Тарихты «Елбасымен» көрші залдарға сыйғызған

Алматы тарихы мұражайының іші. Алматы, 18 мамыр 2017 жыл.

Алматы тарихы мұражайы жаңа қонысына бес ай бұрын көшкен. 2002 жылы құрылған мұражай бұрынғы балаларды паналату орны ғимаратына орныққанға дейін бірнеше мәрте орын ауыстырды. Азаттық тілшісі қаланың қилы тарихи кезеңдері қандай экспонаттармен көрсетілгенін түсіну үшін мұражай залдарын аралап шықты.

Алматы тарихы мұражайы 2002 жылдан бері бар. Бірақ қызметкерлері жинаған жәдігерлер мен тарихи құжаттарын жұртқа көрсететін орны бірнеше жыл болмады.

БІР МҰРАЖАЙДЫҢ КӨП КӨШІ

Бұл мұражайдың алғашқы мекенжайы – цирк ғимаратының кішкентай бөлмесі. Бірнеше мәрте көшкеннен кейін мұражай бұрынғы «Искра» кинотеатрының үстіндегі ғимаратта біраз жыл тұрақтады.

Келушілерге экспонаттарды көбірек көрсету мүмкіндігі ақыры сол жерде ғана пайда болды. Бірақ шағын залмен бітетін ені кең ұзын дәліз түріндегі бөлме экспонаттардың орналастыруға мүлде қолайсыз болатын. Экспонаттар әлгі дәліз бен залда тұрған, өйткені бөлмелердің арасы бөлінбеген еді. Экспозиция ұйымдастыруға арналған орын мүлде аз болғандықтан заттардың аз бөлігі ғана қойылды. Мұражай сол жерде қысылып-қымтырылып 2007 жылдан 2016 жылғы желтоқсанға дейін отырды.

Алматы тарихы мұражайы өзге жаққа көшеді деп жоспарланды. Ақыры мұражайды көшіретін орын табылып, Алматының тарихи ғимараттарының бірі, жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш – Верный кезеңінің ағаш архитектура үлгісі мұражайға айналды.

Алматы тарихы мұражайы ғимараты. Алматы, 18 мамыр 2017 жыл.

Бұл ғимарат 19-ғасырдың аяғында қала архитекторы Павел Гурденің жобасы бойынша салынған. 1917 жылғы революцияға дейін ол жерде балаларды паналату орны болған. Бірнеше айға созылған жөндеу жұмыстарынан кейін – 2016 жылғы желтоқсанда жаңа қоныс қала әкімі қатысуымен салтанатты түрде тойланды. Сол бұрынғы Алматы тарихы мұражайы болып қалғанымен, БАҚ бұл оқиғаны жаңа мұражайдың ашылуы ретінде хабарлады.

МҰРАЖАЙ ЗАЛДАРЫН АРАЛАҒАНДА

Қазір Алматы мұражайында әрқайсысы белгілі бір тарихи кезеңге арналған бірнеше зал бар. Экскурсия және экспозиция залының меңгерушісі Наиля Чулакованың сөзінше, орын бәрібір жетпейді, сондықтан ең көп дегенде қордың оннан бір бөлігі ғана қойылған (қорда 40 мыңға жуық бұйым сақтаулы). Мұражай Қазақстанның ең ірі қаласы тарихымен танысуға сәл ыңғайлы етіп жабдықталып, дәуірлер бір-бірінен жеке-жеке етіп бөлінген. Шын мәнінде, көне ғимаратта қазіргі заманға сай техникамен жабдықталған жайлы мұражай орналасқан.

Алматы тарихы мұражайындағы қола дәуірі қонысының реконструкциясы . Алматы, 18 мамыр 2017 жыл.

Ғимаратты мұражайға айналдыруға дайындау кезінде дизайнерлер Алматы символдарын қамтуға тырысқан. Ғимараттың алдына Алматының қазіргі елтаңбасынан газонның үстіне «қарғиын деп тұрған» барыстың мүсінін орнатқан. Орталық есікке қарсы орналасқан залдардың біріне кіретін арканың пішіні совет дәуірінде қалыптасқан символ (ол кезде алма қала гербінің негізгі элементі болған) – алма бейнесі стилінде жасалған.

Алматы мұражайы баяндайтын ең ежелгі кезең – қола дәуірі. Оған арналған залда сол дәуірдегі ыдыстар, шаруашылық құрал-саймандар, әшекейлер сияқты түрлі археологиялық жәдігерлер қойылған. Әсіресе қоладан құйылған қазанның үлкендігі қайран қалдырады. Қызметкердің айтуынша, Алматы тұрғындары оны үйінің ауласын қазып жатқан кезде тауып алған.

Экспонаттардың көбі – жоспарлы түрде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер. Мұнда Шаңырақ және Ұлжан шағын аудандарындағы қорымдардан, Бутаковка шатқалындағы Бұтақты-1 қонысынан табылған заттар қойылған. Алдыңғы жағында әйел адамның мүсіні тұрған сақтардың қайта қалпына келтірілген көне қонысы да бар.

Ерте орта ғасыр дәуіріне (көбінесе 10-12-ғасырлар) арналған залда абайлап жүруге тура келеді, өйткені еден астына төселген әйнектің астында сол ғасырларда пайдаланылған су құбырларын жаңғыртып қойған. Алматыда орта ғасырлардан қалған су құбыры жұрнақтары тіпті совет заманында Көк базардың маңынан құрылыс жұмыстары кезінде де табылған.

Орта ғасырдағы Алматының су құбыры реконструкциясы. Алматы, 18 мамыр 2017 жыл.

Қабырғаларды бойлай қойылған сөрелерде түрлі тұрмыстық заттар тұр. Кей заттар Алматының ішінде ғана емес (мысалы, Ботаникалық бақ), қала сыртынан – Қиялық, Қастек, Талғар қалаларының ескі жұртынан да табылған.

Қазақ мемлекеттілігі бастаулары мен Жетісу этнографиясы жеке кезең етіп бөлінген. Мұнда өзге бұйымдардан бөлек сауыт киген жауынгерлер мен қару-жарақ қойылған.

Верный кезеңіне (1854 жылдан бастап 1921 жылдың басына дейін) арналған залда Верныйдың бай әрі өнерді құрметтегені аңғарылатын шенеунігі үйінің ішкі көрінісі қайта жаңғыртылған. Оның шенеунік екенін азаматтық қызметшінің мундирі көрсетеді. Ал өнерді сүйетін адам болғанын фортепиано, патефон және қабырғадағы картиналардан байқауға болады.

Верный шенеунігі үйінің реконструкциясы. Алматы, 18 мамыр 2017 жыл.

20-ҒАСЫР ЭКСПОНАТТАРЫ

Мұражай экспонаттарының көп бөлігі 20-ғасырға тиесілі. Ең біріншісі –«ХХ ғасырдағы Алматы» залы. Бір бұрышында қала тұрғынының 1950-1960 жылдардағы баспанасының ішкі көрінісін жаңғыртып қойған. Екінші бұрыш СССР-дегі алғашқы «ғасыр құрылыстарының» бірі Түркісібке арналған. Пошта байланысы тарихын баяндайтын экспонаттар бар, қазір жойылған шай өлшеп-қаптайтын және керамика фабрикаларының өнімдері қойылған.

Әлгі залда қабырғаға Қазақстанның 1930 жылдары репрессияланған қоғам қайраткерлерінің аты-жөні мен өмір сүрген жылдары жазылған фотосуреттері проекцияланады. Мұражай қорында 10 жыл бұрын жойылған саяси қуғын-сүргін тарихы мұражайының құжаттары да сақталған, бірақ олар экспозицияда мүлде көрсетілмеген.

«ХХ ғасырдағы Алматы» залында жүрген көрермендер. Алматы, 18 мамыр 2017 жыл.

Бұған қоса, екінші дүниежүзілік соғысына қатысы бар бірнеше экспонат (хаттар, әскери киім-кешектер, патрон гильзалары) бар. Бірақ өткен ғасыр бұл залда тым жұтаң көрсетілген.

20-ғасырға қатысы бар өзге залдар мен бұрыштар да бар. Мысалы, қазақстандық альпинизм жетістіктеріне арналған бұрыш, кәсіпқой өнерді дамыту залы. Мұражай жайлы жазбаларда Алматыда 1986 жылғы желтоқсанда болған оқиғаларға арналған «Желтоқсан залы» бар делінген. Бірақ мұражайды аралаған кезде әлгі материалдар көзге түспеді.

ХАЛЫҚ КӨРМЕСІНДЕГІ НЕГІЗГІ ЭКСПОНАТ

Мұражайдың бас есігіне қарсы беттегі ең кең зал «Елбасы және Алматы» деп аталады. Қайда қарасаңыз да, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі мен оның фотосуреттері, сөздерінен үзінділеріне көзге түседі. Альпинизм жайлы баяндайтын бұрышта да Назарбаевтың фотосуреттері бар. Олардың бірінде Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы өзі басына шыққан Абай шыңына Қазақстан туын тігіп жатыр.

«Елбасы және Алматы» залы. Алматы, 18 мамыр 2017 жыл.

Қазақстан халқы ассамблеясына арналған зал да «Елбасы және Алматы» залына тіреледі екен. Мұнда көбінесе Қазақстанда тұратын кей этностардың ұлттық киімдері мен музыкалық аспаптары көзге түседі.

Мұражайда тақырыптық көрмелер өткізуге арналған жеке зал бар. Жуырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай көрме ашылмақ.

Алматы мұражайы жеке мекеме емес. Ол өзге төрт мұражаймен бірге қала әкімдігінің мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы мұражайлары бірлестігі» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорнына қарайды. Ол бірлестіктің жеке сайты жоқ. Оған кіретін мұражайлардың да бірер жыл бұрын бар болған жеке сайттары қазір жоқ.

Ақпараттық жұмыс дұрыс жүргізілмеді. Мысалы, алдыңғы жылдары халықаралық мұражай күніне орай «Музейдегі түн» акциясы өтетіні жайлы күні бұрын хабарланатын. Сондықтан мұражайларды насихаттату мен оларға барынша көп адамды тартуды көздейтін акцияға келушілер қарасы да көп болатын. Биыл акция жайлы ақпарат мамырдың 15-і күні түстен кейін – акция өтетін 18 мамырдан үш күн бұрын Facebook желісіндегі Алматы мұражайы парақшасынан ғана табылды. Акция жайлы демалыс, ойын-сауық саласында өтетін шаралар жайлы анонстар жариялайтын сайттардың біріне де хабарламаған. Сондықтан былтырғы және алдыңғы жылдармен салыстырғанда акцияға келгендер саны мүлде аз болды.