Намаздан кейін мешіт ауласында орналасқан шағын сахнада концерттік шара мен ұлттық ойын түрлерінен спорттық шара ұйымдастырылды. Асық ату, қол күресі, қошқар көтеру сынды жарыстардан мешітке келген әрбір адам өз қалауынша сынға түсті.
Спорттық шаралардың ішінде көпшілікті қызықтырған бәсеке «қошқар көтеру» болды. Ойын шарты бойынша қошқарды ең көп көтерген адам алып кетеді. Бірінші боп ортаға шыққан жігіт салмағы шамамен 30 килограмм тартатын қошқарды 60 рет көтерсе, кейінгілер одан асып түсуге әрекеттенді.
Арқан тарту, қол күресу, асық ату ойындары да тартысты өтті. Намазға келгендерге мешіт ауласында тегін тамақ та берілді. Мешіттегі мейрамға келген жұрт бұл шараға разы екендерін айтады.
ВИДЕО: Алматыдағы құрбан айт
Your browser doesn’t support HTML5
Діни басқарманың шешімі бойынша биыл құрбандыққа шалынатын малдың көбі қала сыртында арнайы белгіленген орындарда сойылады. Ал қойын мешітке алып келгендерге осы жерде қызмет көрсетіледі.
Орталық мешіттің бас имамы Нұрбек Есмағамбет құрбандыққа шалынған малдың еті мұқтаж жандарға таратылып беріледі деді. Оның сөзінше бүгінгі шараны ұйымдастыруға Алматы әкімдігі мен қалалық дін істері басқармасы қаржылай қолдау көрсеткен.
– Сол бүгінгі шара сол Асыл мұра бағдарламасының аясында өтіп жатыр. Сондықтан бұл жердегі мақсатымыз халықты дастархан барысында, спорттық ойындар барысында жат ағымнан қайтару, оларға бір жақсылық көрсету, – дейді ол.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Алматыдағы құрбан айт
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем мұсылмандары үш күн тойлайтын Құрбан айт мейрамымен халықты құттықтады. «Құрбан айт – ізгілік пен мейірбандықтың, жақсылық пен қайырымдылықтың мейрамы. Біздің елімізде Құрбан айт әртүрлі этностар мен дін өкілдері арасында өзара сыйластықтың, достық пен бірліктің бірегей дәстүрлерін сақтауға және оны нығайта түсуге ықпал етеді» дейді ол.
Құрбан айт мейрамының алғашқы күні Қазақстанда демалыс болып белгіленген.
Жыл сайын мұсылман күнтізбесі бойынша зуль-хиджа айының оныншы жұлдызында - мұсылман қауымның Мекке қаласына жасайтын қажылық сапарымен тұспа-тұс басталатын Құрбан айт кезінде мұсылмандар бір-бірін құттықтап, жақын-туыстарының үйін аралайды. Осы күні әр мұсылманның үйінде мерекелік дастархан жайылады, шамасы келгенде құрбандықа мал шалады.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Астанадағы құрбан айт