Үкімді естіген сотталушы денесін тілгілеп тастады

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Алматы облысы Ескелді ауданының тұрғыны Бақберген Есенаманов. 9 қыркүйек 2015 жыл.

Алматы облысы Ескелді ауданының үкім жарияланғаннан кейін денесін кескілеп тастаған тұрғынының денсаулығына төнген қатер жоғы хабарланды. Жуырда оны тергеу абақтысына ауыстырмақ.

«Есірткі сақтады әрі таратты» деп айыпталған 32 жастағы Бақберген Есенаманов қазанның 9-ы күні Алматы облысы Ескелді аудандық сотында үкім жарияланғаннан кейін ұстара тәрізді өткір затпен денесін тіліп тастады.

СОТТАЛУШЫНЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Бақберген Есенаманов соңғы сөзінде: «Есірткісі бар сіріңке қорабын қалтама Алматы облысы ішкі істер департаментіне қарасты ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қызметкерлері салып жіберді. Ал кейін қылмыстық істі жабу үшін 10 мың доллар сұрады» деп мәлімдеген. Сотталушы егер сот айыптау үкімін шығарса, өз-өзіне қол салатынын мәлімдеген.

– Есірткіні менің қалтама ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қызметкерлері салғаны, кейін ақша бопсалағаны жұрттың бәріне аян. Мұны сіз де, прокурор да біліп отырсыздар. Бұл – шектен шыққан бассыздық. Өз-өзіме қол салып өлгім келеді. Егер мен өмірімді қисам, өзгелердің қалтасына есірткі салып жіберуді қоятын шығар, – дейді Бақберген Есенаманов.

Судья Бақытжан Ниязов шығарған үкімге сәйкес Есенаманов айыпты деп танылып, үш жылға сотталды әрі жазасын тәртібі қатал колонияда өтейтін болды.

Үкім шыққаннан кейінгі наразылық. Алматы облысы, 9 қыркүйек 2015 жыл.

Судья үкімді оқып бола берген сәтте сотталушы Бақберген Есенаманов айғайлап, қолындағы өткір затпен маңдайын, іші мен қолын кескілей бастады. Зал азан-қазан болып кетті. Сотталушының туыстары орындарынан атып тұрып, судьямен жанжалдаса бастады. Көп ұзамай жедел жәрдем көлігі келіп, жаралы азаматты аудандық ауруханаға алып кетті. Қазір ол хирургия бөлімшесінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, сотталушының денсаулығына төнген қауіп жоқ, сондықтан көп ұзамай оны тергеу абақтысына ауыстырады.

СОТ ҒИМАРАТЫ ЖАНЫНДАҒЫ АКЦИЯ

Сот тыңдауы өтіп жатқан кезде Бақберген Есенамановты қолдауға жиналған бір топ адам Ескелді аудандық соты жанында наразылық акциясын ұйымдастырды. Жұрт «дәлел-айғақтарды бұрмалаумен айналысады» деген айыппен полицейлерді жауапқа тартуды талап етті.

– Әлгі қорапшаға сіңген тер мен май іздерін анықтау үшін кейін сот-биологиялық сараптама өткізілді. Онда клиентімнің ешқандай таңбасы жоқ, – дейді сотталушының адвокаты Мира Досанова.

Сот ғимараты сыртындағы наразылық. Алматы облысы, 9 қыркүйек 2015 жыл.

Мемлекеттік айыптаушы, Ескелді аудандық прокуроры орынбасары Айдар Шабдаров «бұл наразылық акциясы емес, сотты қорқытып-үркітудің амалы және журналистер үшін ұйымдастырылған фотосессия» дейді.

– Тергеу амалдары процессуалдық заң аясында жүргізілді, біз ешқандай заң бұзушылықты таппадық. Есенаманов – бұрын сотталған адам, оның ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі екенін жұрттың бәрі біледі. Туыстарының да, өзінің де мына әрекеті – жұртқа көз қылудың амалы, – дейді прокурор Айдар Шабдаров.

Сот қызметкерлері Есенамановтың туыстары мен жақындарының пикетіне қатысты комментарий беруден бас тартты.