22 минутқа созылатын фильмге ерлі-зайыптылардың опасыздығы, ашу-ызаға ерік беру, түңілу, өкіну мен татуласу сияқты сезімдер сыйып кеткен. Мүсіншінің отбасы (ері мен әйелі, екеуінің егіз қыздары) таршылықта өмір сүреді. Отағасыға тапсырыс берген клиенттері оған ақша төлей алмай, ақысына, мысалы, ескі видеомагнитофон береді. Тапқаны нанға әрең жетеді. Келіншегі әнші, бірақ дарынына сұраныс жоқ.
КЛАССИКАЛЫҚ МАХАББАТ ҮШТАҒАНЫ
Мүсіншінің үйіне ара-тұра бір жас жігіт келіп жүреді. Әлгі жігіт пен мүсіншінің келіншегі көңіл қосады. Екеуінің кездесулерінің бірінде күтпеген жерден үйге келіншектің күйеуі келіп қалады. Келіншектің көңілдесі балкон арқылы қашпақ болған кезде тайып кетіп, асфальтқа құлайды. Мүсіншінің әйелі жедел жәрдем шақырып, жазым болған көңілдесімен бірге кетеді. Күйеуі ашу үстінде шеберханадағы мүсіндерді қиратып тастайды.
Ауруханада көңілдесінің жарақаты ауыр болғанымен қауіпті емес екені, сауығып кететіні анықталады. Ол наркоздан оянған кезде суретшінің әйелі ендігі тағдырын онымен байланыстыру үшін күйеуінен кетіп қалғанын айтады. Көңілдесі «маған секс қана керек болған» деп, оның ұсынысын қабылдамайды. Баса-көктеп кіріп келген әйелі қызғаныштан ұрыс-керіс шығарады. Енді не істерін білмей мүлде дағдарған суретшінің әйелі қаланың түнгі көшелерін кезіп, сенделіп жүреді. Ақыры қыздары есіне түсіп, үйіне оралып, күйеуінің аяғына жығылып, кешірім сұрайды.
Соңғы кадр бірнеше жылдан кейінгі оқиғаны көрсетеді. Есімі жұртқа танылған мүсінші сұхбат беріп, «Шығармашылығыңызға әсіресе не демеу болды?» деген сұраққа «Отбасым, жан жарым, қыздарым мен ұлдарым» деп жауап береді. Оның «Махаббаттан өзге дүниенің бәрі өткінші» деген соңғы сөзі фильмнің лейтмотиві әрі өсиет сияқты.
Жаңа қысқа метражды фильм – жас режиссер Айгүл Ақсамбиеваның кинодебюті. Ол бұған дейін телесериалдар, мюзиклдер түсірген, телешоу, концерттердің теленұсқаларының режиссері болған. Ол фильмге арқау болған сюжетті балаларға арналған шағын әңгімелер жазатын алматылық жазушы Римма Филиппованың «Утро вечера мудренее» («Батар күннің атар таңы бар») деген әңгімесінен алған. Сценарий де осы әңгіме негізінде жазылған.
ФИЛЬМДЕГІ 1990 ЖЫЛДАР ТҰРМЫСЫ
«Глина - любовь» фильмінің оқиғасы көбінесе 1990 жылдары болған. Фильм көріністері түсірілген пәтер 1990 жылдардағы, тіпті одан да ертерек уақыттағы тұрмысты көрсетеді. Алматыдағы ескі үйлердің бірінде шынымен сондай пәтер бар болып шықты. Қаладағы соңғы коммуналдық пәтер деуге болады. Ондағы әжетхана мен жуынатын бөлме, ас бөлмесі екі қожайынға ортақ. Пәтерде жиһаздар да, есіктер де ескі, таяныштары бар ескі ашық балкон әбден тозған бағанның үстінде орналасқан.
Бір қызығы, түсірілім кезінде кадрға LG компаниясының атауы жазылған қорап түсіп қалған. Егер бұл жаңсақтық болмаса, онда фильм оқиғасы алғашқы постсоветтік онжылдықтың күнкөріс мүлде қиын болған кезі емес, өйткені әлгі атау 1995 жылы ғана пайда болған.
Фильмде жедел жәрдем көлігінің лезде жетіп келуі де фантастика сияқты көрінеді.
Фильмде жедел жәрдем көлігінің лезде жетіп келуі де фантастика сияқты көрінеді. Жедел жәрдем станциясына телефон соққан кезде қандай медициналық көмек қажет екенін де айтпағанына қарамастан әрі кейіпкер келіншек баспалдақтан түсіп үлгермей дәрігерлер бригадасы келіп алған. 20 жыл бұрын Алматыда көлік те, жолдардағы кептеліс те қазіргіден әлдеқайда аз болған, бірақ жедел жәрдемді фильмде көрсетілгендегідей емес, ұзағырақ күтуге тура келетін.
Азаттық тілшісі Айгүл Ақсамбиевадан «Фильм оқиғасы неліктен 1990 жылдары өрбиді деп ұйғардыңыз? Кей мүсінші, суретшілердің тұрмысы қазір де жақсарып кеткен жоқ қой» деп сұраған еді.
– Фильмде экономикалық күйреу, рухани жұтаумен үндес конфликтіні көрсеттім. Мен әлгі әйелдің басындағы күйзеліс-торығуды елдегі дағдарыспен байланыстырдым. Яғни ол кезде бәрі – ел де, адамдар да тоқырап тұрған, – дейді Айгүл Ақсамбиева.
Режиссердің пікірінше, «қазір мына жерде тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін тұрғанымыз – бір саты өрлегеніміздің көрсеткіші екені даусыз».
КӨРЕРМЕНДЕР ПІКІРІ
Көрсетілімде болған актер Фархад Әбдірайымов «бас рөлді ойнаған Әзиз Бейшаналиев кейіпкерін тамаша сомдаған, ал фильм жақсы түсірілген» деп бағалайды.
Әлеуметтік желілерде Аджиджиро Кумано деген шығармашылық лақап есіммен белгілі жазушы Әділет Құмар да жаңа фильмді мақтаған пікір білдірді.
– Жақсы әсер қалдырды, бірақ сәл күрделі екен, өйткені отбасындағы жұрт көзінен жасырын сыр қозғалған. Маған «достықтың жеңгені», махаббаттың жеңгені ұнады. Бәрі аздап шындыққа жанаспайтындай көрінеді, бірақ негізі өте жақсы аяқталған. Меніңше, қазір көп отбасылар осындай сынақтан өтеді, – дейді ол.