«Феникс» сотында» прокурорға алғыс та айтылды

Сотқа тартылып жатқан актер Тұңғышбай Жаманқұлов (оң жақта) адвокаттарының бірімен сөйлесіп отыр. Алматы, 24 мамыр 2017 жыл

«Феникс» фильмін түсірушілерге байланысты өтіп жатқан соттың жарыссөзі аяқталды. Сотта сөйлеген кей адвокаттар айыпталушылардың бәріне шартты жаза сұраған прокурорға ризашылықтарын білдірді.

Мамырдың 24-інде Алматының Медеу аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында «Феникс» фильмін түсіру кезіндегі қаржы жымқыру ісі» бойынша тоғыз адамға қатысты өтіп жатқан соттың жарыссөзі аяқталды. Сотталушылардың кейбірінде екі адвокаттан болса да, бәрінің сөйлеп шығуына екі сот отырысы жеткілікті болды. Әдетте жарыссөз кезінде айыпталушылар да, олардың адвокаттары да өзінің ой-пікірін сот залында еркін айта алады, сөзінің ұзақтығына салыстырмалы түрде шектеу қойылмайды деуге болады.

ЖАРЫССӨЗ

Жарыссөздің алғашқы күні, мамырдың 22-сінде өткен сот отырысында қылмыстық істің негізгі айыпталушылары – дауға іліккен «Феникс» фильмінің продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов, атқарушы продюсері Наталья Юдина, режиссері Талғат Жәнібеков, "Қазақфильм" компаниясының топ-менеджері Гауһар Ысқақова мен олардың адвокаттары сөйлеген еді.

"Мемлекет қаржысын жымқыру" ісі бойынша айыпталған режиссер Талғат Жәнібеков (әйнекпен бөлінген орында тұр), актер әрі продюссер Тұңғышбай Жаманқұлов (сол жақ шетте) және басқалар сот залында "Феникс" фильмінің тизерін көріп отыр. Алматы, 27 сәуір 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Бүгінгі жарыссөзде айыпталушылардың төртеуі – Бизақ Сұлтанов, Данияр Әбдіқадыров, Бижан Әбішев, Марлен Әбішев, Илья Коробейниковтер мен олардың адвокаттары сөйледі. Бесеудің сөзі әртүрлі болғанымен, өтініші ұқсас шықты. Кейбірі кінәсін ішінара мойындағанын айтса, кейбірі сот басталмай тұрып-ақ кінәсін мойындап, шығынды өтегенін, тергеуге көмектескенін, шиеттей бала-шағасы бар екенін айтып ақталды. Бәрі де судьядан жазасын жеңілдетуді, бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Данияр Әбдіқадыров пен Илья Коробейников Тұңғышбай Жаманқұлов пен Талғат Жәнібековті танымайтынын, олармен ақша жөнінде сөйлеспегенін айтты.

«Феникс» фильмін түсіруге қатысушы ретінде ақша алған» Данияр Әбдіқадыров пен Илья Коробейников Тұңғышбай Жаманқұлов пен Талғат Жәнібековті танымайтынын, олармен ақша жөнінде сөйлеспегенін айтты.

Айыпталушылардан кейін сөйлеген адвокаттардың кейбірі қылмыстың дәлелденбегенін, сот тергеуі кезінде кейбір күмәнді жайттар анықталмағанын, қорғауындағы азаматқа психологиялық қысым көрсетілген айтып, қазіргіден жеңіл жаза белгіленген қылмыстық бапқа өзгертуді сұрады.

РЕПЛИКА

Жарыссөз аяқталғаннан кейін судья Тәкен Шәкіров сот тәртібі бойынша реплика басталатынын жариялады.

Репликаны айыптаушы прокурор Дәурен Бұлғынбаев бастап, Тұңғышбай Жаманқұлов пен оның адвокатының «сотқа дейінгі тергеу кезінде қысым жасалғаны туралы шағымы шындыққа сай келмейді» деп мәлімдеді. Олардың сараптамаға сенімсіздік білдіргеніне де қарсылық білдіріп, «сараптаманы арнайы білікті мамандар жасады» деді.

Прокурордан кейін репликаға шыққан Тұңғышбай Жаманқұловтың адвокаты Бақытгүл Қадірбекова «айыпталушы Талғат Жәнібековтің адвокаты Серік Айтбаевтың Тұңғышбай Жаманқұловты айыптай сөйлегені адвокат әдебіне сай келмейді, ол өз қорғауындағы азамат Талғат Жәнібековті қорғаумен ғана шұғылданғаны жөн»деген пікірді айтты.

Тұңғышбай Жаманқұлов Талғат Жәнібековке немесе осы айыпталушыларға ретсіз кінә артқан емес. Ол "әлі де болса осы командамен бірге фильмді аяқтауға болар" деп үміттеніп отыр.

– Тұңғышбай Жаманқұлов Талғат Жәнібековке немесе осы айыпталушыларға ретсіз кінә артқан емес. Ол әлі де болса осы командамен бірге фильмді аяқтауға болар деп үміттеніп отыр, – деді Бақытгүл Қадірбекова.

Ал адвокат Серік Айтбаев Бақытгүл Қадірбекованың пікіріне тікелей қарсылық білдірмеді, бірақ «фильмді түсіру барысында жымқыру фактісі болғаны дәлелденді, оған атқарушы продюсер де, бас продюсер де қатысты» деп, бас продюсер Тұңғышбай Жаманқұловты меңзей сөйледі. Тұңғышбай Жаманқұлов осыған дейін өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдегені белгілі.

Адвокат Серік Айтбаев «бұл істе негізгі кінәлі деп тек Талғат Жәнібековті көрсету дұрыс емес, аяқталмаған жұмысты аяқталды деп қол қойған бірнеше адам бар» деп санайтынын айтты. Оның сөзінше, режиссер Талғат Жәнібеков фильмге бөлінген қаржы құжаттарының ешбіріне қол қоймаған. Бір қызығы, осыған дейін актер Тұңғышбай Жаманқұлов та «қаржы құжаттарының ешқайсысына қол қоймағанын» айтқан.

Айыпталушылардың кейбірі репликадан бас тартып, «бәрін жарыссөзде айтып болдық» деген сыңай танытты. Адвокаттардың кейбірі сөз арасында айыпталушылардың бәріне шартты жаза сұрап бостандыққа шығаруды сұраған прокурорға разылығын білдірді.

Сот залында қамауда отырған екеудің бірі – «Қазақфильм» компаниясының менеджері Гауһар Ысқақова да сөйлеуден бас тартқан, бірақ оның адвокаты сөйледі.

Қылмыстық іс қозғалғаннан бастап Гауһар Ысқақованы қамауға алмай, кепілге босату туралы бірнеше рет өтініш жасадық. Бірақ оған қатыгездік жасалды, жеті ай бойы уақытша қамау орнында ұстады.

– Қылмыстық іс қозғалғаннан бастап Гауһар Ысқақованы қамауға алмай, кепілге босату туралы бірнеше рет өтініш жасадық. Ол өтінішті осы сотта да қайталадық. Бірақ оған қатыгездік жасалды, жеті ай бойы уақытша қамау орнында ұстады. Біздің жанымызға бататыны – осы, – деді Гауһар Ысқақованың атын айтпаған адвокаты.

Гауһар Ысқақованың адвокаты осы сөзі арқылы мамырдың 22-сіндегі сот отырысында прокурордың түрлі жаза мерзімін сұрағанымен, айыпталушылардың барлығына шартты жаза беріп, бостандыққа шығаруды сұрағанын меңзегені байқалды. Өйткені тоғыз айыпталушының екеуі – Гауһар Ысқақова мен Талғат Жәнібеков қана сот залына уақытша қамау орнынан әкелініп жүрді. Ол екеуін конвойлардың қолына кісендемей, бір-біріне қосақтап кісендеп сот залына әкелуі тосын көрінді. Қорғаушысы бірнеше рет кепілге босатуды сұраса да, Талғат Жәнібеков те төрт айға жуық қамауда отыр.

Сот жарыссөзі мен репликасы аяқталғаннан кейін судья Тәкен Шәкіров мамырдың 26-сындағы сот отырысында соңғы сөз айтылатынын, одан кейін сот кеңесу бөлмесіне кетіп, сот үкімі қашан шығатынын хабарлайтынын айтты.

Сот залынан шығып келе жатқандар, ортада - Тұңғышбай Жаманқұлов. Алматы, 24 мамыр 2017 жыл

ПРОКУРОР ШАРТТЫ ЖАЗА СҰРАҒАН

Мамырдың 22-сіндегі жарыссөз алдында айыптаушы прокурор «Феникс ісіне» байланысты қылмыстық істі ұйымдастырушы ретінде Тұңғышбай Жаманқұловты атап, оны жеті жыл алты айға бас бостандығынан айыруды, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты оны үш жыл тоғыз айын қалдыруды, бірақ жасы келуіне байланысты шартты жазаға ауыстырып, бостандыққа шығаруды сұраған.

Прокурор судьядан Гауһар Ысқақоваға – бір жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және мемлекетік мекемелер мен ұйымдарда жетекші қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру, рақымшылық туралы заңға сәйкес жазаның негізгі түрінен босату;

Наталья Юдинаға – жеті жылға бас бостандығынан айыру және рақымшылыққа іліктіріп, шартты жазаға кесу, бес жылға дейін коммерциялық ұйымдарда жетекші қызмет атқару құқығынан айыру;

Талғат Жәнібековке – алты жыл шартты мерзімге соттауды, және коммерциялық ұйымдарда бес жылға дейін жетекші қызметін атқару құқығынан айыру;

Данияр Әбдіқадыровқа – жеті жылға бас бостандығынан айыру, кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан бес жылға айыру, оны шартты жазаға ауыстыру;

Ғиззат Сұлтанов, Илья Коробейников, Марлен Әбішев пен Бижан Әбішевтерге екі жылдан бес жылға дейін жаза белгілеп, барлығын шартты жазаға ауыстыру жазасын бұйыруды сұраған.

Айыптаушы прокурор зардап шегуші тараптың шағымын ішінара қанағаттандыруды сұраған. Осыған дейінгі сот отырыстарында Тұңғышбай Жаманқұлов мемлекетке 5 миллион теңге қайтарып бергені, енді 29 миллион 862 мың 167 теңге қайтаруы тиіс екені айтылған. Талғат Жәнібеков мемлекет қазынасына 6 миллион 802 мың 25 теңге, Бизақ Сұлтанов 2 миллион 915 мың 215 теңге, Данияр Әбдіқадыров 14 миллион 556 мың 794 теңге, Илья Коробейников 3 миллион 489 мың 99 теңге қайтарулары тиіс екені сөз болған.

«Феникс» көркем фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқыруға қатысты айыпталған актер әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов пен ол құрылтайшылық ететін Т.К.Turan Universal Business фирмасына байланысы болған тағы сегіз адамға қатысты сот процесі 2017 жылы наурыздың 9-ы күні басталған.