Жапонның The Diplomat сайтындағы «Қазақстан Назарбаевсыз ел болып қала ала ма?» деген мақала халықаралық дағдарыс тобының Қазақстанға арналған жаңа баяндамасын талдаған. Баяндама сарапшылары Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін Қазақстанның күйі не болатынын айқындап беруді ұсынады. Мақала Қазақстан мен Украинаны салыстырып, Ресей президенті Владимир Путиннің Украинадағы орыс тілді халықтың мүддесін қорғау және «ешқашан мемлекеттілік болмаған территорияда мемлекет құрып берген» Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі туралы айтқан сөздерін келтірген.
The Diplomat сайты «Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда басым дауыс жинап, қайта сайлануы оның елдегі саяси тұрақтылықты сақтаудың негізгі тұтқасы екенін көрсетеді әрі бұл жағдай «елдің осал тұсына» айналуы» мүмкін» деп жазады.
Ұлыбританияның Financial Times газеті «Тегеуірінді басшылар кеткеннен кейін Орталық Азия болашағы не болады?» деген мақаласында Қазақстан мен Өзбекстанды салыстырып, Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов кеткеннен кейінгі жағдайдың өрбуіне қатысты болжам жасайды. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы шетел инвесторлары үшін «ең үлкен саяси қауіп» - биліктің ауысуы.
Financial Times басылымы «Орталық Азия елдері президенттері авторитарлық, коррупцияшыл әрі репрессияшыл басшылар ретінде жиі сыналады. Бірақ олардың биліктен кету перспективасы шетелдіктерді де, жергілікті тұрғындарды да қорқытады» деп жазады.
Сарапшылардың жазуынша, Қазақстан сияқты Өзбекстанда да бұрын-соңды билік ауысып көрмеген. Өйткені «әлемде билік басында ең көп отырған басшылар» деген ат алған қазіргі қос президент билік басында тәуелсіздік алғаннан бері отыр. Бірақ мақала авторларының жазуынша, екі елде де басшылықтың ауысуына әзірлік жүріп жатқанын білдіретін белгілер анық байқалады әрі 74 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың да, 77 жастағы Ислам Каримовтың да денсаулығы «онша мықты емес».
ТӨРТ БОЛЖАМ
Financial Times басылымының жазуынша, ғалымдар мен ресми тұлғалар «жағдай болжанған төрт нұсқаның бірі бойынша өрбуі мүмкін» деп есептейді. Бірінші нұсқаға сәйкес, 2003 жылы Әзербайжан президенті Гейдар Әлиевтің орнын басқан Ильхам Әлиев сияқты билік отбасы мүшесі қолына көшеді. Бірақ Қазақстан мен Өзбекстанда президенттерінің отбасында нақты мұрагер жоқ.
Екінші сценарийдің үлгісі саналатын Ресейде денсаулығы әлсіреген Борис Ельцин 1999 жылы жұртқа өз мұрагері ретінде КГБ-дан шыққан Владимир Путинді таныстырған әрі болжам дәл келіп, кейінгі сайлауда Путин жеңіп шыққан. Бұл болжам бойынша, биліктің бұлай «қолдан басқару арқылы ауысу» нұсқасы Қазақстанда іске асуы мүмкін.
Financial Times «Лауазымды тұлғалар мен сарапшылар арасындағы ұлғайып келе жатқан консенсусқа қарағанда, Назарбаев мырза осы бес жылдық мерзімінде билікті бизнес пен саяси элитаның мүддесін де, Ресей мен Қытай арасындағы тепе-теңдікті те ұстауға қабілетті жақын адамына өткізіп беріп, өзі шетке ығысуы мүмкін. Мұндай тұлғалардың бірі- президент қайтыс болып немесе елді басқаруға қабілетсіз болып қалған жағдайда конституция бойынша елді билеу өкілеттілігі қолына өтетін сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев» деп жазады.
Билік ауысуының үшінші нұсқасы ретінде түркімен сценарийіаталады. 2006 жылы желтоқсанда Сапармұрат Ниязов кенеттен қайтыс болғаннан кейін елдің саяси элитасы президенттікке бұрын жұртқа онша танылмаған Гурбангулы Бердымұхамедовті ұсынған. Мақала авторлары «бұл сценарий Өзбекстанда қайталануы мүмкін» деп санайды. Бақылаушылардың пікірінше, ел билігі ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустам Иноятов, премьер-министр Шавкат Мирзиёев немесе қаржы министрі Рустам Азимов үшеуінің бірінің қолына өтуі мүмкін.
«Төртінші әрі ең ауыр нұсқа бойынша елде басқаруға келмейтін аласапыран басталады немесе «Украина сценариі» орнайды. Егер жаңа басшы ұлттық мүддеге бет бұрса, елдің солтүстік аудандарындағы орыс тілді азшылық Қазақстандағы жағдайдың осылай өрбу факторына айналуы мүмкін. Ал Өзбекстанда радикалды исламнан төнетін қауіп көбірек. Еуропа дипломаттарының бірі тіпті «Өзбекстан келесі Ауғанстанға айналуы мүмкін» деген қаупін де айтқан болатын» деп жазады Financial Times.