Жүргізушілер «Оңайға» һәм разы, һәм наразы

"Оңай" картасы. (Көрнекі сурет)

Алматыда кейбір автобус жүргізушілері «Оңай» төлем жүйесі енгелі ақшадан тарыға бастағандарын айтады. Бірақ олар қызмет ететін мекеме өкілінің сөзі басқаша.

Алматының шығысындағы Тұздыбастау мен батысындағы Абай ауылдарының арасында жүретін 54-бағыттағы автобус жүргізушісі Асқар (толық-аты жөнін айтпады) «Оңай» төлем жүйесі енгізілгелі жағдайлары қиындап кеткенін айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

«Оңайдың» қиындығы. Аудиоподкаст

– Біз «Авто Алма Транс» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке (ЖШС) қараймыз. Компания бізге «Оңай» жүйесі бойынша күнделікті жүретін жанармайымызды құйып беруге тиіс. Алайда олар «Оңайдан» қалған ақшаға құюымызды талап етеді. Құймасақ, рейске шығармай қояды, – дейді Асқар.

ЖАНАРМАЙДЫ КІМ ҚҰЯДЫ?

Асқардың айтуынша, әр автобус жүргізушісі мекемеге күніне 8400 теңге өткізуі керек.

– Күніне қанша адам «Оңай» картасын аппаратқа басты, сол арқылы біздің табысымызды есептейді. Күніне 300 «Оңай» өткіземіз, яғни 300 адам «Оңай» картасымен есептеседі. Одан түсетін ақша 12-15 мың теңге аралығында болады. Соның 8400 теңгесін алып қалады да, қалғанын қолымызға береді. Ал біз кем дегенде 10 мың теңгеге жағармай құямыз. Сонда бала-шағамызды немен асыраймыз, – дейді ол.

Автобустағы жолаушылар. (Көрнекі сурет)

Асқардың әріптесі, 54-бағыттағы автобустардың бірінің жүргізушісі Бағдат та оның сөзін қостайды. Ол өздері жүретін бағытта «Оңай» төлем картасын қолданбайтын автобустар да бар екенін айтып наразы болды.

– Мәселен, мына алдымда тұрған 23-бағыттағы автобустарда «Оңай» жоқ. Жолаушылардың көбі осыларға мініп кетеді. Мұндай автобус біреу емес, бірнешеу. Оған қоса салонда бақылаушы болмаса, жолаушылар «Оңай» картасын баспай түсіп кете береді. Соның салдарынан біз жапа шегеміз. Ал бізге қосымша төленетін ешқандай артық ақша жоқ, – дейді ол.

Бірақ қалалық автобустардың кейбірінің жүргізушілері «Оңай» картасына байланысты қиындық көрмеген. Мәселен, 59-бағыттағы автобустың жүргізушісі Арман Өтебеков өзі жұмыс істейтін компания «күніне 80 литр жанармайдың ақшасын қолдарына ұстататынын» айтады.

– Күніне бес-алты жүз «Оңай» өткіземіз. Соған байланысты аптасына бір мәрте есептеп, жалақымызды береді. Шамамен айына 150-200 мың көлемінде жалақы аламыз, – дейді ол.

Your browser doesn’t support HTML5

"Оңайға" разы және наразы жүргізушілер

«ЖАНАРМАЙДЫҢ АҚШАСЫН ҚОЛДАРЫНА БЕРЕМІЗ»

Азаттық тілшісі 54-бағыттағы автобус жүргізушілері Асқар мен Бағдаттың шағымынан соң олар қызмет ететін «Авто Алма Транс» мекемесіне хабарласқан еді. 54-бағыттың аға диспетчері Кәмшат Есқалиева телефонмен берген сұқбатында жүргізушілердің сөзін терістеді.

Асқардың мәселесін қарастырып жатырмыз. Өзі жұмыс істеп, нан тауып жүрген жерін жамандағаны үшін жұмыстан шығарамыз.

– Жүргізушілерге күнделікті жанармайдың ақшасын қолдарына ұстатып жібереміз. Олар құйған жанармайының чегін әкеліп өткізеді. Ал Асқардың мәселесін қазір қарастырып жатырмыз. Өзі жұмыс істеп, нан тауып жүрген жерін жамандағаны үшін жұмыстан шығарамыз, – дейді Кәмшат Есқалиева.

Бірақ «Авто Алма Транс» өкілі «Жүргізушілердің өткізген чегін көрсете аласыз ба?» деген сауалымызға «Жоқ» деп жауап берді

Қаладағы жолаушыларды тасымалдау мәселесімен айналысатын «Алматы көлік холдинг» компаниясынан бұл мәселеге қатысты жауап алудың сәті түспеді. Компания бұған дейін «автобус жүргізушілерінің жалақысы тұрақты, 150 мың теңге көлемінде болады» деп хабарлаған.

«Оңай» төлем жүйесі іске қосылғаннан бері алматылық жүргізушілер бірнеше рет наразылық танытқан. Қаңтардың 19-ында 65-бағыттағы автобустың 17 жүргізушісі «Оңай» электронды жолақы төлемі жүйесіне наразылық білдіріп, Абай даңғылының бойында көліктерін тоқтатып тастаған.

Алматыда «Оңай» электронды көлік картасы 2016 жылдың 11 қаңтарынан бастап іске қосылған. Осы күннен бастап жолаушылар көлікте жол жүру ақысын қолма-қол ақшалай төлей алмайды. Тұрғындар бұл картаны 400 теңгеге сатып алып, кейін арнайы орындардағы желілер арқылы ақшасын толтырып отырады. Ересектер көлікке әр мінген сайын картасынан 80 теңге, ал оқушылар мен студенттерден 40 теңге алынады.