Мамай «көзделген жазасына» орай бұрынғы кодекспен сотталмақ

Жанболат Мамай сот залында тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

Шілденің 10-ында оппозициялық «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакторы, бес айдан астам Алматы қаласындағы СИ-18 уақытша қамау орнында отырған 28 жастағы Жанболат Мамай өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іспен танысуды бастады.

Журналистің үстінен қозғалған іс он томнан асады. Жанболат Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаеваның Азаттыққа айтуынша, осынша іспен танысу шамамен екі аптадай уақыт алады.

Your browser doesn’t support HTML5

Мамайға ресми түрде айып тағылды. Аудиоподкаст.

- Қарсылығымыз (ходатайство) болса, заң жолымен білдіреміз. Әрі қарай прокуратура, сот қарайды, шамамен шілде айының соңы, тамыз айында сот процесі басталуы мүмкін, - дейді ол.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСПЕН ТАНЫСТЫРУ

Жемқорлықпен күрес ұлттық бюросы Жанболат Мамайға сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын хабарлап, тағылған айыппен ресми түрде шілденің 3-інде таныстырған.

...шамамен шілде айының соңы, тамыз айында сот процесі басталуы мүмкін.
Жанар Балғабаева

Жанболат Мамайдың жұбайы Инга Иманбай қылмыстық іспен танысуға Жанболат Мамайдың әкесі, зейнеткерлер Мамай Бекхожиев мен анасы Менизат Тоқпатаеваның барып жүргенін айтты. Ол Жанболат Мамайды ресми айып тағылған күні көргенін, денсаулығы қалыпты болғанын хабарлады.

Журналиске тағылған айыпта «Жанболат Мамайдың экономикалық ауыр қылмыс жасағаны, БТА банктен ұрланған 110 мың АҚШ долларын (2009 жылы ақпан айындағы теңге-доллар бағамы бойынша 15 950 000 теңге) ақшаны ұйымдасқан қылмыстық топпен заңдастырғаны» айтылған. Бір назар аударарлығы – тағылған айып 1997 жылы қабылданған Қылмыстық кодекстің «қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлiктi заңдастыру (жылыстату)» деп аталатын 193-бабына жатқызылып отыр.

Бұл айып 2014 жылы жаңадан қабылданған Қылмыстық кодекстің 218-бабында тұр («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату»).

Адвокат Жанар Балғабаева.

Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша бұрынғы қылмыстық кодекс пен кейінгі қылмыстық кодекстегі атауы бір болғанымен, көзделген жазада айырма бар. Ол жөнінде арнайы сөз болуы да мүмкін. Жемқорлықпен күрес ұлттық бюросы істі ескі қылмыстық кодекс бойынша қарау себебін «қылмыстың болған кезімен» байланыстырған.

ЖАНБОЛАТ МАМАЙ ЖӘНЕ МҰХТАР ӘБЛЯЗОВ?

Жанболат Мамай биыл ақпанның 10-ы күні бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің ұйымдастыруымен БТА Банктен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін «Трибуна. Саяси қалам» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген күдікпен қамауға алынған. Бастапқыда екі ай мерзімге қамауға алынғанымен тергеу тобының сұрауымен ай сайын ұзартылып, шілденің 10-ында қамауда отырғанына бес айдан асқан.

Журналист Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Ол жария мәлімдеме жасап, «бизнеспен, қаржылық шаруалармен айналыспағанын, бұл істің саяси астары бар екенін, журналистік қызметіне қысым көрсету және "Трибуна. Саяси қалам" газетін жабу әрекеті» деп есептейтінін айтқан.

Жанболат Мамай ұсталған соң бір нөмірі ғана жарық көрген оппозициялық «Трибуна. Саяси қалам» газеті қазір шығуын тоқтатқан. 2009 жылдан бері Еуропада жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов айыптауды «абсурд» деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Жанболат Мамай қамауға алынғаннан кейін бір топ қоғам белсенділері «Жанболат Мамайды қорғау комитетін» құрған. Осы комитет пен Жанболат Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаеава оны кепілдікке шығаруды сұрап бірнеше рет өтініш түсірген.

Жанболат Мамайды қорғау комитеті белсенділері тергеу абақтысының жанында оны босатуды талап етіп акция өткізіп тұр. Алматы, 15 маусым 2017 жыл.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ресми сайтында Жанболат Мамайдың ұсталуын БТА банк директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов пен банктің Әблязов кезіндегі басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов және басқа да тұлғаларға қарсы ақша жымқыру туралы қозғалған істің «жалғасы» ретінде түсіндірген.

Биыл маусымның 7-сінде Алматыда «БТА банкіндегі қаржы жымқыру» ісі бойынша Мұхтар Әблязов сырттай 20 жылға сотталды. Әблязов өзіне шығарылған сот үкімін мойындамайтынын, оның «саяси астары бар екенін» айтқан.