"Тұңғыш президент - Елбасы". Мемлекет үшін маңызы қандай?

Наурызда президент ретіндегі өкілетін тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің басында «Тұңғыш президент – Елбасы міндетін атқаруға кіріскенін» мәлімдеді. Қазақстандық сарапшылар бұл міндеттің елдің саяси құрылымы мен болашағына тигізер ықпалы туралы пікір білдірді.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев наурыздың 19-ы күні мерзімінен бұрын отставкаға кететінін мәлімдеген еді. Сәуірдің 3-і күні ол тиісті конституциялық заңмен реттелетін «Тұңғыш президент – Елбасы міндетіне кіріскенін» хабарлады.

Наурыздың 20-сынан бастап президент өкілеті бұрын сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшті. Жаңа әкімшіліктің бірінші жиынында Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің, Қазақстан халықтары ассамблеясының төрағасы екенін еске салды және «Нұр Отан» партиясын басқара беретінін айтты (парламенттегі орынның көбін осы партияеың мүшелері иеленіп отыр – ред.). Оған қоса, Назарбаев – Конституциялық кеңестің мүшесі және құрметті сенатор статусына ие болған.

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТТЕН ЕЛБАСЫҒА ДЕЙІН

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис Азаттыққа берген сұхбатында президенттік өкілеттігін тапсырған соң Назарбаевтың тасада қалмағанын, жаңа рөлге тез енгенін айтты. Сарапшының пікірінше, заңнама Назарбаевтың Тұңғыш президент – Елбасы ретіндегі міндетіне қатысты нақты жауап бермейді, негізінен оның құқықтарын реттеуге арналған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президент өкілетін тоқтатқан соң «Нұр Отан» партиясы ғимаратына келген сәті. Нұр-Сұлтан. 10 сәуір, 2019 жыл

– Мысалы, Тұңғыш президент – Елбасы Қазақстан халқына, мемлекеттік мекемелер мен лауазымды тұлғаларға мемлекеттік құрылымның маңызды мәселелері бойынша бастамашы болуға өмір бойы құқылы, - деген Жовтис сөйтіп отырып Назарбаевтың құқығы анық көрсетілмегенін ескертеді.

- Мысалы, "Тұңғыш президент - Елбасы туралы" заңның 3 бабында оның тиіспеушілік құқыққа ие екені айтылады. Бұл мәселені оның тиіспеушілікке қатысты құқыққа ие болуы ретінде деп түсіну керек сияқты. - дейді сарапшы.

Евгений Жовтис.

Жовтистың айтуынша, Назарбаевтың мәртебесі мен өкілетінің эволюциясын 2000 жылы қабылданған "Тұңғыш президент – Елбасы туралы конституциялық заңның" мазмұнына бірнеше жылдар бойы енгізілген өзгерістер мен оның атауын зерттеу арқылы талдап көруге болады.

Оның айтуынша, басында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті туралы» деп сыпайы аталған заң 2010 жылы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы туралы» деп өзгертілді.

Жовтис сол кезде Назарбаевқа "Ұлт көшбасшысы" мәртебесін беру оның еркіне қарсы жүзеге асқандай түр жасағанын еске салады: Назарбаев өзгеріс енгізу туралы заңға қол қоймады, бірақ заң бәрібір күшіне енді.

2017 жылдың 15 маусымы күні «Ұлт көшбасшысы» тіркесі «Елбасы» деген сөзбен алмастырылды. Сол уақытта Елбасыға Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы заңмен бекітілді.

Сол кезде Қауіпсіздік кеңесі туралы конституциялық заң қабылданды. Сарапшылар Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатқан жағдайда Қауіпсіздік кеңесі басшысы ретіндегі жаңа құзыры өзінен кейін президент болған адамға қарағанда ауқымды болады деп жорамалдады.

Жовтистік пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың «өкілеттігін жүйелі түрде кеңейту» мен «мәртебесін көтеру» Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы заңмен бекітіліп отырды.

Сарапшы 2007 жылы Конституцияның 42 бабының 5 бөлігіне қосымша енгізіліп, бір адамның екі мерзімнен артық президент бола алмайтыны айтылғанын еске салады. Қазір "бұл шектеу Тұңғыш президентке қатысты емес" екені көрсетілген.

Сол кезде Конституцияның 46 бабының 4 бөлігіне «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады» деп жазылды.

Жовтистың айтуынша, Назарбаевқа қатысты Конституцияға енгізілген соңғы өзгеріс 91 баптың 2 бөлігінде тұр. Ол 2017 жылы наурызда енгізілді. Соның арқасында Назарбаев Тұңғыш президент және Елбасы ғана емес, «Мемлекеттің негізін қалаушы» деп те аталады.

Онда «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деп жазылған.

– Бұл жерде Конституцияда айтылған, өзгермейтін бірнеше түбегейлі принциптер бар екені айтылып тұр, яғни, Тұңғыш президент – Елбасы мәртебесі өзгермейді. Бұл өте маңызды, - дейді Евгений Жовтис.

«МӘҢГІЛІК ЕМЕС, МҮМКІНДІГІ ШЕКСІЗ ЕМЕС» ПЕ?

Тағы бір құқық қорғаушы Сергей Дувановтың пікірінше, кейбір адамдар елде қос билік пайда болды деп санайды. Дувановтың ойынша, бұл қате түсінік.

Сергей Дуванов.

– Қос билік жоқ. Біздегі стратегиялық маңызды шешімнің бәрін елбасы қабылдайды. Президент билігі сақталды, Тоқаев оның айтқанын істейді. Ұлт көшбасшысы ең маңызды стратегиялық шешімдерді қабылдау құқығын өзіне алды. Ол әрі Тұңғыш президент, әрі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және биліктегі партияның жетекшісі, - дейді Сергей Дуванов.

Дувановтың пікірінше, қалыптасқан билік конфигурациясының қолданыстағы конституцияға еш қатысы жоқ.

– Қартайған Назарбаев қазіргі жұмыстың бәрін президент Тоқаевқа өткізу үшін осындай уақытша конфигурацияны пайдаланып отыр. Қала мен ауылдарды аралап, шетелге шығып, сәлем жолдаудан құтылғысы келді. Қарт адамға ол ауырлық қылады. Назарбаев Тоқаевқа осындай техникалық жұмыстарды жүктеді де, өзі болса өзі қабылдаған шешімдердің орындалуын бақылайды, - дейді Дуванов.

Өзін саяси сарапшы деп атайтын Сұлтанбек Сұлтанғалиевтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұңғыш президент – Елбасы міндетін атқаруға көштім деуі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік міндетіне үйренуіне біраз уақыт берген соң елді басқаруға қайтадан көштім дегені.

– Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізгені (2019 жылы сәуірдің 10-ы күні өтті – ред.)соған дәлел. Қаржы министрі мен энергетика министрі баяндама жасаған, республикалық маңызы бар қала әкімдеріне тапсырма берілген шараның күн тәртібі қызық болды. Күн тәртібінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. Яғни, бұл күрделі мәселе емес, үкіметтің жоспарлы отырысында қарауға болатын күнделікті жұмыс тақырыбы болды, - дейді Сұлтанғалиев.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президент өкілетін тоқтатқан соң алғаш өткізген Қауіпсіздік кеңесі отырысы. Нұр-Сұлтан. 10 сәуір, 2019 жыл

Сұлтанғалиевтің айтуынша, сарапшылар оқиғаның басқаша өрбуін күткен еді. Олар мемлекеттік мекеменің ағымдағы жұмысы мен оны бақылауды президент пен премьер қолына алады, ал Назарбаев ішкі, сыртқы саясат пен экономиканың ең маңызды салаларын «сырттай» бақылап, бағыт беріп отырады деп ойлаған еді.

– Бірақ транзит туралы түсінік өзгеретін сияқты. Назарбаев мәлімдемесінде де, Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібі арқылы да, бейнелеп айтқанда «кімнің қожайын екенін» көрсетті, биліктің барлық тетігі кімде екенін ұқтырды, - дейді Сұлтанғалиев.

«Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық ұйымының төрайымы, бұрынғы сенат депутаты және оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова осы пікірге қосылады.

– Президенттік өкілеттігін тоқтатқан Назарбаев басқалардың алдындағы (ең алдымен, халықтың алдындағы) міндетін орындаудан босады. Есесіне, бұрынғыдан да ауқымды өкілеттікке ие болды. Қазір оның билігі әлдеқайда күшті, тіпті бәріне шамасы жетеді десе болады, - дейді Зәуреш Батталова.

Зәуреш Батталова

Оның пікірінше, бұрынғы президент (түрлі жағдайлар себебінен) ұзақ уақыт шетелге кететіндей болса жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, отбасы мен қасындағылардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәртіп орнатқысы келеді.

Батталованың айтуынша, билік оны жасырғысы келеді, бірақ ол «көзге шыққан сүйелдей» бадырайып тұр. Тіпті бұрын Назарбаев «мәңгі» билік етеді деп санағандардың өзі «жағдайы соншама қиын ба?» деп ойлана бастады. Зәуреш Батталованың пікірінше, Назарбаев өте маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауда бұрын-соңды болмаған асығыстық танытып жатыр.

- Соншалықты тез, шикі тапсырмалар беріп жатыр, президент міндетін атқарушы үнемі арандап қалады. Біресе бір күннің ішінде тұтас елдің атауын өзгертуге даяр, біресе сайлау туралы шешім қабылдайды. Бірақ онда кандидаттарды ұсыну, тіркеу, насихаттау мерзімі қарастырылмаған. Сайлау процесінің барлық процедурасы бұзылды. Аяқ астынан Назарбаев елден тыс жаққа кетсе таң қалмаймын, - дейді Батталова.

Наурыздың 19-ы күні 30 жылға жуық президент болған Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатып, наурыздың 20-сынан бастап сол күнге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент қызметіне кірісті.

Сыншылар Назарбаевты «басқаша ойлайтындарға қысым жасады, билігін асыра пайдаланды, демократиялық емес процедуралармен өкілетін ұзартты» деп сынаса, қазір оны «қалу үшін кетті» дейді. Билік сынға жауап ретінде елде адам құқығы сақталып тұрғанын, демократиялық институттар дамып жатқанын айтады және Қазақстанда билік транзиті Конституция мен заңға толық сай өтті деп санайды.