Қазақстандық шенеуніктің құқығы

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есіл қалалық әкімдігінің қызметкері Жангелді Барсаев. Алматы, 20 мамыр 2015 жыл.

​Жұмысына қайта алынған шенеунік енді бос жүрген кезіне толық өтемақы төлеуді талап етеді. Құқық қорғаушы Жовтистің пікірінше, еңбек кодексі нормаларын өзгерту керек.

Жангелді Барсаев бес жылдан бері өз құқығын қорғау үшін күресіп жүр. Ол әуелі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есіл қалалық әкімдігіндегі маман қызметіне қайта кіру үшін соттасты, ал қазір еркінен тыс жұмыссыз жүрген кезіне толық өтемақы төлеуді талап етеді.

Жоғарғы сот 2012 жылы қаңтарда оның жұмыстан шығарылуын заңсыз деп таныды. Жангелді Барсаев өзін жұмыстан шығарған Есік қаласы әкімі Асхат Алмабековтің кезіндегі қызметіне кірісті. 16 ай жұмыссыз жүрген Барсаевқа алты айының өтемақысы берілген. Содан бері шенеуніктің қалған 10 айға өтемақы талап еткен ісі шарасыз болған. Сот Қазақстанның еңбек заңнамасы бойынша жұмыс беруші жұмысшыға алты ай еркінен тыс жұмыссыз жүргенінің өтемақысын ғана төлеуі керек деген бабына сілтеп, оның талабын орындамаған.

Барсаевтың мұндай заң бабы азаматтардың конституциялық құқығына сай келер-келмесін сұрап конституциялық кеңеске хабарласу жайлы сотқа айтқан өтініші де жүзеге аспаған. Ол жұмыссыз жүрген 16 айына толық өтемақы төлету үшін әділдік іздеп Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың атына да өтініш жазған.

Барсаевтың арызы бойынша Есік қаласы әкімі Асхат Алмабековке байланысты қылмыстық іс қозғалған. Алмабеков айыбын мойындаған, бірақ іс мерзімі өтіп кеткендіктен жабылған. Асхат Алмабеков 2012 жылы сәуірде өз өтінішімен қызметінен кеткен. Жаңа әкіммен жұмыс барысында аралас екенін айтқан Жангелді Барсаев бұл мәселе өзінің қалған 10 айға тиісті өтемақысын алуына сеп болмағанын мәлімдейді.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР МЕН ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚ

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің пікірінше, мемлекеттік қызметкерлердің құқығы мәселесі Жангелді Барсаевтың ісінен анық байқалады. Ол шенеуніктер жұрт ойлағандай құдіретті емес екенін айтады. Бұл оқиға Гогольдің «Шинель» повесінде айтылатын «кішкентай адам» – лауазымы төмен шенеунікке қатысты болған.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 20 мамыр 2015 жыл.

– Егер олар заң негізінде жақсы бірдеңе істеуге тырысса, құқығы шектелгені белгілі болады. Өзінің заңды құқығын қорғағысы келіп, бастығының заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымданған Жанкелді Барсаевтің ісіне қатысты жағдай мемлекеттік қызметшінің еріксіздігін көрсетіп берді. Заңгер әрі қайсар да табанды адам болғаны Барсаевқа жақсы болды. Бірақ әдетте мемлекеттік қызметшілердің бойынан мұндай қасиеттер өте сирек табылады, – дейді Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис мемлекеттік қызметшілердің құқығының бұлай шектелуін тәуелсіз кәсіподақтардың жоқтығымен байланыстырады.

— Олардың кәсіподағы жұмыс беруші, яғни мемлекетке тәуелсіз болуы тиіс. Басқаша айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің құқығын шынымен қорғай білетін тәуелсіз кәсіподақтар болуы тиіс. Егер мемлекеттік қызметші өз құқығын қорғай алмаса, біздің құқығымызды қалай қорғамақ? – дейді құқық қорғаушы.

Евгений Жовтис еркінен тыс жұмыссыз жүрген 16 айға өтемақы төлете алмаған Барсаевтың ісінен мемлекеттік орган немесе қоғамдық ұйым немесе коммерциялық құрылым болсын, барлық қызметкерлерге ортақ тағы бір үлкен проблеманы көреді. Жовтистің айтуынша, мұндай кезде жұмыс берушілер әдетте қолданыстағы еңбек заңы талабын қолдағанымен, еркінен тыс жұмыссыз жүрген кезеңге толық өтемақы төлемеу заң тұрғысынан алғанда әділетсіз болып шығады.

Жовтистің айтуынша, мемлекеттік қызметші Барсаев сияқты қызметкерлердің құқығының бұзылуына соттардың еріксіз жұмыстан қалған кезеңге өтемақы төлеуге қатысты еңбек заңының конституцияға сәйкестігін тексеруді сұрап, конституциялық кеңеске жүгінгісі келмеуі де себеп. Ол соттардың мұндай әрекетін азаматтардың заңды құқығын бұзу деп санайды.

Қазақстандағы адам құқығы бюросы Жангелді Барсаевтың жеке ісінде анықталған проблемалар азаматтардың бәріне ортақ принципті проблема екенін ескеріп, Барсаевтың еріксіз жұмыстан қалған кезең үшін толық өтемақы төлету туралы өтінішін қарауды сұрап, Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаевқа өтініш жолдаған. Құқық қорғау ұйымы бас прокурорға еңбек кодексіне егер жұмысқа қайта қабылдау туралы арыз алты айдан аса қаралса, еңбек дауын қарайтын орган жұмыстан еріксіз қалған бүкіл уақытқа үшін орташа жалақы төлеу туралы шешім шығаруы тиіс деген өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде бастама көтеруді ұсынады.

Есік қаласы әкімі Бауыржан Бименовпен хабарласқан Азаттық тілшісі өзін таныстырып, Жангелді Барсаевтың аты-жөнін атағаны сол еді, әкім тұтқаны қоя салды. Ал әкімдіктің аты-жөнін атамауды сұраған қызметкері кәсіподаққа мүше екенін айтты.

– Біздің бухгалтер ай сайын кәсіподаққа тиісті жарнамызды аударып отырады. Бірақ кәсіподақ туралы басқа ештеңе айта алмаймын, – дейді шенеунік.

«Әріптесіңіз Жангелді Барсаевтың еңбек кодексі нормаларын қайта қарау керек деген ұсынысын қолдайсыз ба?» деген сұраққа ол қызметкер Барсаевтың позициясын құптайтынын айтып, аты-жөні мен лауазымын атамауды қайталап сұрады.