Шәкен Аймановқа арналған көрме
Көрменің ашылуы әдетте ұқсас сценарий бойынша өткізіледі. Әуелі фойеде жұрт алдында көрмеге себепші тұлға туралы естелік сөздер айтылады. Кейде оған кішігірім музыкалық немесе би бағдарламасы да қосылады. Бұл жолы жиналғандар арасында студент жастар көп болды.
Консерватория студенттері дайындаған шағын концертте күй шертіліп, ән айтылды, скрипка тартылды. Мына бойжеткен «Тақиялы періште» кинофильміндегі Александр Зацепин мен Леонид Дербеневтің «Ана туралы әнін» қазақ тілінде шырқады. Фильмнің орысша нұсқасында бұл әнді кезінде өте танымал болған Майя Кристалинская орындаған еді.
Қазақ киносының тарихын зерттеуші Қасым Бегалин кезінде өзі жүздескен Шәкен Айманов туралы естеліктерімен бөлісіп, атақты режиссер әрі актердің өмірі мен шығармашылығы жайлы өзі құрастырған жаңа кітапты музейге сыйлады.
Шәкен Айманов пышақтар, қарындаштар, оттықтар коллекциясын жинаумен әуестенген. Оның коллекциясының бір бөлігі, арасында кинокамера пішінінде жасалған мына бір оттық та бар, осы көрмеге қойылған. Шәкен Аймановқа Оңтүстік Америкадан оттық әкеліп беруге уәде еткен советтік Қазақстанның бұрынғы басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың (ол да оттықтар коллецкиясын жинаған) сөзінде тұрып, мұхиттың ар жағына сапарынан оттық әкелгенімен оны табыс ете алмаған. Қонаев сапардан оралған күні Шәкен Айманов қаза тапқан. Дінмұхаммед Қонаев Шәкен Аймановтың әріптестері мен достарына қаралы хабарды естірткен кезде қолында осы оттық болыпты.
Мына жерге Шәкен Аймановтың жұмыс кабинетіндегі заттар – жазу үстелі, кресло, диван, теледидар, пальто ілінген киім ілгіш қойылған. Үстел үстінде кеңсе заттары, телефон аппараты бар. Бұларды және көрмедегі заттардың көпшілігін «Қазақфильм» киностудиясы берген.
Шәкен Аймановтың жеке заттарының арасында шахмат та бар. Қасым Бегалиннің айтуынша, түсірілім кезіндегі үзіліс уақытында Шәкен Айманов шахмат ойнағанды ұнатқан. Сонымен бірге дойбыны да жақсы ойнаған. Ал белгілі балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің пәтеріне қонаққа келгенде онымен асық та ойнапты.
Көрмеде Шәкен Аймановтың өмірінің әр кезеңінде театр сахнасында сомдаған түрлі кейіпкер бейнесінде, кино түсірілімдері кезінде түскен көптеген суреттерінің көшірмелері бар. Көрмеге қойылған оның наградалары арасында Ленин ордені сияқты сол кездегі жоғары награда да бар. Шәкен Айманов туралы кітаптар, оның фильмдеріне арналған костюмдердің салынған эскиздері, реквизиттер де бар. Мысалы, «Атаманның ақыры» кинофильміндегі әскери киімді осы жерден көре аласыз.
Шәкен Айманов домбыра мен мандолинде ойнағанды ұнатқан. Замандастарының айтуынша, домбыраны жанынан тастамаған. Қасым Бегалин бір сапарда Шәкен Аймановтың бір күйді бес түрлі аспапта орындағанын айтып берді.
Көрмеге келген болашақ кинематографист жастардың назарын өзіне тартқан қызықты экспонаттардың бірі – «Дружба» кинокамерасы. Студенттердің бірі тіпті әйгілі режиссердің қимыл-тұрысына салып суретке де түсті.