Әлихан Бөкейхан сыйлығы түрмедегі ғалымға да берілді

Тарихшы Мәмбет Қойгелді Алашордаға байланысты конференцияда сөйлеп тұр. Алматы, 13 желтоқсан 2011.

Алматыда Әлихан Бөкейханның туғанына 145 жыл толуына орай «Алаш жолы – Азаттық жолы» атты конференция өтіп, 20 адамға сыйлық тапсырылды. Олардың арасында қазір түрмеде отырған ғалым Саят Ыбырай да бар.

«Бүгін – Алашорда ұлттық территориялық автономиясының құрылған күн. 1917 жылы 5-12 желтоқсан аралығында Орынборда II жалпықазақ съезі өтіп, оған сол кездегі Қазақстанның әр аймағынан ұзын саны 300-ге тарта делегат қатысып, күн тәртібіне автономия мәселесін қойып, ақыры тұңғыш рет жаңа заманауи тұрпаттағы Алаш автономиясы өмірге келген еді. Бұл – Алаш үшін аяулы, асқақ күн!» дейді желтоқсанның 13-і күнгі жиынды ұйымдастырушылар.

АЛАШ ЖӘНЕ АЛАШОРДА

Жиын «Алаштың он екінші желтоқсаны» атты деректі фильммен басталып, Алашорда ұлттық территориялық автономиясының құрылу тарихы айтылды.

Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді Алаш қозғалысының 20-ғасыр басындағы тың леп әкелген жаңа сипаттағы интеллектуалдық қозғалыс болғанын айтып, Әлихан Бөкейханның осы қозғалыста атқарған ролін сөз етті.

– Біз үшін Алаш қозғалысы – Үндістанның ұлттық конгресі сияқты. Әлихан Бөкейханов – сол конгрестің көсемі. Егер Махатма Гандидің

Конференцияға қатысушылар. Алматы, 13 желтоқсан 2011 жыл.

конгресте ролі қандай болса, Әлихан Бөкейхановтың да Алаш қозғалысында ролі сондай, – деді Мәмбет Қойгелді.

Жиын соңында Abai.kz ақпараттық порталы әр түрлі салада жүрген 20 азаматқа Әлихан Бөкейхан атындағы тәуелсіз қоғамдық сыйлықтың «Алаш» төсбелгісін тапсырды.

Бұл сыйлықты алушылар қатарында Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Міржақыпқызы, Тоқтар Әубәкіров, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Ораз Жандосов және т.б. азаматтар бар.

Азаттық радиосының қызметкері, әлихантанушы, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлы да осы марапатқа ие болды. Ол - Алаш мұрасын, Әлихан шығармаларын көптен бері зерттеп жүрген, бірнеше жылдық ғылыми-зерттеушілік ізденістері барысында Әлихан Бөкейханның қазақ және орыс тіліндегі 7 томдық толық жинағын құрастырған ғалым.

ТҮРМЕДЕГІ ҒАЛЫМ

«Алаш» төсбелгісімен «Сопылар ісі» бойынша 12 жылға сотталған ғалым, техника ғылымының докторы, профессор Саят Ыбырай да марапатталды. Саят Ыбырайдың сыйлығы ғалымның отбасына тапсырылды.

Ғалымның адвокаты Абзал Құспановтың айтуынша, қазіргі кезде

Саят Ыбырай сот үкімін тыңдап отыр. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.

адвокаттар бұл іске байланысты сот үкімін қайта қарау жөнінде шағымды Алматы қалалық сотының кассациялық алқасына беріп қойған.

– Әзірге кассациялық алқа істі қараған жоқ. Бұл іске әлі нүкте қойылған жоқ, тек үтір қойылды. Неге? Өйткені қылмыстық іс бойынша шығарылған сот үкімі күшіне енген жоқ. Қылмыстық кодекс талаптарына сәйкес, бір ай ішінде қаралуы тиіс еді. Енді екі ай болып бара жатыр. Әлі қаралмай жатыр, – деді адвокат Абзал Құспанов желтоқсанның 13-і күні.

Оның айтуынша, сотталған азаматтар қазір Алматы қаласындағы тергеу абақтысында.

Аталған жиында бір жылдан аса уақыттан бері қамауда отырған Саят Ыбырайдың түрмеде кітап жазғаны, оның таяуда жарыққа шығатыны туралы да айтылды.