Биыл сәуірдің соңына қарай өткен үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев «Google-дің тұмау эпидемиясын 10 күн бұрын анықтай алатын қосымша технологиясын» Қазақстан медицинасына енгізуді жеделдетуді тапсырды. Үкімет отырысында сөйлеген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл мәселе бойынша Google компаниясына хабарласып жатқандарын айтты.
Your browser doesn’t support HTML5
Үкімет мүшелерінің ұсынысын қолдаушылар «қазіргі заманғы озық технологияның жетістіктерін пайдалану керек» десіп, әлеуметтік желілерде бұл бастаманы көп насихаттаған.
Осыған орай Азаттық тілшісі Алматы қаласының дәл түбіндегі ауылдардың бірі Іргеліге барып, ондағы дәрігерлерден Google технологиясы жайлы, өздері қызмет ететін медициналық амбулаторияның халі туралы сұрап көрді.
ІРГЕЛІДЕГІ ЖАЛҒЫЗ АМБУЛАТОРИЯ
Алматыдан батысқа қарай шыға берісте жатқан, Қарасай ауданына қарасты Іргеліде орталық көше біреу ғана. Ауыл әкімдігі мен учаскелік полициясы және орта мектебі – Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Дінмұхаммед Қонаев есімі берілген осы көшенің бойында. Жолы тозған бұл көшемен іргедегі «Алтын Орда» базарына да баруға болады. «Алтын Ордадан» тауар сатып алып, Іргелінің ойдым жолымен Алматыға жүк тиеп кетіп бара жатқан саудагерлердің көліктері жиі кездеседі.
Қонаев көшесіндегі медициналық амбулаторияны біреу сілтемесе, сырттан келген адамның өз бетінше табуы қиын. Кәдімгі тұрғын үйге ұқсайтын жалғыз қабатты амбулатория қоршауының кірер есігінің жанына, кісі бойындай тұста ақ шелек ілулі тұр. Шелектің жоғарғы жағына «Для окурок» деген жазуы бар қағаз жапсырылған.
Қоршаудың ішінде амбулатория ғимаратына қоса батпақпен сыланған ескі қамыс үйшік пен екі есікті жасыл дәретхана тұр. Әжетхана есіктерінде оның әйелдерге не ерлерге арналғанын білдіретін белгілер байқалмайды. Тозығы жеткен дәретхананың қарсы бетіне тақтайдан жаңасын салған, бірақ боямаған. Жаңа дәретханаға барар жолдың бойында «Қақырық жинайтын орын» деген жазуы бар қазық қағылыпты.
Азаттық тілшісі кірген кезде амбулатория ішінде емделушілер көп болған жоқ. Кіре берісте кезек күтіп отырған Іргелі тұрғыны Бану Жайлау амбулатория шағын болса да қызметіне көңілдері толатынын айтады.
– Осында тексерілеміз. Кейде аудандық емханаға жібереді, – деп жымиды ол кісі.
Бану Жайлау үш баласын да осы медпункте медициналық тексеруден өткізіп өсіргенін, қазір төртінші баласына аяғы ауыр екенін айтады.
12 МЫҢ ТҰРҒЫНҒА – АЛТЫ ДӘРІГЕР
Дәрігерлік амбулатория жетекшісі Қаламқас Жүнісова Азаттық тілшісін іс қағаздары тұратын кеңсеге ұқсас шағын кабинеті науқастардан босаған кезде қабылдады.
– Емделушілер қан, зәр, биохимия сараптамаларын осы амбулаторияға тапсырады. Содан соң оны аудан орталығы Қаскелең кентінің лабораториясына жібереміз. Бізде үш педиатр, екі терапевт, бір акушер-гинеколог бар. Дәрігерлер орта есеппен 90 мың теңге, орта білімді медбике 60-70 мың теңге көлемінде жалақы алады. – дейді ол.
Қаламқас Жүнісованың сөзінше, бұл медпунктте Іргелі ауылының 8900 адамы (оның 3 мыңы – 15 жасқа толмаған балалар) қаралады. Оған қоса, Алматы қаласының шетіне жаңадан салынған «Асыл арман» ықшам ауданынан 3 мың адамы да осы мекемеге қарасты, әлі тіркелмегендері де көп. Амбулатория жетекшісі бұл ауылдағы медициналық қызмет көрсету жайымен әкімдік таныс екенін айтады.
– «Асыл арман» ықшам ауданынан болашақта өз алдына бөлек медициналық амбулатория ашылады. Ол үшін көп қабатты үйлердің бірінен 480 шаршы метр орын бөлінген. Жобалық-сметалық жоспары жасалып жатқан бұл амбулатория биыл желтоқсан айына қарай пайдалануға берілуі мүмкін. Іргелі ауылының ескі амбулаториясы да келешекте жаңа ғимаратқа көшуі тиіс. Ол үшін Іргелінің ішінен арнайы 40 сотық жер бөлінген. Жері бар, бірақ ғимараты қашан салынатыны белгісіз, – дейді Қаламқас Жүнісова.
Бұл ауданында 18 жылдан бері дәрігер болып келе жатқан Қаламқас Жүнісова Астанадағы үкімет мүшелерінің «тұмау эпидемиясын 10 күн бұрын анықтай алатын соңғы технология туралы» сөздеріне пікір білдіруге ықыласты болмады. Ол кісі «амбулатория ғимараты стандартқа сай болса, УЗИ (ультрадыбыстық тексеру) аппараты болса» деп қана армандайды.
АУЫЛДЫҢ АМБУЛАТОРИЯСЫНА ОРТАҚТАСҚАН «АСЫЛ АРМАН»
Тұрғындары Іргелідегі жалғыз дәрігерлік амбулаторияға ортақтасып отырған «Асыл арман» ықшам ауданы соңғы бірнеше жылда салынған. Алматының шетіндегі көп қабатты үйлері бар бұл ықшам аудан Іргелі ауылдық округіне қарайды. «Асыл арманнан» мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып қуанғандар өздерінің ауылдық амбулаторияға қарайтындарын әуелде білмегендерін айтады.
«Асыл арманға» кіре берістегі аулада бала ойнатып жүрген бірнеше әйелдің амбулатория қиыншылығы туралы тоқтаусыз айтуға дайын екендері байқалды. Өзін Айнұр деп таныстырған тұрғын «аяғы ауыр әйелдер тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелуі керек» дегеннен кейін Іргелі ауылының медициналық амбулаториясына тіркелген екен.
– Бүкіл бір ауданға қызмет көрсететін медпункттің кішкентай үйшікте орналасқанына таңғалдым. Кішкентай дәлізінде адам толы. Қуыстай бөлмеде ұйлығып отыр бәрі. Акушердің бөлмесін барсам, тура есікті ашқан кезде акушерлік кресло тұр. Жай ғана пердемен жауып қойған, – деп ренжиді ол кісі.
Азаттық тілшісімен сөйлескен бірнеше тұрғын дәрігерге қаралу жайын түрлі жолдармен шешіп жүргенін айтады. Ол кісілердің кейбірі қаладағы жұмыс орыны арқылы қалалық емханаға, енді бірі «Асыл арманнан» ашылған жекеменшік шағын емханаға тіркелген екен. Солардың бірі, өзін Гүлбану Камалова деп таныстырған тұрғын Іргелінің амбулаториясына көңілі толмай, жекеменшік емханаға барған.
– Жеке болғанымен ол емханада мемлекеттік бағдарлама бойынша тіркелген балалы әйелдерге көрсететін ақысыз қызметтер бар. Қалған қызметі ақылы, – дейді Гүлбану Камалова.
ҚҰРЫЛЫС ҚАШАН БАСТАЛАТЫНЫ БЕЛГІСІЗ
Азаттық тілшісі Іргелі ауылы мен "Асыл арман" ықшам ауданында жаңа медициналық мекемелер салынатын-салынбайтынын білу үшін Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігіне хабарласқан еді. Аудан әкімдігінің құрылыс бөлімінің бас маманы Ахмет Көмеков Азаттыққа:
- Іргелі ауылында бір ауысымда 100 адамға қызмет көрсететін жаңа амбулатория салудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Оның құрылысы қашан басталатыны белгісіз, уақытын айта алмаймын. Жобалық-сметалық құжаттарды жасауға жарты жыл кетеді, одан соң құрылыс-монтаж жұмыстарына тендер жарияланады. Оны жариялап болғанша, 2017 жылы салынады деп айта алмаймын. Ал «Асыл армандағы» жаңа емхана туралы білмеймін. Егер ол жеке меншік емхана болса, ол туралы мен айта алмаймын, - деп жауап берді.
Қазақстан халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында 2007 жылы «100 мектеп, 100 аурухана бағдарламасын» жариялаған. Бұл бағдарлама 2011 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ 2013 жылы вице-премьер Ербол Орынбаев «100 аурухана» бағдарламасы бойынша 64 нысан ғана салынғанын, қалғаны алдағы үш-төрт жылда бюджет мүмкіндігіне орай шешілетінін хабарлаған.
Ал Қазақстан премьер-министрі сайтының дерегінше, елде соңғы 25 жылда 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны (8 медициналық ғылыми орталық, 32 мамандандырылған медициналық орталық, 176 аурухана, 144 емхана, 907 амбулатория және 45 мамандандырылған денсаулық сақтау нысаны) салынған. Үкімет басшысы сайтының жазуынша, «100 мектеп және 100 аурухана салу» жобасы іске асырылған, жалпы құны 360 миллиард теңгелік «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана салу» жобасының іске асырылуы аяқталуға жақын қалған.