Дағдарыс универсиада бюджетін қысқартты

Алматыдағы қысқы универсиада нысандарын таныстырып тұрған маман (Сурет универсиаданы ұйымдастыру комитеті баспасөз қызметінен алынды).

2017 жылғы Алматы универсиадасының бюджеті екі есеге жуық азайды. Шығынды қысқарту үшін кейбір жарыс түрлерін алмастыруға тура келген.

2017 жылдың 28 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында Алматыда өтетін қысқы универсиаданың операциялық бюджеті бастапқыдағы 32 миллиард теңгеден 17 миллиард теңгеге дейін қысқартылды. Бұл туралы Азаттыққа универсиаданың ұйымдастыру дирекциясынан хабарлады.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТАПСЫРМАСЫ

Қысқы универсиада үшін салынып жатқан мұз арена (Сурет универсиаданы ұйымдастыру комитеті баспасөз қызметінен алынды).

Дирекция универсиада бюджетін қысқарту Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмасына сәйкес жүргізілгенін айтады. 2015 жылы елдегі қаржылық дағдарыстан кейін Назарбаев Алматы универсиадасын ұйымдастыру қаржысын қысқарту керек деп мәлімдеген еді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, жарыс бюджетіндегі транспортқа, эстафета алауына және универсиада алдында өтетін тестік шараларға қарастырылған қаржы көлемі бұрынғыдан азайтылған.

Мәселен, транспортқа жұмсалатын ақша бір миллиард теңгеге қысқарған. Универсиада комитеті жарыс кезінде спортшылар мен ресми өкілдерді тасымалдау, жарыс обьектілеріне қатынайтын транспорт түрлерін жаңадан сатып алмай, жалдайтындарын айтады.

Бұдан өзге универсиада алдында және жарыс кезінде ұйымдастырылатын түрлі мәдени шараларға, универсиаданың жарнамасы мен маркетингіне кететін қаржы 1,5 миллиард теңгеге кемітілген.

Универсиада эстафета алауы мен тестілік жарыстар шығыны бір миллиард теңгеге (әрқайсысы 500 миллион теңгеге) қысқарған.

Эстафета алауы 2017 жылдың басында Астанадағы Назарбаев университетінен бастау алады деп жоспарланған. Ресми мәлімет бойынша, бұл шараға спортшылар, саясаткерлер, студенттер – барлығы 600-ге жуық адам қатыспақ.

Сонымен қатар, Алматы қысқы универсиадасының ашылу және жабылу салтанатына жұмсалатын шығын 1,2 миллиард теңгеге азайтылған. Жарыстың ашылу және жабылу салтанаты жаңадан салынған 12 мың орындық Мұз сарайында өтеді. Оған дайындық алдағы үш-төрт айдың көлемінде басталмақ.

Ұйымдастыру комитеті Азаттыққа «бұл шараларды арнайы шығармашылық топ, режиссерлер ұйымдастырады, бірақ ол шетелдік пе, отандық па – ол жағы әзірше белгісіз» деп хабарлады.

БАҒДАРЛАМАДАҒЫ ӨЗГЕРІС

Универсиада ұйымдастыру комитеті бюджетті қайта қарастырған кезде жарыс бағдарламасына да өзгерту енгізген.

Ұйымдастырушылар Халықаралық студенттер спорты ұйымы (FISU) келісімімен, фристайлдың хайпайп бағдарламасын акробатикаға ауыстырғандарын, соның нәтижесінде 2 миллиард теңге үнемдегенін айтады.

Алматыдағы қысқы универсиада нысандарының біріндегі құрылыс жұмыстары (Сурет универсиаданы ұйымдастыру комитеті баспасөз қызметінен алынды).

Дирекцияның ақпараты бойынша, Универсиада жарыстары Алматыдағы сегіз спорт ғимаратында 12 спорт түрі бойынша өтеді. Жарысқа қатысушылар салынып жатқан атлеттер қалашығына орналастырылады.

Алматы қаласы әкімдігінің мәлімдеуінше, универсиадаға қатысуға осы кезге дейін 54 елден өтініш түскен. Алматыда 2014 жылы құрылысы басталған 12 мың орындық Мұз сарайы, үш мың орындық мұз аренасы және атлеттер қалашығының құрылысын биыл күзде аяқтау жоспарланған.

«Универсиада обьектілері құрылысы 70 пайызға дайын. Тамыздың соңы мен қыркүйектің басында олар толықтай пайдалануға беріледі» деп хабарлады ұйымдастыру комитеті Азаттыққа.

2011 жылы қарашаның 29-ы күні Брюссельде (Бельгия) өткен FISU жиынында Алматыға 2017 жылғы қысқы универсиаданы ұйымдастыру құқығы берілген. Алматымен бірге бұл жарысты өткізуге Италияның Трентино қаласы таласқан.

2015 жылғы универсиаданы Гранада (Испания) мен Штрбске-Плесо (Словакия) бірге өткізіп, Қазақстан 5 алтын, 6 күміспен жалпы есепте Ресей және Оңтүстік Кореядан кейін 3-орын алған.