«Желтоқсан қаһарманы» туралы фильм таныстырылды

1986 жылы желтоқсанда Алматыда коммунистік билік шешіміне наразылық танытып алаңға шыққан қазақ жастарының бірі Қайрат Рысқұлбеков.

Қайрат Рысқұлбеков жайлы тұңғыш деректі фильмді көргендердің бірі кейіпкердің тағдырына әсер еткен саяси контексті көре алмағанын айтады, екіншісі керісінше, образ жақсы ашылған деп санайды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі ретінде 20 жылға сотталып, кейін түрмеде қаза тапқан Қайрат Рысқұлбеков жайлы фильмнің премьерасы тәуелсіздік күні қарсаңында өтті.

Алматыдағы «Арман» кинотеатрында желтоқсанның 13-і күні таңғы сағат 10-да басталған, ұзақтығы 40 минуттық көрсетілімге жиналған жұрт залды толтырды.

«ЖАСТАРҒА ЛАЙЫҚТАДЫҚ»

Азаттық тілшісі премьераның алдында деректі фильмнің режиссері, 23 жастағы Атлан Бұлыбаймен сұхбаттасқан еді. Оның айтуынша, деректі фильмді түсіруге шамамен екі айдай ғана уақыт кеткен.

Қайрат Рысқұлбековтың рөлін сомдаған Дидар Құралбек (сол жақ шетте) мен режиссер Атлан Бұлыбай (оң жақ шетте) фильмнің премьерасында. Алматы, 13 желтоқсан 2013 жыл.

– Фильмді жастар аудиториясына арнап түсірдік. Идеясы қазақ жастарына өткен тарихты таныстыру болды, – деді Атлан Бұлыбай Азаттық тілшісіне.

Деректі фильм хронологиялық ретпен Қайрат Рысқұлбековтің туған жері Жамбыл облысына қарасты Бірлік ауылындағы әлеуметтік ортасын сипаттаудан басталады. Көзі тірі мектеп мұғалімдері Қайратты «тәртіпті, алғыр оқушы еді» деп еске алады.

Одан кейін кейіпкердің Алматыға келіп жоғары оқу орнына түскені, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан соң «кісі өлтірді» деген айыппен сотталғаны тізбектеле баяндалады. Фильмнің соңында Қайрат Рысқұлбековтің сотта соңғы сөзі ретінде оқыған:

«Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар!» деген өлеңі келтіріледі.

Рысқұлбековке қатысты архив материалдарының тапшылығына байланысты фильмдегі басты кейіпкердің бейнесін Жүргенов атындағы өнер академиясының 4 курс студенті Дидар Құралбек сомдаған.

– Қайраттың сол кездегі ерлігі мен үшін үлгі. Өмір жолымен бұрын да таныс болғанмын. Актер ретінде сол кезеңге қайта оралу қиындық тудырған жоқ, – дейді ол.

КӨРЕРМЕНДЕР ПІКІРІ

Фильмнің бірінші бөлімінен соң техникалық ақауға байланысты жарты сағатқа жуық үзіліс жарияланды. Осы кезде көрерменнің біразы тарап та кетті. Залдан шығып бара жатқан жазушы Дулат Исабектің пікірінше, «фильм Қайраттың қаһармандық бейнесін толық аша алмаған».

Қайрат Рысқұлбеков туралы деректі фильмнің көрсетіліміне келген жазушы Дулат Исабеков. Алматы, 13 желтоқсан 2013 жыл.

– Фильм саяси жағын баса көрсететін шығар деп едім. Қайраттың әрекетінің саяси мәнін аша алмай, тұрмыстық-әлеуметтік деңгейде қалған сияқты. Оның өмірбаянын онсыз да газеттен оқып аламыз ғой, – деді жазушы Дулат Исабеков.

Жазушы «әлі күнге дейін Желтоқсан оқиғасын ұмыттыруға деген талпыныс, оған мән бермеушілік бар» дей келе, оның себебін «халық тағы да көтеріліп кете ме» деген билік қаупінен көреді.

Деректі фильмді тамашалауға келген жастың бірі – студент Асқар Хамиденовке фильм ұнаған. Оның айтуынша, «фильмнің ұсақ-түйек кемшілігіне көз жұма қарауға болады, себебі Қайрат туралы фильм тұңғыш рет түсіріліп отыр».

– Фильм өте әсерлі шыққан. Кішкене ізденіс пен режиссерлік шеберлік жетіспегендей болды. Жастарға осындай тұлғаларымыз жайлы деректі шығармаларды жиі көрсетсе, өте орынды болар еді. Көрермен ретінде «өте жақсы» деген баға беремін, – деді Асқар Хамиденов.

Премьераны бастан-аяқ көріп шыққандардың енді бірі – «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратовқа да фильм ерекше әсер еткен.

– Кәсіби киносыншы емеспін, бірақ Қайрат образы жақсы ашылған сияқты, – дейді ол.

Семейдегі Қайрат Рысқұлбековтың зиратына қойылған құлпытас.

Режиссер Атлан Бұлытайдың айтуынша, «Алматы» телеарнасы бұл деректі фильмді көрермен назарына желтоқсанның 16-сы күні ұсынбақ.

Қайрат Рысқұлбеков – 1986 жылғы желтоқсан айының 16-18 күндері Алматы қаласында болған мыңдаған студент және жұмысшы жастардың толқуына қатысушылардың бірі. Кремльдің кадрлық саясатына ашық қарсылық білдіру акциясы ретінде есте қалған толқу арнайы әскердің күшімен жаншылған. КГБ-ның жазалауы мен қуғындауына ұшыраған жүзге тарта қазақ жастары сотталып, жүздеген адам әкімшілік жазаға тартылған.

Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі ретінде сотталған Қайрат Рысқұлбековке әуелі ең ауыр жаза – өлім жазасы кесіліп, кейін ол 20 жылдық түрме жазасына ауыстырылған. Қайрат Рысқұлбеков 1988 жылдың мамыр айында жазасын өтейтін қамау орны ретінде бекітілген түрмеге жетпей, жол-жөнекей Семей қаласының абақтысында 22 жасында құпия жағдайда қайтыс болды.