Ауғанның қоқан-лоқыдан қорықпайтын әйел губернаторы

Ауғанстанның Гор аймағы губернаторы Сима Жойенда.

Ауғанстанда аймақ басқаратын екі әйел бар. Солардың бірі – Гор аймағы губернаторы Сима Жойенда жұмысы ауыр болатынын қызметке тағайындалғанда-ақ білген. Оны «өлтіреміз» деп қорқытатындар көбейген.

Ауғанстанның орталығындағы өзі туып-өскен, кедей әрі тым консервативтік аймаққа басшы болып тағайындалғанда Сима Жойенда өзіне қарсы шығатындардың көп болатынын білген.

Гор аймағының губернаторы ретінде қызметке кіріскеннен бергі төрт айдың ішінде «орныңнан кет» деп жүргендер енді оны «өлтіреміз» деп қорқытуға көшкен.

Ауғанстандағы бар болғаны екі әйел губернатордың бірі - Жойендаға қарсылық білдірушілер жиі жиналып тұрады. Саяси қарсыластары ұйымдастырған сондай наразылық шараларының бірі қазанның 18-і күні аймақ орталығы – Фироз Кох қаласында өтті.

Тіпті ауған парламентінің жоғарғы палатасы осыдан кейін аймақтағы жағдайды ушықтырмау үшін бұл тағайындауды қайта қарау туралы мәселе көтерді.

Губернатор Жойенда некесіз қосылған екі жасқа дүре соғу шешімін қолдаймын деп ел ішіндегі және шетелдегі құқық қорғаушылар наразылығын да туғызған еді. Кейіннен берген сұхбатында губернатор «сот шешімі конституцияға сәйкес келеді» деп мәлімдеді.

«БІЛІКСІЗ БАСШЫ»

Фироз Кох қаласында өзіне қарсы өткізілген наразылық шеруінен соң Азаттыққа сұхбат берген Жойенда «қарулы баскесерлер» оның өзін және жақындарын «өлтіреміз» деп қорқытқанын айтты.

Олар мені не менің жақын туыстарымды өлтіре ме деп қорқамын. Бұл қолдарынан келеді, себебі олардың қолында билік те, қару да бар.
Сима Жойенда.

- Олар мені не менің жақын туыстарымды өлтіре ме деп қорқамын. Бұл қолдарынан келеді, себебі олардың қолында билік те, қару да бар, - деген ол өзіне қоқан-лоқы жасап жүргендердің аты-жөндерін атамады.

44 жастағы тоғыз баланың анасы «қарулы командилер Гор аймағының губернаторы қызметінен кет деген талап қойып отыр» дейді.

Бір аптаның ішінде болған екінші наразылық шеруіне Гор аймақтық кеңесі мүшелері де қатысқан. Олар Жойенданы «аймақты басқаруға қабілеті жоқ біліксіз басшы» деп санайды.

Губернатордың қызметінен кетуін талап етіп жүрген қарсыластары ең алдымен аймақта қауіпсіздік мәселесінің шиеленісуін және экономикалық проблемалардың шешілмегенін айтады. Ал Сима Жойенда «айыбым – әйел болғаным ғана» дейді.

«ӘЙЕЛ ЕЛ БАСҚАРА АЛМАЙДЫ»

Осы аптада парламенттің жоғарғы палатасында сөз сөйлеген Гор аймағының депутаты Мохаммад Дауд Гафари «әйел ел басқара алмайды» дегенді ашық айтты.

- Әйел бір миллион адамды басқара алмайды. Горда қақтығыс болып жатыр, жұрт әйел түгіл еркекті тыңдамай жатыр, - деді ол қазанның 6-сы күні. Депутаттың бұл сөзін Pajhwok ақпарат агенттігі таратты.

Ауғанстан үкіметі Сима Жойенданы аймақ губернаторлығына биыл маусым айында тағайындаған.

Әйел бір миллион адамды басқара алмайды. Горда қақтығыс болып жатыр, жұрт әйел түгіл еркекті тыңдамай жатыр.
Аймақ депутаты Дауд Гафари.

Әсіре консервативтік аймақта дін мен саясатта ықпалы күшті ер кісілер өте көп. Оның үстіне қару мен есірткі тасымалдайтын күре жолда орналасқан бұл аймақта ондаған заңсыз қарулы топ бұрыннан өзара қырқысып келеді. Аймақтағы қылмыстың өршуіне де осылар себепкер болса керек.

Оның кетуін талап етіп жүргендердің арасында аймақтық кеңестің басшысы Фазлул Хақ Ехсан мен аса ықпалды дінбасы, аймақтық діни кеңестің бұрынғы басшысы Маулауи Есматулла Надим де бар. Оның үстіне бұрынғы дала командирі Ислам Ханмен байланысы бар парламент депутаты Керамуддин Хан да әйел губернаторға жауығып жүр.

Сима Жойендаға наразылық шараларын оның Гор аймағына губернатор болып тағайындалуына әу бастан қарсы шыққан Керамуддин Хан ұйымдастырып жүр деген де пікірлер бар.

Гор аймағының ықпалды адамдары осыдан бір жыл бұрын билікке келген үкіметтің «басшылыққа әйел азаматтарды көбірек тартамыз» деген уәдесінен тіксініп қалған еді.

«ЗАҢСЫЗ ТАЛАПТАРДЫ» ОРЫНДАЙ АЛМАЙМЫН»

Ел ішінде «оның аймақтағы шиеленіскен ахуалды шешуге қабілеті жетпейді» деген пікір кең тарады. Тіпті Жойенданың консервативтік діни құндылықтарды ашық қолдауының өзі сынның үдей түсуіне негіз болды.

Зина жасады деп айыпталған жас қыз бен жігітке тамыздың 31-і жұрт алдында дүре соғылған соң адам құқықтарын қорғаушы белсенділер де губернатор Жойенданы сынай бастады.

Дүре соғылған күннің ертесінде Ariana TV телеарнасына сұхбат берген Гор аймағының губернаторы «сот үкімі орындалған кезде Кабулда жүргенмін, бұл туралы хабарым да болған жоқ» деп ақталуға тырысты.

Дегенмен ол сот шешімі негізінде жүзеге асырылған үкімнің заңға сәйкес келетінін айтты.

“Ауғанстан – Ислам мемлекеті, ал Гор – Ауғанстанның бір аймағы. Сондықтан біз ислам заңдары мен конституция талаптарын бұза алмаймыз» деді ол Ariana арнасына берген сұхбатында.

Сима Жойенданың Азаттыққа сұхбат беріп отырған кезі. Ауғанстан, 11 қазан 2015 жыл.

Қазанның 18-і күні Азаттыққа сұхбат берген Сима Жойенда аймақтағы ықпалды діни тұлғалардың да, аймақтық кеңес мүшелерінің де «орныңды босат» деген «заңсыз» талаптарын орындай алмайтынын айтты.

- Олар өздерінің заңсыз әрекеттеріне көз жұма қарағанымды қалайды, – деген Жойенда үкіметтен арнайы делегация шығарып, жағдайды зерттеуге шақырды.

Қазанның 18-і күні болған наразылық шараларына қатысқандардың бірі, Гор аймақтық кеңесінің мүшесі Абдул Хамид Натеки де Жойенданы қызметтен кетуге шақырып, олай болмаған жағдайда мәселені шешу үшін орталық үкіметке арызданатынын айтты.

«ӨМІР ЖОЛЫ ЖҰРТҚА ҮЛГІ»

Президентке бағынатын жергілікті басқару жөніндегі тәуелсіз департаменттің өкілдері қазанның 19-ы күні Азаттыққа берген сұхбатында «жағдайды жіті бақылап отырғандарын» хабарлады.

Гор аймағындағы халықтың басым көпшілігін құрайтын аймак этностық тобының өкілі Сима Жойенданың өмір жолы көпшілікке үлгі бола алады. Жалғызбасты ананың тәрбиесін көріп, қоғам өмірінде әйелге мүлде орын бермейтін консервативтік ортада өссе де ол саяси тұлға дәрежесіне көтеріле алған.

Afghan Analysts Network мәліметтеріне қарасақ, Жойенда аймақ орталығындағы мектепте мұғалім де болған, әкімшілікте тәжірибеден өткен, кейіннен Лондонда өткен Ауғанстан жөніндегі екі конференцияға (2006, 2014 жылдар), Токиода 2012 жылы өткен конференцияға азаматтық белсенді ретінде қатысқан.

Көлік күтіп отырған ауған әйелдері. Ауғанстан, 5 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазанның 18-і күні Фироз Кохта оны қолдаушылар тобы да жиналды.

- Біз қолы қанға боялған, жұрттың үйін тонаған, балаларды өлтірген адамдардың губернатор болғанын қаламаймыз. Біз Симаның губернатор болғанын қалаймыз, – деді оны қолдауға келген әйел азаматтардың бірі.

Шеруге шыққан әйел қазір Ауғанстандағы саясатқа үлкен ықпал етіп жүрген, кезінде қарулы топтарды басқарған бұрынғы дала командирлерін меңзеп тұрса керек.

Фруд Бежанның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.