Жалғызілікті әке мүгедек ұлын қатарға қосуды армандайды

Жалғызілікті әке Асылбек Оспанов сал болып туған ұлы Рахатты қолдан жасалған "вертикализаторға" таңып жатыр. Ақтөбе, 11 желтоқсан 2017 жыл.

Сал болып туған ұлын бір өзі бағып-қағып отырған ақтөбелік тұрғын баласының тұрып кететініне сенетінін айтады. Оның үлкен ұлы мүгедек балаларды оңалту орталығында тәрибеленіп жатыр.

Ақтөбе қаласының тұрғыны 35 жастағы Асылбек Оспанов "церебралды сал ауруымен" (ДЦП) ауыратын, алты жасар кіші ұлы Рахатты жалғыз өзі күтіп отыр. 2015 жылы әйелімен ажырасқаннан кейін анасымен бірге қалған үлкен баласы, 2010 жылы туған Жанатбек де мүгедек, дәрігерлер оған микроцефалия (ақыл-ой кемістігінің ең ауыр түріне жататын дерт) деген диагноз қойған.

БІР ОТБАСЫНДАҒЫ ҚОС МҮГЕДЕК БАЛА

- Екі баламыздың бірінен кейін бірі мүгедек болып тууы біз үшін үлкен сынақ болды. Қиындықты көтере алмадық, отбасында кикілжің көбейді, - дейді жалғызілікті әке.

Жүйелі түрде ем жасалса, балам аяғына тұрып кетеді деп сенемін. Мені Ақтөбеге әкелген де сол сенім.

Ерлі-зайыптылар ажырасқан соң екі баланың кішісі әкесінің қолында қалып, үлкені анасымен бірге болған. Жанатбек қазір Ақтөбедегі мүгедек балаларды оңалту орталығында тұрып жатыр. Оны бұл жерге тиісті ем қабылдауы үшін Мұғалжар ауданында балабақша тәрбиешісі болып істейтін анасы биыл көктемде тапсырыпты.

Асылбек Оспановтың айтуынша, Рахат өмірге ай-күні толмай ерте келген. Жеті айлығында дәрігерлер оған ДЦП диагнозын қойған. Әкесі науқас ұлын қарата алатын білікті мамандарға жақын болуы үшін Алға ауданынан облыс орталығы Ақтөбеге қоныс аударғанын айтады.

- Өзі жұмыссыз, бауырында мүгедек баласы бар адамды Ақтөбеде ешкім құшақ жая күтіп отырмағанын білдім. Бірақ басқа амалым болмады. Жүйелі түрде ем жасалса, балам аяғына тұрып кетеді деп сенемін. Мені Ақтөбеге әкелген де сол сенім, - дейді ол.

"ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ 8600-ШІ БОП ТҰРМЫН"

Асылбек Оспановтың сөзінше, 2015 жылдың күзінде Ақтөбеге көшіп келген соң ол мүгедек баласымен бірге әркімнің босағасын сағалап, тұрмысқа қолайсыз арзан бөлмелерді жалдауға мәжбүр болған. Қаладан тіркеуге (прописка) тұратын жер таба алмай жүріп, тек 2017 жылдың қаңтар айында ғана баспанаға мұқтаж әлеуметтік осал топқа жататын отбасы ретінде үй кезегіне алынған. Өз айтуынша, ол Ақтөбе бойынша пәтер кезегінің жалпы тізімінде 8600-ші болып тұр.

Асылбек Оспанов. Ақтөбе, 11 желтоқсан 2017 жыл.

Отбасы қазір ай сайын Рахатқа мүгедектігіне байланысты мемлекет тағайындаған 32049 теңге жәрдемақы мен мүгедек баланы қарайтын ата-анаға берілетін 25682 теңге әлеуметтік жәрдем ақша алады. Асылбек кейде ескі автокөлігімен жолаушы тасып күнкөрісіне қосымша ақша табуға тырысатынын, бірақ ұлының жағдайына байланысты оған уақыты бола бермейтінін айтады.

Мүгедек баласы бар жалғызілікті әкенің жағдайы туралы биыл бірқатар баспасөз құралдары жазғаннан кейін желтоқсанның басында жергілікті билік орындары Асылбек Оспанов пен оның ұлына уақытша тұруға коммуналдық меншіктегі бір бөлмелі пәтер берген. Ақтөбе әкімі мүгедек баласы бар отбасы кезегі жетіп, баспаналы болғанша осы пәтерде тұра береді деп уәде еткен.

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН "ВЕРТИКАЛИЗАТОР"

Ескі қос қабаттың бірінші қабатындағы пәтерге Азаттық тілшісі барғанда Асылбек Оспанов кішкентай Рахатқа емдік жаттығулар жасап болып, ұлын қолдан құрастырылған тақтайға таңып жатыр екен. Жақында жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жасалғаны байқалатын пәтер орталық жылу жүйесіне қосылған, газ, ыстық сумен жабдықталған.

Өздігінен бойын тік ұстай алмайтын балаға қажетті вертикализатор деп аталатын құрылғыны сатып алуға мүмкіндігі болмаған соң әкесі соған ұқсас затты өзі құрастырыпты. Ол ас дайындап немесе кір жуып, үй шаруасымен айналысқан кезде Рахатты қолдан жасалған осы "вертикализаторға" таңып қоятынын айтты.

Асылбек Оспанов баласын өзі қолдан жасаған "вертикализаторға" таңып жатыр. Ақтөбе, 11 желтоқсан 2017 жыл.

- Вертикализатор – өте қымбат құрылғы. Мүгедек баланы бағып, жұмыссыз отырған менде оны сатып алатын қаржы жоқ. Бірақ қол қусырып отырмай, өзім құрастырдым. ДЦП дертімен ауыратын балалар үшін домалап жата бермей, бір уақ бойын тіктеп алғанның пайдасы көп. Ішкі органдарының жұмысы жақсарады. Мысалы, бұрын Рахаттың денесі қисайып, аяқтары бұралып жататын. Қолдан жасалған вертикализатордың пайдасы көп тиді, қазір омыртқасы мен аяғы түзеліп келеді, - дейді Асылбек Оспанов.

Рахаттың екі жыл бұрынғымен салыстырғанда бойын тік ұстай алатыны өз алдына, оның тіпті көзқарасы да өзгерген. Қазір ол кісіге ойлы, ақылды көзбен қарайды.

Оның айтуынша, баласы екеуінің күнделікті тірлігі бірсарынды: әкесі Рахатты таза ауада серуенге алып шығады, емдік жаттығулар жасайды, үш айда бір рет облыстық ауруханаға жатып оңалту курсынан өтеді. Асылбек Оспанов Азаттық тілшісіне көрсеткен 2015 жылғы медициналық қорытындыда балаға ДЦП-ның ауыр түрімен ауыратыны жайлы диагноз қойылған. Ал биыл толтырылған медициналық құжатта науқастың сырқаты бұрынғыдан біраз жақсарғаны жазылған. Мұны Асылбектің ұлының жағдайын білетін басқа адамдар да растайды.

- Рахаттың екі жыл бұрынғымен салыстырғанда бойын тік ұстай алатыны өз алдына, оның тіпті көзқарасы да өзгерген. Қазір ол кісіге ойлы, ақылды көзбен қарайды. Оның үстіне Рахат төрт қабырғаға қамалып отырған бала емес. Күн жылыда әкесі жеке көлігімен жолаушы тасығанда оны бірге алып жүреді, Рахат қаланы, түрлі адамдарды көреді. Мүгедек бала үшін бұл өте пайдалы, - дейді диагнозы Рахатпен ұқсас кішкентай Досиманның анасы Гүлсаян Ыбырай.

Әйелдің айтуынша, мүгедек баланы күтіп-бағуды толық мойнына алған әкелер сирек, көбінесе ондаймен әйелдер айналысады. Ал кейде олардың арасында күйеуінен қолдау таба алмаған соң салы суға кетіп, науқас баланы үйден шығармай, өзі де депрессияға түсіп қалатындары да кездеседі дейді ол.

Ұлымды атқа мінгізіп, бассейнге апарғым келеді. Бірақ айына алатын алпыс мың теңге жәрдемақыға қарап отырған бізде оған мүмкіндік жоқ.

Асылбек Оспанов Ақтөбеде өз ұлы тәрізді мүгедек балалар мен олардың ата-аналарына арналған оңалту орталығы болса деп армандайды.

- Мысалы, баламды атқа мінгізіп, бассейнге апарғым келеді. Бірақ айына алатын алпыс мың теңге (қазіргі бағаммен 180 доллар) жәрдемақыға қарап отырған бізде оған мүмкіндік жоқ. Егер барлық жағдай жасалған арнайы орталық болса, балаларымызды сонда апарар едік. Тағдырластарыңмен ой бөлісу де кісіге қуат береді, - дейді Асылбек Оспанов.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйлә Бөртебаеваның Азаттыққа айтуынша, қала бойынша қазір екі мыңға тарта мүгедек бала тіркеуде тұр. Әр балаға ай сайын мемлекеттік бюджеттен мүгедектігіне байланысты 32049 теңге жәрдемақы және мүгедек баланы қарайтын ата-анасына әлеуметтік жәрдем ретінде 25682 теңге төленеді. Одан бөлек әр балаға жыл сайын 730 жөргек тегін беріледі.