Халқы көшіп жатқан ауылда жиырма шақты оқушы қалған

Милы ауылының қаңыраған жалғыз көшесі. Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, 22 тамыз 2017 жыл.

Ақтөбе облысындағы Милы орта мектебі жаңа оқу жылынан бастап негізгі мектепке айналмақ. Өйткені шағын ауылда биыл 10 және 11-сыныптарға баратын бала жоқ.

Әйтеке би ауданындағы Милы ауылы тұрғындарының аузында жүрген сөз – ондағы небәрі 26 оқушысы бар орта мектептің биыл негізгі, келер жылы бастауышқа айналатыны туралы әңгіме ғана. Екі кісінің басы қосылса, мектептің жайын айтады. Өйткені отыз шақты түтіні бар ауылда мектеп пен медициналық пунктен өзге ешқандай мекеме жоқ.

«ҮШ-ТӨРТ ЖЫЛДА 20 ШАҚТЫ ҮЙ КӨШТІ»

Милы – облыс орталығы Ақтөбеден 300 километр, аудан орталығы Комсомолдан 170 километр жердегі шалғай ауыл. Күре жолдан қашықтау орналасқан ауылдағы мектепте еңбек етіп жүрген 30 тұрғыннан өзгелердің (оның 17-сі – мұғалім) тұрақты табысы жоқ. Шалғайдағы жұрт мал өсіріп, өз күндерін өздері көріп отыр.

Азаттық тілшісі Милыға барғанда ауыл мектебінің есігінде құлып тұрды. Мектеп іргесінде көмір үюлі жатыр. Ауладағы гүлдерді шелектеп су тасып суарып жүрген әйелдер өздерін «еден жуушылармыз» деп таныстырды. Олардың айтуынша, мектеп басшысы қалаға кеткен.

Мектеп алдындағы гүлдерді суарып жүрген әйелдер.

Мектеп директоры Жаңагүл Шалабаева Азаттық тілшісіне телефонмен берген сұхбатында 1977 жылы салынған Милы мектебінің материалдық базасы мен білім сапасы жақсы, кадрлары жеткілікті екенін айтты.

– Ауылымыздың жағдайы жақсы. Милы мектебінің негізгіге айналуының басты себебі – бала санының аздығы. Ауылымызда соңғы жылдары бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кетті, – деді Жаңагүл Шалабаева.

Ал осы мектепте 1991 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Ұлдай Қайратбаеваның сөзінше, «мақтанатындай дәнеңе де жоқ».

Милыдағы мектеп.

– Соңғы үш-төрт жылдың өзінде Милыдан 20 шақты отбасы көшіп кетті. Жұрт күнкөріс қиындағасын көшіп жатыр. Мұғалімдерде де бұрынғыдай бедел жоқ. Өз басым оқу-тәрбие процессіндегі олқылықтар туралы аудандық білім бөліміне сан мәрте айттым. «Арызқой Ұлдай» атанғаным болмаса, осы кезге дейін менің сөзіме құлақ асқан ешкім болмады, – дейді мұғалім.

Аты-жөнін атағысы келмеген тағы бір тұрғын жұрттың көшіп жатқаны рас екенін айтты.

– Келер жылы ауыл мектебі бастауыш болса, жұрт үдере көшетін болар. Осы көшенің бас жағындағы үш үй буынып-түйініп отыр. Мына бір үйді иесі 150 мың теңгеге беріп кетті. Ана бір үй әлі өтпей тұр, – деді ол терезесіне қаңылтыр қағып тастаған шеткі үйді иегімен нұсқап.

ОБЛЫСТА 27 МЕКТЕП ҚАЙТА ҚҰРЫЛАДЫ, ЕКЕУІ ЖАБЫЛАДЫ

Әйтеке би аудандық білім бөлімінің бас маманы Қаныш Жарымбетовтің айтуынша, Милы мектебі келер жылы бастауыш мектепке айналуы әбден мүмкін. Өйткені негізгі мектеп болуы үшін бала саны 41-ден кем болмауы тиіс.

Милыдағы құлап жатқан қараусыз үй.

– Милы секілді шалғай ауылдардан жыл сайын жүздеген бала көшіп кетіп жатыр. Бала санының азаюының негізгі себебі – ішкі миграция. Жұрт аудан орталығы Комсомолға, тоғыз жолдың торабындағы Қарабұтақ ауылына, реті келсе облыстың орталығы Ақтөбеге қоныстануға тырысады. Әйтеке би ауданында бала саны тым аз жеті мектеп бар. Оның алтауы – бұрын өз алдына дербес аудан болған кезде Қарабұтаққа қараған ауылдар, – дейді Қаныш Жарымбетов.

Әйтеке би аудандық білім бөлімінің дерегінше, Милы орта мектебін соңғы кездері жылына бес-алты бала ғана бітірген, ал биыл Милыда 10--11-сыныпқа баратын бала жоқ.

Аудандағы Жарөткел, Мамыт мектептерін де Милы мектебі сияқты оңтайландыру күтіп тұр. Өйткені қазір Жарөткелдегі мектепте 38 бала, Мамытта 28 оқушы бар. Аудандық білім бөлімінің бас маманы оптимизация туралы мектеп басшылары мен ата-аналарға алдын ала ескерткендерін айтады.

Егер интернат салынса, біраз мәселе шешілер еді. Интернат ашылған жағдайда алыс ауылдардағы жабылып қалған мектептердің мұғалімдерін сонда жұмысқа алар едік.

– Бұрын аудан орталығы болған Қарабұтақ ауылына интернат салу керек деген мәселені екі-үш жылдан бері көтеріп келеміз. Егер интернат салынса, біраз мәселе шешілер еді. Интернат ашылған жағдайда алыс ауылдардағы жабылып қалған мектептердің мұғалімдерін сонда жұмысқа алар едік, – дейді Қаныш Жарымбетов.

Ал облыстық білім департаментінің айтуынша, Қарабұтақтан интернат салуға сұраныс берілмеген. «Жергілікті атқарушы органдар мәслихат сессиясында қандайда бір нысанды салуға бюджеттік тапсырыс беруі керек. Соңғы сессияларда мұндай мәселе көтерілмеген» деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім департаментінің баспасөз қызметі. Департамент дерегінше, облыс аумағында қазір жеті мектеп-интернат салынып жатыр. Осы интернаттардың құрылысы аяқталысымен 2018-2020 жылдар аралығында 29 шағын жинақталған мектеп оңтайланады. Яғни 27 мектепті қайта құру жоспарланып отыр, ал екі мектеп жабылады.