Эконом-класс баспана салу жобасы дағдарысқа ұшырады

«АльБаракат Компани» бас директоры Бақытжан Тойымбетовтің салынып бітпеген "Прага" тұрғын үй кешені жанында түскен суреті. Астана, 12 тамыз 2015 жыл.

Астананың 200-ге жуық тұрғыны қазір бас директоры қамауда отырған «АльБаракат Компанидің» әрекетінен зардап шектік деп санайды. Олар күн сайын компания кеңсесіне келіп, ақшаларын қайтарып беруді талап етіп жүр.

«ПИРАМИДАНЫ ТОҚТАТҚЫМЫЗ КЕЛЕДІ»

Ілияс Байрамов «АльБаракат Компани» инвестициялық-құрылыс компаниясына үшінші мәрте келіп тұр. Биыл мамырда ол құрылыс компаниясы есеп-шотына екі миллион теңге аударған. Бұл ақша - Астананың сол жағалауындағы бір бөлмелі болашақ пәтері құнының 30 пайызы. Бірақ үйдің құрылысы биыл сол күйі басталмаған.

Үлескер Сәлима Байдәулетова «АльБаракат Компани» кеңсесі алдында тұр. Астана, 22 қазан 2015 жыл.

- Директордың тұтқындалғанын жуырда теледидардан көріп қалдым. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенінде шаруам жоқ. Жалғыз білетінім, әлгі компанияның қолында құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжат болмаған. Ал құжатты не себепті алмағанын білмеймін. Енді өз ақшамды қайтарып алуым керек, - дейді Ілияс Байрамов.

Компанияның тағы бір инвесторы (үлескері), Астана тұрғыны Сәлима Байдәулетова бір бөлмелі пәтерінің құрылысы басталады деп бір жыл күткенін айтады

- Біз былтыр ақпанда келісім-шартқа отырып, содан бері үміт етіп, күтіп келдік. Оларды теледидардан көрсетып, «алаяқтар» деп атай бастаған соң келісім-шартты бұздық. Енді ақшамды толық қайтарып ала алмай жүрмін. Жарым-жартылай қайтарды, оның өзінде ұрыс-керіспен, мұнда жұмысқа келгендей күнде келіп, жанжал шығарған соң ғана қайтарды. Енді алатын 520 мың теңгем қалған, бірақ оны қайтаратын түрлері көрінбейді. Ол - келісім-шартқа отырған кезде төлеген 1 миллион 700 мың теңгенің бір бөлігі, - дейді Сәлима Байдәулетова.

Екі инвестордың айтуынша, олар компанияның «әуелі пәтер құнының 30 пайызын төлеңдер, ал қалған ақшаны кейін - үйді пайдалануға беріп, пәтер кілтін алғаннан кейін 5-7 жылға бөліп төлейсіңдер деген ұсынысына алданып қалған».

Биыл сәуірде «АльБаракат Компани» инвесторларының бір бөлігі құрылысты жүргізуді талап ету үшін «Жайлау» кешенімен аттас тұрғын үй-құрылыс кооперативін құрған. Кооператив төрайымы әрі үлескер Гүлнәр Мермұқанованың айтуынша, «АльБаракат Компани» қожайыны Астанада әлі салынбаған тұрғын үй кешендерінің пәтерлерін сатқан үлестес 10 компания ашқан.

«АльБаракат Компани» "Құрылтай" тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған құрылыс алаңы. Астана, 12 тамыз 2015 жыл.

- Биылғы тамыз айына дейін күттік. Жұрттың көбі «небәрі бір жыл ғана күттіңдер ғой, келісім-шарт бойынша үйлерің 2016 жылы пайдалануға берілуі тиіс» дейді. Бірақ қылмыстық іс қозғалды әрі оның немен аяқталатыны әлі белгісіз. Компания есеп-шотында ақша жоқ, бұл жайт та күдігімізді ұлғайтып отыр. «Прага» тұрғын үй кешені құрылысын наурызда бітіреміз деген – бітірген жоқ. Alma Village кешенін мамырда тапсыру жоспарланған, бірақ әлі бос жатқан әлгі жерде жылқы жайылып жүр. Тамызда пайдалануға беріледі деген «Құрылтай» кешенінің орны да бос жатыр. Үйлердің салынбайтынына көзіміз жете бастады. Біз мына құрылыс пирамидасын тоқтатқымыз келеді, - дейді Гүлнәр Мермұқанова.

Ол тұрғын үй-құрылыс кооперативі жергілікті билікпен жұмыс істеп, құзырлы мекемелердің бәріне жүгініп, жұрттың ақшасын кері қайтарып беруді талап етіп жатқанын айтады. Инвесторлар «құрылыс басталатынына сенімді болу үшін ақшамызды арнайы есеп-шотқа аударыңдар» деген де амал ұсынған.

«ҰЛЫМ ЖҰРТҚА КӨМЕКТЕСКІСІ КЕЛДІ»

Компания кеңсесіне келген инвесторларды қамаудағы бас директор Бақытжан Тойымбетовтің анасы Гүлсім Әлиева қарсы алды. Оның айтуынша, ақшасын қайтаруды талап еткен бірен-саран адам болмаса, үлескерлердің көбі «жағдайды» түсінген.

Астананың орталық ауданы – жергілікті «Бәйтерек» монументінен бірер қадам жерде орналасқан кеңсе қазір бос тұр. Ішке қоңырау соғып қана кіруге болады. Гүлсім Әлиеваның айтуынша, қызметкерлердің көбі жұмыстан шығарылып, қазір заңгер мен бухгалтер ғана қалған. Оның айтуынша, компания меншігі саналатын бұл кеңсе «инвесторларға қолайлы болу үшін» сатып алынған.

«АльБаракат Компани» кеңсесінде ілініп тұрған "Прага" тұрғын үй кешенінің макеті. Астана, 12 тамыз 2015 жыл.

- Балам «мұның бәрі қарапайым халықтың қамы» деп әу бастан айтқан. Жұрттың ипотекаға немесе шаршы метрі екі-үш мың доллар тұратын қымбат пәтерді сатып алуға шамасы келмейді ғой. Ұлымның өзінде де жеке пәтері жоқ, баспананы жалдап тұрады, - дейді Гүлсім Әлиева.

Биыл 8 қазанда Астананың Сарыарқа аудындық соты тергеу амалдары аяқталғанша Бақытжан Тойымбетовті екі айға тұтқындау туралы қаулы шығарған. Оның адвокаты Шыңғыс Сейфолла клиентінің үстінен қылмыстық іс бір жыл бұрын қозғалғанын, бірақ тергеу органдары Бақытжан Тойымбетов қашып кетуі немесе тергеу амалдарына кедергі келтіруі мүмкін деген қауіппен оны Астананың тергеу абақтысына қамауды ұйғарғанын айтады.

«АльБаракат Компанидің» бас директоры қылмыстық кодекстің үш бабы - «бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін ысырап ету», «алаяқтық» және «заңсыз кәсіпкерлік» баптары бойынша айыпталады.

«АЛЬБАРАКАТ» ЖОСПАРЫ

«АльБаракат Компанидің» бас директоры Бақытжан Тойымбетов биыл тамызда Азаттыққа өзінің инвестиция-құрылыс компаниясы адал жұмыс істейтінін айтып, «эконом-класс санатындағы арзан баспана салуына мүмкіндік бермей отырған» жергілікті билікпен екі жылдан бері тартысып келе жатқанын айтқан. Тойымбетов «бюрократия мен коррупцияның кесірінен жұмысымыз жүрмей жатыр» деп шағынған әрі әлдебір тұлғалардың миллиондаған пара сұрады деп мәлімдеген.

«Прага» кешенінің салынып бітпеген бір үйі. Астана, 12 тамыз 2015 жыл.

«АльБаракат Компани» бағдарламасына сәйкес, инвестор әуелі пәтер құнының 25 пайызы көлемінде жарна төлейді, ал қалған ақшаны бес жылға бөліп әрі пайызсыз төлейді. Тойымбетов Астана тұрғындарына тұрғынүй кешендеріндегі пәтерлерді шаршы метрі 800 доллардан сатып алуды ұсынған. Ол «бұл әрекетім бәсекелестерімнің компанияға қарсы үлкен ақпараттық соғыс жариялауына түрткі болып, фирманың нарықтағы беделіне нұқсан келді, ал инвесторлардың бір бөлігі ақшасын қайтарып беруді талап етті» деп мәлімдейді.

Бақытжан Тойымбетовтің пікірінше, оның арзан баға саясатын ұстанған компаниясына шаршы метр бағасын арзандатқысы келмейтін ірі құрылыс компаниялары жауығып алған, ал олардың мүддесін әлдебір билік өкілдері қорғайды.

Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығына сілтеме жасаған Астана әкімдігі «АльБаракат Компани» компаниясы үлестік құрылыс жүргізуге берілетін рұқсат құжаттарынсыз кейбір құрылыс нысандарын салу үшін үлескерлермен келісім-шартқа отырғанын айтады.Ол кезде Тойымбетов тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарған. Адвокатының айтуынша, оның қазіргі позициясы белгісіз.

ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯ

Тамыз айында Азаттық «АльБаракат Компаниге» қатысты жағдайға түсініктеме беруді сұрап, Астана әкімдігіне ресми сауал жолдаған. Бірақ ведомствоның баспасөз қызметіне сан мәрте хабарласып жүріп, жауапты қазан айында ғана алды.

Астананың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы башысы Төлеген Құлышевтің қолы қойылған жауапта «АльБаракат Компани» төрт тұрғын үй кешенінде - «Прага», «Шарджа», «Токио» және «Тенгиз» кешендеріндегі пәтерлерді сатқаны жазылған. Әкімдіктің хабарлауынша, «Прага» кешенінің екі блогының үш қабаты тұрғызылып, қазір «құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр».

«АльБаракат Компани» компаниясының бос тұрған кеңсесі. Астана, 22 қазан 2015 жыл.

Әкімдік хатында «Жұмыс жобасы, жоба сараптамасы, құрылыс жүргізуге рұқсат құжаты, үлескерлердің ақшасын жинауға лицензиясы және жер теліміне меншік құқығын растайтын құжат сияқты құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттар мүлде жоқ болғандықтан ,«Шарджа», «Токио» и «Тенгиз» тұрғын үй кешендерінің құрылысы әлі басталмаған» деп жазылған.

Хатта бұдан бөлек, пәтерлерді сату фактілері Астана әкімдігінде - үлескерлер мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссияда талай мәрте қаралып,«АльБаракат Компаниге» пайдалануға берілмеген баспананы сатуды доғаруға кеңес берілгені хабарланада.

Ведомстворалық комиссия мүшелері былтыр тамызда полицияға арыз түсіргеннен кейін Бақытжан Тойымбетовтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейінірек тексеру жүргізу үшін Астана қаласының мемлекеттік кіріс департаментіне жолданған.