Интернетте діни әндер жариялау сотқа ұласты

Көрнекі сурет.

«Вконтактеден» араб тілінде нашид (діни ән) «тыңдаған» Алматы тұрғынына «әлеуметтік желі арқылы терроризмді насихаттады», «діни араздық қоздырды» деген айып тағылып отыр. Бес айға созылған тергеуден соң іс өткен жұмада Алмалы аудандық сотына берілді. Оның адвокаты «ән үшін кінәлауды бірінші рет кездестіріп отырғанын» айтады.

32 жастағы Алматы тұрғыны Шухрат Кибировті 2017 жылы сәуірде қалалық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті (ҰҚКД) өкілдері қамауға алған. Ол қылмыстық кодекстің 174-бабы (діни араздық қоздырды) және 256-бабының 2-тармағы бойынша (бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникациялар желілері арқылы терроризмді жария түрде насихаттау) айыпталып отыр. Айыптарға себеп ретінде тергеушілер 2014 жылы «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі «Алим Ахметов» атты аккаунт жариялаған араб және шешен тіліндегі нашид әндерін алған. Әлгі діни әндер жарияланған аккаунт әлгі желіде әлі бар, иесінің аккаунтқа тамыздың 8-і күні кіргенін көруге болады. Тергеу тарапы «Шухрат Кибиров әлеуметтік желіге «Алим Ахметов» болып тіркелген» деп болжайды.

Шухрат Кабировті терроризм ме экстремизмді насихаттады деп айыптауға себеп болған «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі «Алим Ахметов» атты аккаунт. (Скриншот)

Айыпталушы тергеу абақтысында отырғандықтан, Азаттық тілшісіне онымен байланысу мүмкін болмады. Ал адвокаты Ғалым Нұрпейісов «Шухрат Кибировтің әлгі «қауіпті» нашидтерді жариялаған «Алим Ахметовтің кім екенін білмейтінін» айтты. Қорғаушының сөзінше, «Вконтактедегі» осы аккаунт тіркелген мобильдік телефон нөмірін ол өзіне «тек 2016 жылы қазан айында» рәсімдеген.

Шухрат Кибировке қатысты қозғалған қылмыстық іс Алматы қалалық прокурорының бірінші орынбасары Берік Жүйріктаевтың бекітуімен тамыздың 18-і күні Алматы қаласы Алмалы аудандық соты өндірісіне түсті.

АККАУНТ ПЕН НӨМІРДІҢ ХИКАЯСЫ

Адвокатының айтуынша, «Шухрат Кибиров 2010 жылы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған соң курьерлік (басылымдар мен хаттар тарату – ред.) жұмыстармен айналысқан».

Ғалым Нұрпейісов оның «2013 жылы намаз оқи бастағанын» айтады. «2014 жылы ол Алматыдағы «Фуркан» ислам оқу орталығында материалдық көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсететін әкімшілік жұмыстармен айналысқан әрі сол жерде араб тілін, құран оқуды үйрене бастаған».

Адвокаттың сөзінше, 2014 жылы қазанның 25-і күні «Фуркан» қызметкерлерінің бірі Кибировтың өтінішімен «Теле-2» операторының нөмірін сатып алып әкеліп берген. Әлгі нөмір оқу орталығының жарнамалық нөмірі ретінде қолданыла бастаған. Шухрат Кибиров 2015 жылы «Фуркан» оқу орталығындағы қаржылық қиыншылықтарға байланысты жұмыстан кеткен.

- Менің қорғауымдағы Кибиров «Фуркан» орталығынан жұмыстан кеткен соң сол жердегі топталған байланыс нөмірлерін алып, өзі мұқтаж адамдарға қолдау көрсетумен айналысқан. Ол жарнамалық нөмір ретінде қолданылып жүрген мобильдік телефон нөмірін өз атына тек 2016 жылы қазанның 16-сы күні рәсімдеген, - дейді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Кибировтікі деген мобильдік телефон нөмірі арқылы ашылған «Вконтактедегі» «Алим Ахметовтің» парақшасында төрт араб және бір шешен тіліндегі нашидтердің аудиожазбасы жарияланған. Адвокат айыптаушы тараптың бұл әуендерді орыс тіліне аударғанын айтады.

«Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі «Алим Ахметов» атты аккаунт жариялаған нашидтер. (Скриншот)

- Айыптауға еш негіз жоқ. Нашидтердің қай телефон не компьютерден қашан және қайдан жүктелгені тәрізді тікелей дәлелдердің бірде-бірі жоқ. Кибировті [терроризм мен экстремизмді] насихаттады деп айтуға болар еді, егер ол араб тіліндегі әуенді аударып, қазақ не орыс тілінде жарияласа. Ол араб тілін екі ай ғана оқыған, түсінбейді. Қазақстанда қоғамда қолданатын тіл емес, жұрт оны білмейді. Заңгер ретінде араб тіліндегі әуенді насихат деп санамаймын. Сонда бұлар оны арабша ән тыңдады деп айыптап отыр, - дейді Ғалым Нұрпейісов.

Ол араб тілін екі ай ғана оқыған, түсінбейді. Қазақстанда қоғамда қолданатын тіл емес, жұрт оны білмейді. Заңгер ретінде араб тіліндегі әуенді насихат деп санамаймын. Сонда бұлар оны арабша ән тыңдады деп айыптап отыр.

Бұған қоса, ол «алдын ала тергеуде алынған куәлер жауаптарының бетпе-бет кездесудегі жауаптармен мүлде сәйкес келмесе де айыптауға негіз болып отырғанын» айтады.

- Құқық қорғау органдары тым артық кетіп барады. Ахуал 37 жылдан да нашар. Бізде қай заңда ән тыңдауға рұқсат жоқ немесе әуен тыңдаудың терроризмді насихаттайтыны көрсетілген? Әуен тыңдағаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру менің тәжірибемде кездесіп отырған ең абсурд жағдай, - дейді Ғалым Нұрпейісов.

«МІНЕЗДЕМЕ ЖАЗДЫҢДАР, ЕНДІ КУӘСІҢДЕР»

Шухрат Кибиров - Әділжан Кибировтің отбасындағы екінші бала, жалғыз ұл. 55 жастағы әкесі Әділжан Кибиров инсульт алып, мүгедек болып қалса да көлік жүргізушісі болып еңбек етеді.

Әділжан Кибировтің сөзінше, ұлын полицейлер биыл сәуір айында алып кеткен. Ол баласымен «мүлде тілдестірмегенін, тіпті көлігінің қайда қалғанын білмей, кейін оны өздері іздеп тапқанын» айтады.

Көрнекі сурет.

- Бірнеше күннен соң үйіме келген ҰҚК департаменті тергеушісі баламды әлдебір қағаздарға қол қоюға көндіруді сұрады. Ол «балаң бес жылға отырады, ал екі жарым жылдан соң шартты жазаға ауысып, босап шығады» деді. Мен баламды мүлде көре алмаймын ба деп қорыққанымнан келісім беретінімді айттым, - дейді ол.

Әділжан Кибировтің сөзіне қарағанда, «кездесуге барғанда ұлы оған «мені бір қағазға қол қойдыруға мәжбүрледі, маған «сені Заречныйда (Алматыға жақын колонияны айтады- ред.) қалдырамыз, әке-шешеңе жақын боласың деді» деген».

Телефон оныкі болғанымен, нөмір бұрын басқа адамда болған, ол нөмірден кім қайда не жазды, қайда кірді, тіркелді – оны ешкім білмейді.

- Одан «телефондағы жазбалар сенікі ме?» деп сұраған. Ол телефон өзінікі болған соң «иә» деп жауап берген. Соны кінәсін мойындаған ретінде алып отыр. Телефон оныкі болғанымен, нөмір бұрын басқа адамда болған, ол нөмірден кім қайда не жазды, қайда кірді, тіркелді – оны ешкім білмейді, - дейді Әділжан Кибиров.

Ол қамауда болған бес айдың ішінде баласымен тек бір мәрте, оның өзінде әйнек арқылы сөйлесуге мүмкіндік болғанын айтады.

- Тергеуші әйелім екеумізден балаға мінездеме жазып беруді сұрады. Біз баламызды сипаттап жазып бердік. Кейін «сендер мінездеме жаздыңдар, енді куәсіңдер» деп бізді заңды қорғаушы санатынан алып тастады, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Алматы қалалық ҰҚК департаментінің аға тергеушісі, Шұхрат Кибировті айыптау актісін жазған подполковник Рахат Рүстемовке хабарласқан еді. Бірден «ештеңе білмейтінін» ескерткен ол жауап беруден бас тартып, телефон тұтқасын қоя салды.

АЙЫПТАУ АКТІСІНДЕГІ МӘЛІМЕТТЕР

Алматы қалалық ҰҚК департаментінің аға тергеушісі, подполковник Рахат Рүстемов жазған айыптау актісінде Шухрат Кибировтің «ешқандай теологиялық арнаулы білімі болмаса да 2013 жылдан бастап исламды өз бетінше интернет сайттар арқылы оқып-үйрене бастағаны» жазылған. Бұл актіде тергеуші Кибировті «бейбітшілік пен адамдар өміріне қатысты, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасады» деп сипаттаған.

Айыптау актісіндегі ақпаратқа қарағанда «2014 жылы қыркүйекте Кибиров араб тілін жетілдіру үшін осы тілдегі түрлі діни әдебиеттерді белсенді түрде оқи бастаған. 2014 жылы қазанда түрлі радикалдық топтардың әрекетінен хабардар болу үшін әлеуметтік желіде өз парақшасын ашқан. Осы мақсатта ол «Фуркан» қызметкерлерінің біріне ақша беріп, мобильдік нөмір алдыртқан. «Вконтакте» әлеуметтік желісіне осы нөмірмен «Алим Ахметов» болып тіркелген, кейін 2016 жылы бұл нөмірді өз атына рәсімдеген» деп жазылған.

ҰҚК тергеушісінің айыптау актісіндегі мәліметке қарағанда, Кибировті айыптауға «Нұр Мүбәрак» университеті студенттерінің бірінің «Алим Ахметов» деген қолданушының «Вконтакте» желісінде терроризмді насихаттайтын нашидтерді жариялағаны туралы арызы себеп болған».

Тергеу барысында «Алим Ахметов» болып Шухрат Кабировтің тіркелгенін белгілі болды. Соттық-діни сараптама «Алим Ахметов» парақшасында жарияланған нашидтерде діни араздық қоздыру... терроризм мен діни экстремизмді насихаттау белгілері бар екені анықтады.

Актіде «Жедел тергеу барысында «Алим Ахметов» болып Шухрат Кибировтің тіркелгенін белгілі болды. Саясаттанушының қатысуымен өткізілген соттық-діни сараптама «Алим Ахметов» парақшасында жарияланған нашидтерде діни араздық қоздыру, басқа діндегі адамдардың діни сезімін қорлау, терроризм мен діни экстремизмді насихаттау белгілері бар екені анықтады» деп жазылған.

Алматы қалалық ҰҚКД тергеушісі Рахат Рүстемов айыптау актісінде «Алим Ахметовтің» «Вконтактідегі» аккаунтында жарияланған, орыс тіліне аударғанда «Нужное слово-слово строгости», «Умар» және «Сптуницы с красивыми большими и блестящими глазами», «Моя мама» деп аталатын араб әуендері діни араздық қоздырады әрі терроризм мен экстремизмді насихаттайды» деп жазады. Тергеуші «№1,2,3 нашидтерде «Мұсылман бауырлар» қауымдастығының (Қазақстанда террорлық ұйым саналады – ред.) идеялары бар екені анықталғанын» баяндаған. Актіде нашидтердің қашан жарияланғаны көрсетілмеген.

МАМАНДАР ПІКІРІ

«Діни араздық қоздыру» бабы бойынша 20-дан астам қылмыстық істе адвокат болған заңгер Бауыржан Азанов «араб тілін түсінбейтін адамды сол тілдегі әуенді тыңдағаны үшін жауапқа тартқандарына таңғалатынын» айтты. Оның ойынша, Қазақстан азаматтарына араб немесе басқа тілдердегі өзіңе ұнаған əуенді жүктеп алуға, тыңдауға заңмен тыйым салынбаған.

Адвокат Бауыржан Азанов.

- Бірақ соңғы кезде жиі қолданыла бастаған 174-бап (діни, əлеуметтік араздық қоздыру) бойынша жауапталатындардың сценариі бір бірінен аумайды. Facebook пе, басқа ма - бір əлеуметтік желіден пост па, аудио ма, видео ма табады, оған мемлекеттік, атап айтамын, мемлекеттік сарапшылар талдау жасайды, соны дəлел етіп соттайды. Ал адвокаттардың тəуелсіз сарапшыларға жасатқан сараптамасын сот ескерген емес, - дейді ол.

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы уағыз-насихат бөлімі басшысы Ершат Оңғаров уағыздарда «нашидтерді емес діни, рухани бағыттағы Майлықожаның, Шал ақынның термелерін қолданатындарын» айтты. Оның сөзінше, «нашидтер - арабтардың діни өлеңдері, оларды экстермистік бағыттағы роликтерге де қолданады».

Ершат Оңғаров.

- Мен нашидті зерттемеген екенмін. Ол енді діни өлеңдер ғой. Аллаға деген мінәжат, пайғамбарға мадақ ретінде айтылатын арабтардың діни өлеңдері. Оны экстермистік бағыттағы роликтерге де қолданады. Сондықтан мен өз басым нашидті тыңдамаймын, - деді Ершат Оңғаров.

Өткен аптада АҚШ үкіметі әлемдегі діни еркіндік жөнінде жыл сайынғы есебін жариялады. Онда Қазақстанда «діни араздық қоздыру» бабы жиі қолданылатыны, құқық қорғау органдарының адамдардың ауызекі әңгімеде айтқан пікірін де «діни араздық қоздыру» санатына жатқызып отыратыны айтылды. АҚШ үкіметі діни және басқа да араздықты қоздырды деп айыпталған «100-ге тарта діни тұтқынға» қатысты сот процестері жүріп жатқанын хабарлаған. Есепте Қазақстан үкіметінің діндарларды қамауға алып, тұтқындауды, түрмеге жабуды, олардың сөздерін «діни араздық қоздырды» деп қылмысқа жатқызуды жалғастырып отырғаны жазылған.