмкін болмай тұр.
Исатай Өтеповтің айтуынша, белсенділерге қатысты істі қозғауға «Жанат» пен «Исатай» атты аккаунттардың мамырдың 21-і күні митингіге шығу және тәртіпсіздік ұйымдастыру туралы әңгімесінің WhatsApp мессенджерінен алынған скриншоты түрткі болған. Белсенділер ол жазбаларға қатысы бар екендерін жоққа шығарады.
Ал Астанада бұрынғы сенат депутаты, қоғамдық белсенді Уәлихан Қайсаровтың үйіне полицейлер келіп, тінту жүргізіп, өзі жариялаған видеода ол полицияның итпен келіп, «екі сағат бойы заңсыз қару іздегенін» айтады.
Уәлихан Қайсаров - ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы Астанада митинг өткізу бойынша құрылған бастамашыл топ мүшесі. Астана белсенділерінің митинг өткізу туралы өтініштерін қараған қала әкімдігі оларға рұқсат бермеді.
Кеше кешке Астанада белсенділердің бірі Махамбет Әбжан ұсталғанын, полицейлердің өзіне күш қолданғанын хабарлады. Бұл туралы Астана қаласы Алматы аудандық ішкі істер басқармасында үш сағат отырып шыққан белсендінің өзі Facebook парақшасында хабарлап, дәлел ретінде суреті мен видеосын жариялады. Әбжанның айтуынша, оған жақында прокуратура жұртты митингіге шақырудың заңсыз екенін ескерткен.
Астана ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекова белсенділерге байланысты қандай да бір ресми ақпарат бере алмайтынын айтып, прокуратураға сілтеді. Астана қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы Әсел Әубәкірова Азаттық тілшісіне ресми хат жолдаған соң 3, 15 немесе 30 күн ішінде жауап беретіндерін айтты. Ресми органдар бұл азаматтардың полиция қысымына қандай себеппен ұшырағанын түсіндірген жоқ.
Алматы облысы Талғар ауданында «листовка тарату» фактісіне байланысты қылмыстық кодекстің 400-бабы ("Жиналыстарды, митингілердi, пикеттерді, көше шерулерiн және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалып, іске қатысты Манас Әбдіманап есімді азаматты мамырдың 16-сы күні үйінен полицейлер алып кеткен. Талғар аудандық ішкі істер басқармасы мен Талғар аудандық прокуратурасы Манас Әбдіманаптың ұсталғанын растады, бірақ «листовка» мазмұны қандай болғанын айтпады.
Ал Атырауда бүгін бірнеше белсенді - Гүлзада Исмұрзиева, Макс Боқаев және Ерлан Башақовты жергілікті прокуратура шақырып, мамырдың 21-і күні елді митингке шақырмауды ескертіп, қол қойдырып алған. Азаттық тілшісіне Атырау қалалық прокуратурасынан қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады.
Полиция қысымы туралы Макс Боқаевтың пікірі
Your browser doesn’t support HTML5
Әлеуметтік желілерде азаматтардың құқық қорғау органдарынан митингке байланысты шақырту алғаны, ұсталғаны туралы посттар мен видеолар көбейіп кетті.
Осы аптада ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «Бізде митинг өткізуге қатысты арнайы заң бар. Егер келісілмеген жерлерде митинг болса, онда ол көлік қозғалысына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайда біз әрине, шара қолданатын боламыз» деп мәлімдеген.
«ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ СОТҚА БЕРУГЕ БОЛАДЫ»
Орталық Азияда демократияны дамыту қорының бас директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбеталиеваның бағалауынша, «билік әрекеті заңсыз».
- Азаматтарды тек заң бұзғанда ғана ұстай алады. Рұқсат етілмеген митинг әлі болған жоқ, адамдар шыққан жоқ. Бұл - адам құқықтарын бұзу, заңсыз әрекет. Менің ойымша, полицейлердің әрекетіне қатысты сотқа шағым түсіруге болады, - дейді Толғанай Үмбеталиева.
Оның сөзінше, «Билік тәртіпсіздіктер болып, жағдай бақылаудан шығып кете ме деп қорқады. Алайда олар қателеседі, себебі Атырау, Ақтөбе, т.б қалаларда болған жиындар халықтың тек билікке пікірін жеткізгісі келетінін көрсетті. Билік белсенділерді ұстаса, халық митингіге шықпайды деп ойлайды, бұл да қате болжам. Керісінше, көшбасшы болмаса, тәртіпсіздік болу мүмкіндігі ұлғаяды».
- Ұсталып жатқандар - саясатқа араласпаған қарапайым азаматтар. Атырау және өзге аймақтарда жұрт жиылып, тыныш тарады. Биліктің неге мұндай позиция ұстанып отырғанын түсінбеймін. Одан гөрі митинг уақытын шектеп, елдің пікірлерін жеткізуіне мүмкіндік берсе, тыныш тарайтын еді. Ал қазіргі әрекеттері кесірінше жағдайды ушықтыруы мүмкін, - дейді ол.
Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы, Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, 5 мамырда жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне осы жылдың соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойынша комиссия құруды бұйырған.
Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы мамырдың 14-і күні өткен.