Алматы қаласының тумасы Сергей Иванкин өз өмірін омыртқасы сынғанға дейінгі және одан кейінгі деп екі кезеңге бөлетінін айтады. Талай жылдан соң басталған жаңа өмірге ол әлі бейімделумен келеді. Денесінің белден төмен бөлігі жылдар бойы жансыз қалған ол енді мүгедектер арбасында отырып үстел теннисін ойнауға машықтанды. Өзіне жар тауып, шаңырақ құрғысы келеді.
АРБАДАҒЫ ТЕННИСШІ
Азаттық тілшісі спортзалға келген кезде жаттығу қызып жатыр екен. 47 жастағы Сергей Иванкин мен 42 жастағы Атэл Ниязов оң-сол жақтан соққыны тойтаруды үйреніп жүр. Бірі шабуылдаса, екіншісі қорғанады.
«Спарринг серігіңізбен ұпайға ойнайсыз ба, онда көбінесе кім жеңеді?» деген сұраққа Сергей «Екеуміз де отырып ойнасақ, мен жеңемін. Ондай кезде Атэл орындықта отырады. Ал Атэл тұрып ойнаса, ол жеңеді» дейді.
«Разрядыңыз қандай?» деген сұраққа Сергей Иванкин спорт шебері атағы барын, ал Атэл Ниясовтың спорттық разряды жоқ екенін айтты.
– Ешқандай разряды жоқ Атэлден жеңіліп жүріп қалай спорт шебері болып жүрсіз? – деді таңданған Азаттық тілшісі.
Сергей үстел теннисінде дене қимылы шектеулі спортшыларға арналған он балдық деңгей бар, оның әрқайсысы класс деп аталады деп түсіндірді. Сергей үстел теннисінің 4-5 класында арбада отырып ойнайды. Ол Алматы қаласында тұрғанымен, Алматы облысының құрама командасы үшін ойнайды әрі талай «алтынды» жеңіп алған.
– Маған сондықтан спорт шебері деген атақ берген, - деген Сергей сөзіне дәлел ретінде куәлігін көрсетті.
ЕКІНШІ ӨМІР
Алматы қаласының тумасы Сергей Иванкин – бұрын әскери ұшқыш болған. 2000 жылы қозғалтқышы істен шыққан ұшағы қонған кезде жерге соғылып, жігіттің омыртқасы сынып, мертіккен. Ол Мәскеудегі госпитальде үш жыл жатып шыққан соң әйелі баласын алып кетіп қалған. Ол әйелінің бұл қылығына түсіністік танытқан.
Әке-шешесі оны Алматыға көшіріп әкелген соң хирург омыртқасына операция жасаған.
– Ол омыртқа сынықтарын бір-бірлеп жинап шықты, - дейді Сергей ризашылықпен.
Операциядан кейін ол қозғалып, қимылдауға, төсекте жатып аунауға және аяқтарын көтеруге талпына бастаған. Бұған бірнеше жыл кеткен.
– Хирургтен «жүріп кетемін бе?» деп сұрағанымда «мүмкіндігің елу де елу» деді. Ол қолынан келгенін істеп, омыртқамды жинап берді. Ал қалғаны енді өзіме, өз аяғыммен жүруге деген құлшынысым мен ерік-жігеріме байланысты, - деп еске алады Иванкин.
Бірер жылдан кейін Сергей Иванкин балдақпен жүре бастаған. Сосын әке-шешесінің ескі «Нива» көлігін қолмен басқарылатындай етіп ыңғайлап жасаған. Кейін достары джип сатып алуға көмектескен. Қазір достарымен бірге балық аулауға шығып тұрады.
Бірер жыл бұрын туыс қарындасы оған үстел теннисін ойнауды үйренуді ұсынған. Ол да арбада отыратын мүгедек әрі спорт шебері екен.
– Өкінішке қарай, ол екі жыл бұрын қайтыс болды,- деп қамығады Сергей.
Бірақ туысының кеңесімен үстел теннисіне деген қызығушылығы оянған Сергейдің шеберлігін тез шыңдай бастаған. Ол «зақымданған омыртқам үшін үстел теннисі нағыз панацея болып шықты» дейді.
– Арнайы жаттығулармен айналыспай-ақ үстел теннисі арқылы омыртқаға түсетін салмақты азайтып тұратын арқаның бұлшық етін нығайтуға болады. Ең бастысы, қимылдаған кезде қызатын омыртқаға суық тигізіп алмасаң болғаны, - дейді тәжірибесімен бөліскен Сергей.
Омыртқасының зақымданған тұсы бұрын, тенниспен айналысқанға дейін сәл желемік тисе, тіпті жылы бөлмеде отырса да сырқырайтын. Бұрын ол жүннен жасалған белдікті тастамай тағып жүретін, енді оны мүлде тақпайды әрі тенниспен салқын залда шұғылданады.
Your browser doesn’t support HTML5
БОЙДАҚ СТУДЕНТ
Соңғы кезде Сергей Иванкин жеке көлігімен мүмкіндігінше кісі тасумен айналысады. Әскери зейнетақы алуға стажы жетпегендіктен, ол мүгедектігі үшін 30 мың теңге жәрдемақы алады. Ол жасы 80-ге таяп қалған кәрі әке-шешесімен бірге тұрады.
Денсаулығы оңалған сайын біртіндеп болашаққа жоспар да құра бастаған. Ол бұрынғы халық шаруашылығы институтының үшінші курсында «бухгалтер» мамандығы бойынша оқиды.
Сергейдің баласы – Ресей азаматы. Ресейдің бұрынғы әскери ұшқышы «Шұғыл әскери қызметін өтеп біткен соң ұлымды көргім келеді. Достарым арқылы баламды Жуковский атындағы әскери-әуе инженерлік академиясы жанындағы қызмет көрсету батальонына орналастырдым» дейді.
Ең бастысы, ол үйленгісі келеді. Қазір сөз байласқан құрбысы да бар. Өмірдің дәмін сезе бастағанын айтқан бұрынғы атеист Сергей «Құдай қаласа, үйленеміз. Бірақ алдын ала бал ашпай-ақ қояйын. Қазір көп уақытым университеттегі оқуыма кетеді» дейді.
Оқуынан бөлек үстел теннисіне де көп уақыт жұмсайтын ол аптасына үш күн кешкісін бұлжытпай үстел теннисімен шұғылданады.
Темекі шекпейді, бірақ мереке кезінде аздап ішеді. Марафоншы сияқты сидам денелі, қолдары ұстаныкі сияқты сіңірлі келген Сергей Иванкин қоштасар сәтте Азаттық оқырмандарына «мен сияқты салауатты өмір салтын ұстаңыздар» деген тілек айтты.