ӘУЕЖАЙДА ҰСТАУ
Сирия азаматы 34 жастағы Аладдин Алсалим Абдулжабар наурыздың 28-і күні Түркия арқылы Алматыға ұшып келген. Алайда қолында 2017 жылғы сәуірдің 19-ына дейін жарамды Қазақстан визасы бар және осы елден босқын мәртебесін алғысы келетінін айтқан шетелдік азаматты шекара қызметі өткізбей, ол Алматы әуежайының транзиттік аймағында қалып қойған дейді Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюро жетекшісінің орынбасары Денис Дживага.
Your browser doesn’t support HTML5
Дживаганың айтуынша, Аладдин Алматыда тұратын, осыған дейін Қазақстан азаматтығын алған туған ағасы Ахметке хабарласып, шекарадан өте алмай тұрғанын айтқан. Ахмет Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюросын тауып, олардан жәрдем сұрағанша арада екі тәулік өткен.
- Наурыздың 30-ы, бейсенбі күні іссапарда едім. Бюромыздың заңгері хабарласып, жағдайды баяндаған соң бірден Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне, Алматының миграциялық полициясына факспен хат жолдадық. Онда босқын мәртебесін алғысы келетін азамат ретінде Аладдиннің Қазақстан заңнамасында қарастырылған процедуралардан өтуін талап еттік. Келесі күні Астанадан - шекара қызметінен хабарласып, Абдулжабардың өтінішін қабылдағандарын айтып, оны сол күні босатты, - дейді құқық қорғаушы.
Денис Дживаганың сөзінше, қазір Алматыдағы туысының үйіне тоқтаған сириялық азамат Қазақстан үкіметінен өзіне босқын мәртебесін сұрап өтініш берген. Аладдин Алсалим Абдулжабар Азаттық тілшісімен сөйлесуге ниет білдірмеді.
БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН БЕРУ ТӘРТІБІ
Қазақстандық құқық қорғаушы Денис Дживаганың сөзінше, Абдулжабар енді босқын мәртебесін алуға берген өтінішін қарайтын комиссияның шешімін күтеді. Ол бір айдан аса уақытқа созылуы ықтимал.
Жоғарғы соттың шешімі шығып, заңды күшіне енбейінше ол Қазақстан аумағында қалуға құқылы.
- Комиссия оның келген еліндегі ахуал қандай, ол жақта бұл адам немен айналысқан, өміріне шынымен де қауіп төнді ме деген мәселелерді анықтап, шешім шығарады, Егер қандай да бір себептермен босқын мәртебесі берілмесе, ол адам Жоғарғы сотқа дейін шағымдануға құқығы бар. Жоғарғы соттың шешімі шығып, заңды күшіне енбейінше ол Қазақстан аумағында қалуға құқылы, - дейді құқық қорғаушы.
Қазақстанда босқын мәртебесі берілген шетел азаматтарына кей мемлекеттердегі тәрізді әлеуметтік көмек көрсетілмейді. Босқын мәртебесі ол адамға Қазақстан территориясында тұрып, жұмыс істеуіне құқық береді, сондай-ақ, қашып келген елге кері қайтарылмайтынына кепіл болады.
Денис Дживаганың сөзінше, БҰҰ конвенциясында босқын мәртебесі шексіз мерзімге беру қарастырылғанымен, Қазақстанда босқын мәртебесі бір жылға берілед. Ол мерзім біткеннен кейін босқын арнайы комиссияның алдынан қайта өтуі тиіс.
Босқын мәртебесін алмайынша ол азаматтардың Қазақсанда жұмыс істеуге құқығы жоқ, мұнда олар уақытша тұратын орталық та жоқ.
- Қазақстанға босқын мәртебесін алу үшін әдетте әйелі не күйеуі Қазақстанның азаматтығын алғандар, я осы жерде қандай да бір туысы барлар, болмаса кезінде осында оқыған адамдар келеді. Келушілерге босқын мәртебесін алуға кететін (кейде жарты жылға дейін созылатын) уақытта өте қиын тиеді. Себебі, босқын мәртебесін алмайынша ол азаматтардың Қазақсанда жұмыс істеуге құқығы жоқ, мұнда олар уақытша тұратын орталық та жоқ. Сондықтан Қазақстанда туыс-таныстары я азын-аулақ ақшасы болмаса, бізге келуі екіталай, - деді Денис Дживага.
Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюро өкілінің сөзінше, қазір елде босқын мәртебесін алып тұрып жатқан 700-ге жуық азамат бар, олардың басым көпшілігі Ауғанстаннан келгендер.