Саудагерлер коммуналдық павильонды сатуға қарсы

Көкшетаудағы «Көкше-Қамқор» коммуналдық павильоны. (Суретті «Наше право» ұйымы берген).

Көкшетаудағы кәсіпкерлер «Көкше-Қамқор» коммуналдық павильонын «бәсекелестік ортаға беруге» келіспейді. Олар «65 кәсіпкер жұмыссыз, ал сатып алушылар арзан өнімсіз қалады» деген уәж айтады. Павильонды биыл күзде электронды сауда арқылы сату жоспарланған.

Ақмола облысы Көкшетау қаласында тұратын 11 кәсіпкер қалалық павильонды сатуға қарсы шағымдану үшін Астанаға келді.

– Әкімдікке барып, құзырлы мекемелердің бәріне жүгіргенімізге, олармен тартысқанымызға төрт ай болды. Қала әкімі кәсіпкерлік бөліміне сілтеп, бізді қабылдамайды. Ал олар «Қыздар, көше ме, басқа ма – қай жерді қаласаңдар сол жерде тұрып сата беріңдер» дейді. Ешкімге қажетіміз болмаған соң, ақшамыз жоқ болған соң бізден құтылу үшін бір-біріне сілтейді, – дейді көкшетаулық Ақбидай Әминова.

«ХАЛЫҚ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ»

Ақбидай Әминова «Көкше-Қамқор» коммуналдық павильонында бес жылдан бері жеміс-жидек пен көкөніс сатады. Оның айтуынша, 2008 жылдың қазаны мен 2009 жылдың маусымында қалада көше саудагерлерінің көп адам қатысқан наразылық акциялары өтіп, билік саудагерлер үшін әлгі шағын базарды ашқан. Бірақ қазір оны жеке меншікке сатуды ұйғарған.

– Онда неге бәрімізді ол жаққа тығып тастады? Қазір онда 65 кәсіпкер сатады, енді «мұнша адам базар ұстауға болмайды» деп жатыр. Неге? Өйткені оны жеке меншікке сатпақ. Ал біз қайда бармақпыз? Далада қаламыз ғой, – деп ашуланады Ақбидай Әминова.

Кәсіпкер Ақбидай Әминова. Астана, 25 шілде 2016 жыл.

Кәсіпкерлер сататын өнім түріне қарай базардағы орын үшін айына 25-50 мың теңге төлейтіндерін айтады. Олардың айтуынша, жеміс-көкөніс сатушылардың өздері ғана қалаға ай сайын салық түрінде кемі 2 миллион теңге кіріс әкеледі.

Сатушылардың айтуынша, тұрғындар бұл базарға арзан баға үшін келеді. Мысалы, қаланың өзге сауда орындарына қарағанда, коммуналдық павильонда ет бірер жүз теңгеге арзан.

– Біздің базарда баға көп арзан. Мысалы, бізде «Орталық базар» деген базар бар, олармен салыстырғанда, біз 50-100 теңгеге арзан сатамыз. Олар біздің 10 жәшік өнімнен көрген пайдамызды бір жәшіктен түсіреді. Өйткені біз халық үшін, қарттар үшін жұмыс істейміз. Бізге келетін сатып алушылардың бәрі – қарттар мен тұрмысы нашар отбасылар, – дейді Ақбидай Әминова.

«Біздің құқық» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Владислав Шуль. Астана, 25 шілде 2016 жыл.

Кәсіпкер әйелдердің құқығын қорғауға көмектесіп жүрген «Біздің құқық» («Наше право») үкіметтік емес ұйымы төрағасы Владислав Шульдің айтуынша, қалада мұндай коммуналдық павильон біреу ғана. Алайда жуықта оның қатарынан екі қабатты тағы бір коммуналдық базардың құрылысы басталған, бірақ Шульдің айтуынша, кәсіпкерлерге ол жақтан орын ұсынбаған.

Азаматтық белсенді әрі «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» басшысы Зәуреш Батталова коммуналдық павильонға қатысты жағдайдан хабардар. Ол «Көкшетаудағы әлгі сауда орны сатылып кетсе, кәсіпкерлер ғана емес, өнімді арзандау бағаға сатып алуға үйренген тұтынушылар да зардап шегеді» деп санайды.

«БӘСЕКЕЛЕС ОРТАҒА БЕРІЛУІ ТИІС»

Коммуналдық павильонды сатуға жол бермеу үшін 65 саудагер Қазақстан вице-премьер-министрі Дариға Назарбаева мен өзге шенеуніктерге хат жазған, бірақ олардың хатын қарау үшін жергілікті әкімдікке қайтарған. Саудагерлер облыстық әкімдіктен «Қазақстан үкіметінің 2015 жылдың 30 желтоқсанындағы 1141-қаулысымен 2016-2020 жылдары бәсекелестік ортаға берілуі тиіс коммуналдық меншік ұйымдары тізімі бекітілген, ал «Көкше-Қамқор» коммуналдық павильоны әлгі нысандар тізіміне енгізілген» деген жауап алған.

«Баяндалған жайт негізінде қызмет түрі осы тізімде қарастырылмаған «Көкше-Қамқор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін сақтап қалу мүмкін емес екенін хабарлаймыз» делінген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтің қолы қойылған хатта.

Көкшетаудағы «Көкше-Қамқор» коммуналдық павильонында сауда жасайтын кәсіпкерлер. Астана, 25 шілде 2016 жыл.

Көкшетаулық кәсіпкерлер жүгінген ұлттық экономика министрлігі оларға «...бұл нысанды мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін пайдалану арқылы бәсекелес ортаға беру механизмін қарау қажет» деген кеңес берген.

Көкшетау әкімдігі өкілдері Азаттық тілшісіне комментарийді Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан сұрауға кеңес берді. Басқарма өкілдері журналисті қалалық әкімдікке қайта сілтеді, бірақ ол жақта телефон қоңырауларына ешкім жауап қатпады.