Алматының шетіндегі 70-разъезд маңындағы Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша СИ-8 тергеу изоляторында (ЛА-155/18 мекемесі) 26 жастағы Руслан Күлекбаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасты. «Алматыда 18 шілдеде қарулы шабуыл жасады» деп айыпталған азаматтың сотын Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ербол Болатов жүргізді.
Сотқа келген ақпарат құралдары процесті бөлек бөлмедегі монитор арқылы бақылады. Дауысы бәсеңдетілген монитордан сот отырысындағы сөздер бірде естіліп, бірде естілмеді. «Дауысы мұнан артық шықпайды» деген сот қызметкерлері тілшілерді монитор бөлмесінен жібермеуге тырысты.
КҮЛЕКБАЕВТЫҢ КҮЛКІСІ
Судья Ербол Болатов соттың үшінші отырысын жәбірленушілердің алыстан келген туыстарының пікірін тыңдаудан бастады. Оның ішінде «Күлекбаев ісін» тергеу кезінде ашылған бұрынғы қылмыстық іс бойынша сыбайластар ретінде әкелініп, бөлек торда отырған бес күдіктінің (Роберт Лю, Жасұлан Сапарбеков, Дәурен Әсембекұлы, Ербол Құсайынов пен Нұрсұлтан Әбдімомын) «қылмысына» куәгер болып келгендер де бар. Осыған байланысты судьяның өзі де күдіктілерге бірнеше сауал қойып, жауап алған.
Судья жеке қамалып отырған Руслан Күлекбаевқа да сұрақ қойды. Бірақ судьяның сұрағына Руслан Күлекбаев орнынан тұрмай жауап берді. Осыған байланысты судья Ербол Болатов оған алдыңғы сот отырысына денсаулығына байланысты отырып жауап беруге мүмкіндік берілгенін, бұл жолы қылмыстық процессуалдық кодекстің 346-бабына сәйкес түрегеп жауап беріп, сот тәртібіне бағынуы тиіс екенін ескертті.
Руслан Күлекбаев судьяның «бірінші қатардың сол жағына отырыңыз» деген сөзін де тыңдамай, артқы орындыққа отырған. Осыдан соң судья Ербол Болатов Руслан Күлекбаевты сот залынан әкетуді бұйырды. Бірақ арада бір сағаттай уақыт өткенде судья Күлекбаевты сот залына қайта шақыруға мәжбүр болды.
Руслан Күлекбаевтың адвокаты оны «бұрынғы қылмыстық істеріне» байланысты куәлікке келгендерге көрсетіп, таныған-танымағанын сұрауды өтінген еді. Сот залына жарты сағат шамасында әкелінген Күлекбаевтың еркін, жымиып отырғаны байқалды.
Судья Ербол Болатов Руслан Күлекбаевтың осыған дейінгі сот отырыстарында да бірнеше рет сот тәртібін бұзғанын хабарлады, бірақ әрі қарай сотқа қатысуына рұқсат етті.
«ҚАРСЫЛАСУҒА ШАМАСЫ КЕЛМЕГЕНДЕЙ КӨРІНДІ»
Бүгінгі сотта жауап берген куәгерлердің арасында Руслан Күлекбаевтың әрекетін көзбен көрген делінген адамдар да болды. Олардың бірі – Алматы қалалық мамандандырылған күзет басқармасының қызметкері, Руслан Күлекбаевты тұтқындаған Нұрсұлтан Қартбаев.
– Сағат 11-ден өте бейтаныс адамдар кезекшілікте отырған бізге келіп, «сыртта біреулер қарумен жүр» деген соң дереу шықтық. Старшина Аян Ғалиев «кезекші бөлімге баянда» деген соң кері қайттым. Сол кезде атыс болды. Қайта жүгіріп шыққанымда старшина Аян Ғалиев жерде жатты, Руслан Күлекбаев жанында тізерлеп отырды. Оны құлатып, қолына кісен салдым. Жанында екі тапанша жатты, – деді Нұрсұлтан Қартбаев.
Нұрсұлтан Қартбаев Руслан Күлекбаевпен атысып қаза болған серігі Аян Ғалиевтің ерлігі ерекше болды деп сипаттады.
Сот үзілісі кезінде Азаттық тілшісімен сөйлескен Нұрсұлтан Қартбаев «жаралы Руслан Күлекбаевты қолға түсіру қиын болмағанын, оның қарсылық көрсетуге шамасы да келмегендей көрінгенін» айтты.
Тағы бір куәгер, Алматы әкімдігінің шаруашылық басқармасында жүргізуші болып істейтін Нұрғасыр Дәуітқұлов Абылай хан даңғылының бойында жол полициясының көлігі тұрғанын, жанында полицей жатқанын көргенін айтты.
– Біраз машина тоқтамай өтіп кетті, жаралы полицейге ешкім бармады. Машина басып кетер деп тоқтап, жедел жәрдем шақырдық. Бірақ жедел жәрдем келмей тұрып жаралы полицияны ауруханаға алып кеттім, – дейді ол.
Оқиғаны көрген бірнеше куәгер Руслан Күлекбаев қаруды кәсіби орган қызметкері секілді сенімді ұстап жүргенін сипаттаса, кейбірі кино түсіріп жатыр деп ойлағанын айтты.
«КҮЛЕКБАЕВТЫҢ ШАҒЫМЫ ЖОҚ»
Руслан Күлекбаевтың адвокаты Ғабит Құсайыновтың сөзінше, сот процесінде қандай да бір заң бұзушылықтар болмаған.
– Руслан Күлекбаевтың сот процесіне шағымы жоқ. Қылмысын мойындап отыр. Маған операциядан кейін жүріп-тұруы қиындағанын айтқан, сол себепті отырып сөйлеуге рұқсат сұрағаны рас, – деді ол.
Ғабит Құсайыновтың айтуынша, сот залында Руслан Күлекбаевтан бөлек отырған бес күдіктінің Алматыда биыл шілдеде болған оқиғаға қатысты іске тікелей байланысы жоқ.
– Руслан Күлекбаевтың ісін тергеу барысында оның 2015 жылы жасаған тағы бір қылмысы ашылған. Сот залына әкелінген күдіктілер сол іс бойынша жауап береді, – дейді адвокат.
Бес күдіктіге – Роберт Лю, Жасұлан Сапарбеков, Дәурен Әсембекұлы, Ербол Құсайынов пен Нұрсұлтан Әбдімомынға «заңсыз қару-жарақ сақтады» және «Руслан Күлекбаевпен бірге кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасады» деген айыптар тағылған. Руслан Күлекбаев сот барысында «бұл күдіктілермен бірге жасады» деген қылмыстық істі мойындаған жоқ. Бес күдіктінің адвокаттары әзірге бұл жөнінде мәлімдеме жасамады.
Күлекбаев ісі бойынша тергеу шілденің 18-інде басталған. Бұл істегі сот материалдары 61 томнан тұрады. Соттың алдын ала тыңдауы 17 қазанда өткен. Руслан Күлекбаевқа «теракт жасады», «күш құрылымдарының сегіз қызметкері мен екі бейбіт тұрғынды өлтірді» және «үш адамды өлтіруге әрекет жасады» деген айыптар тағылған.
Алматыда 18 шілдеде қарулы адам Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне шабуыл жасап, соның салдарынан бірнеше адам қаза тапқан. Шабуылға күдікті ретінде 1990 жылы туған, бұған дейін екі рет сотталған деп сипатталған Руслан Күлекбаев ұсталған. Билік бұл шабуылды теракт деп атаған.