Сотта «Мамайға ақша апарған» куәгер сөйледі

Журналист Жанболат Мамай сотта отыр. Алматы, 21 тамыз 2017 жыл.

Алматы қаласының Медеу аудандық 2-сотында оппозициялық журналист Жанболат Мамайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасты.

Бүгінгі сотқа келушілердің көптігіне байланысты сот залына он шақты адам мен жақын туыстары ғана жіберілді де, өзге бір топ адам мен ақпарат құралдарының өкілдері сот процесін арнайы бөлмедегі монитор арқылы бақылады.

Жанболат Мамайдың адвокаттары Жанар Балғабаева мен Мәдина Бакиева осыған дейін сотқа өтініш түсіріп, сотты үлкен залда өткізуді сұрағанымен ол өтініш қанағаттандырылмаған. Екі адвокат бұл жолы іске куәлікке саясаткер Әміржан Қосанов пен «Тасжарған» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапиды тартуды сұрады. Алайда айыптаушы прокурор ол екеуі іске тікелей қатысы жоқ деп есептейтінін білдіріп, куәгерлікке тартуға қарсы болды.

Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше Әміржан Қосанов тұрақты авторларының бірі ретінде «Трибуна. Саяси қалам» газетінің жұмысын сипаттай алады, ал «Тасжарған» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапи газет жұмысының ерекшеліктері, соның ішінде қаржы қалай жұмсалатыны жайлы айтып беруіне болады. Жанболат Мамайдың өзі бұл өтінішті қолдайтынын білдірді. Алайда судья бұл өтінішті әзірге басы ашық қалдырды.

«АҚШАНЫ КІМГЕ БЕРГЕНІМДІ БІЛМЕЙМІН»

Жанболат Мамайдың адвокаттарының өтініштерінен кейін сот отырысы басталды. Сот отырысы кешке дейін созылатын болар деп күткен көпшілік процестің бір ғана куәні тыңдаумен аяқталғанына таңырқады. Бірақ жалғыз куәнің сөзі көпшілікті түрліше жорамалға жетелегені байқалды. Өйткені ол куә БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетовтің қарындасы Шәмшия Жарымбетованың бұрынғы күйеуі болып шықты.

Ақшаны 20-40 мың доллармен бірнеше бөлікке бөліп, төрт-бес рет апардым. Соңғы рет 20 мың доллар алған адамның Жанболат Мамай екенін баспасөздегі суреттерінен таныдым.
Куәгер Ғалымжан Аханов.

Өзін Ғалымжан Аханов деп таныстырған ол 2011-2014 жылдары арасында әйелі Шәмшия Жарымбетованың конвертке салып берген ақшасын белгісіз жас жігіттерге бірнеше рет апарып бергенін айтты. Ол «ақшаның кімге, не үшін берілетінін сұрамаған».

– Ақшаны 20-40 мың доллармен бірнеше бөлікке бөліп, төрт-бес рет апардым. Соңғы рет 20 мың доллар алған адамның Жанболат Мамай екенін баспасөздегі суреттерінен таныдым, – дейді Ғалымжан Аханов.

Прокурор мен адвокаттардың сұрағына жауап берген Ғалымжан Аханов 20 мың доллардан өзге ақшаны кімдер алғанын мүлде білмейтін болып шықты. Бірақ ол «жеке басының қауіпсіздігі үшін кездесу алдында жаңа телефон мен sim-карта сатып алып, ізінше лақтырып тастағанын» айтты.

ВИДЕО: Жанболат Мамайдың сотынан тікелей трансляция

Бірнеше сұраққа жауап бергеннен кейін босатылған Ғалымжан Ахановтың куәлігін сот отырысынан шыққаннан кейін көпшіліктің түрліше жорығаны байқалды. Соның бірі қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай «іс бойынша 110 мың доллар алған деп айып таққанымен, куәгер болып сотқа келген адамның ақшаны кімге бергенін білмейтіні – таңғаларлық» дегенді айтады.

«ЖАРЫМБЕТОВТІҢ КӨМЕГІ»

Осыған дейін прокурор жариялаған айыптау актісінде БТА Банктің бұрынғы басшысы, оппозициялық саясаткер «Мұхтар Әблязов жымқырған қаржысының ізін жасыру мақсатында 2011-2014 жылдары БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, сол кезде шетелде болған Жақсылық Жарымбетов арқылы Жанболат Мамаймен байланысқан. Жарымбетов Мамаймен Skype арқылы байланысқан және үшінші адам арқылы 110 мың доллар көлемінде қаржы берген. Мамай қаржыны газет шығаруға жұмсаған» деп көрсетілген еді.

Жанболат Мамайдың ісі бойынша сотта БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов те куәгер ретінде жауап берген. Жанболат Мамайға ақша бергенін растаған ол «елге тәуелсіз БАҚ керек деп санағандықтан көмектескенін» айтқан.

Жақсылық Жарымбетов Мұхтар Әблязовтың ісі бойынша биыл шартты мерзімге сотталған. Бірнеше жыл шетелде жүрген ол биыл қаңтар айында Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланған.

Оппозициялық «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакторы міндетін атқарушы 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда қамалып,тамыздың 14-інен бері сотқа тартылып жатыр. Мамай Мұхтар Әблязовпен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарады және «Әблязовтыңұйымдастыруымен БТА Банктен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген айыптың саяси астары бар екенін айтады.

2009 жылдан бері Еуропада жүрген оппозициялық саясаткер, биыл маусым айында Алматы соты тарапынан «банктен ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды және оны басқарды» деген айыптармен сырттай 20 жылға соттаған Мұхтар Әблязов та бұл айыптауды «абсурд» деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.