Лицензиясынан айырылған 11 колледжде сабақ өтіп жатыр

Медициналық колледж студенттері. (Көрнекі сурет)

Бостандық ауданы прокуратурасы тексерген Алматы қаласындағы 11 колледждің қызметі тоқтатылды. Олардың басшылығына заң бұзушылықты жою үшін жарты жыл уақыт берілді.
«Қайнар» колледжінің құқықтану факультетінің бірінші курс студенті Олжас Иген «колледж жұмысы тоқтайды екен» деген жаңалықты естіп мазасы қашқан, бірақ кейін сабақ жалғасатынын естіген.

– Курстастарымның бәрі дүрлігіп кетті. Бірақ басшылық бізді тыныштандырып қойды, қазір сабақ оқып жатырмыз. Мұндай кемшіліктер шыққаны ұнамайды, әрине. Бірақ оларды түзетеді, оқуға кесірі тимейді деп ойлаймын, - дейді Олжас Иген.

БІЛІМ БЕРУ НОРМАЛАРЫ

Қараша айының аяғында Бостандық аудандық прокуратурасы 11 колледжде білім туралы, мемлекеттік сатып алулар мен лицензиялау туралы заңдардың өрескел бұзылғаны анықталғанын мәлімдеді. Колледждердегі оқу кабинеттері нормаға сай емес деп танылып, білім беру нормалары өрескел бұзылғаны хабарланды.

– Қаладағы 11 колледжде жоғарыда аталған заң бұзушылықтардан басқа, әдебиеттер, оқу-зертханалық құрал-жабдықтар және оқытудың техникалық құралдары жетіспейді. Оқу орындары практикадан өту базасы ретінде белгіленген ұйым-мекемелермен келісім-шартқа отырмаған, кабинеттерді кешенді қамтудың паспорты жоқ болып шықты. Колледждерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен өрт қауіпсіздігі заңы да бұзылғаны анықталды, - дейді Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмақанов Азаттық тілшісіне.

Алматын қаласы Бостандық ауданы прокуроры Бауыржан Жұмақанов.

Прокуратураның мәлімдеуінше, «Қайнар», «Тұран», Дінмұхамед Қонаев атындағы университет колледжі, «Эмили», «Интердент», ҚРМУ(Қазақстан-Ресей медициналық университетінің колледжі), «Мариям» медициналық колледждерінің, Информатика және экономика колледжі, Банк ісі академиясы, Алматы бағалау және құрылыс колледжі, Есеп және құқық колледждерінің барлық лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Анықталған заң бұзушылықтар жойылғанға дейін жоғарыда аталған колледждердің бәрі білім беру лицензиясынан айырылды.

ОЛҚЫЛЫҚТАР МЕН АЙЫППҰЛДАР

«Эмили» медициналық колледжі басшылығы тексеру барысына риза емес. Колледж директоры Галина Бисенованың айтуынша, Алматы қаласы білім беру сапасын бақылау департаменті қайта тексеру жүргізген соң көрсетілген барлық олқылықтар жойылған.

– Бізге білім министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігінің тексерулері де жетеді. Тексеру барысында прокуратураның өзі де көп қателік жіберді, - дейді колледж директоры Бисенова Азаттық тілшісіне.

Банк ісі академиясы директорының оқу бөлімі жөніндегі орынбасары Асқарбек Керлікбаевтың айтуынша, қазір оқу мекемесі жұмыс істеп тұр, ал басшылық «колледж жабылсын» деген нұсқау алмаған.

«Қайнар» колледжінің директоры Мейірім Еркінбекова. Алматы, 4 желтоқсан 2013 жыл.

«Қайнар» колледжі директоры Мейірім Еркінбекованың айтуынша, Алматы қаласы Бостандық аудандық прокуратурасы колледж жұмысынан төрт кемшілік тапқан. Колледжге 225 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

– Ақпарат құралдарында «11 колледж жабылды» деп жазып жатыр. Бірақ олай емес: бұл колледждердің жұмысы уақытша ғана тоқтатылды. Бәрін лицензиясынан айырып, алты айға дейін мерзім берді. Осы уақыт ішінде барлық олқылықтарды түзетеміз деп үміттенемін, - дейді Мейірім Еркінбекова Азаттық тілшісіне.

Алматы қаласы Бостандық аудандық прокуратурасы жоғарыда аталған колледждерді лицензиясынан уақытша айырып, жалпы көлемі 27 миллион теңге айыппұл салды.