Тәуелсіздік күнін ауыстыру туралы ұсыныс айтылды

Жаңаөзен оқиғасы туралы ән айтып тұрған белсенділер. Алматы, 17 желтоқсан 2012 жыл.

17 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасы өтті.

Жиынға қоғамдық белсенділер, оппозиция өкілдері, Жаңаөзен және Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, ақын-жазушылар, қала тұрғындары, студенттер қатысты. Шара барысында құрбан болғандарға құран бағышталып, жоқтау айтылды.

«16-17 ЖЕЛТОҚСАН ҚАРАЛЫ КҮН БОЛСЫН»

Үш сағатқа созылған шарада Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғаларына байланысты деректі фильмдер көрсетілді. Жиналғандар ол екі оқиғаға саяси мәртебе беруді, 16-17 желтоқсанды қаралы күн деп жариялауды ұсынды.

– Біреуі құран оқып жатқан кезде біреуі той тойлап жатпау үшін тәуелсіздік күнін 25 қазанға ауыстыру керек, – деді «Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов.

Жиында сөз сөйлеген оппозиция өкілі Болат Әбілов «Қазақ тарихында билік өз

2011 жылы 16 желтоқсанда Шетпеде оққа ұшқан Төребек Төлегеновтің әкесі Жәнібек Төлегенов жиында отыр. Алматы, 17 желтоқсан 2012 жыл.

халқына екі рет оқ атты. Бірі – Желтоқсан оқиғасы, ал екіншісі – Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиға» дей келе:

– Осы екі қайғылы оқиға Қазақстан билігінің өз халқынан қорқатындығын көрсетті. Қазір Қазақстанда тәуелсіздік мейрамы. Бірақ бізде мерекелік көңіл-күй жоқ. Бұл күндер халық үшін қаралы, – деді.

«Билік халықтан қорқады» деген сөзді «Жас Алаш» газетінің редакторы Рысбек Сәрсенбай да айтты. Оның ойынша:

– Билік халықтан қорықпаса, тәуелсіздік күні қарсаңында жастарға, студенттерге демалыс беріп, оларды ауылдарына қайтармас еді.

Бұл жиынға 2011 жылы 17 желтоқсанда Шетпеде оққа ұшқан Төребек Төлегеновтің әкесі Жәнібек Төлегенов пен Жаңаөзен оқиғасында жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев те қатысты. Жәнібек Төлегенов көңілі босап сөйлей алмады, ал Нұрлыбек Нұрғалиев Жаңаөзен оқиғасы кезінде көргенін баяндады.

«БІРЕУЛЕР ЖАУАП БЕРУІ КЕРЕК»

Жазушы Қабдеш Жұмәділов «былтыр Жаңаөзен мен Шетпеде қан төгіліп жатқанда, Астанада той болғанын» еске алды.

– Желтоқсан оқиғасында отар елдің жастары көтерілді, империя оны жаныштады. Бұл – заңды құбылыс. Тарихта талай рет ондай оқиғалар болған. Ал Жаңаөзен

Жаңаөзен оқиғасында жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев жиында отыр. Алматы, 17 желтоқсан 2012 жыл.

оқиғасында «тәуелсіздік алғалы 20 жыл болды» деп отырғанда қазақтың тәуелсіз үкіметі өзінің бейбіт халқын қырып тастады. Бұл – қылмыстың қылмысы. Тіпті мұны заңға да сыйдыра алмаймыз. 1986 жылғы қырғын үшін империя жауап берді. Бес жылдан соң жойылды. Ал Жаңаөзен мен Шетпедегі қырғынға да біреулер жауап беру керек, – деді ол.

Ақын Мұхтар Шахановтың айтуынша, «Жаңаөзен оқиғасы оңайлықпен ашылмайды. Бірақ бұған билік жауап беру керек».

Жиынға қатысқан жазушы Софы Сматаев «жай қазақты бай қазақ атып тастағанын», «өрдегі қазақты төрдегі қазақ қыршыннан қиғанын» өлеңмен айта келе:

– Өз қазағын өз билігі атқанда,
Қазағымның түсіп кетті иіні,
Ел мұңына көңіл бөлсе елбасы,
Оқ қаппас еді анау тұрған боздақты, – деді.