Әлия Назарбаеваны жылатқан фильм

Әлия Назарбаева сахнаға беттеп барады. Алматы, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Қазақстан президентінің қызы Әлия Назарбаева продюсерлік еткен «Анаға апарар жол» көркем фильмі үлкен прокатқа шықпақ. Авторлары «патриоттық туынды» деп атаған фильмның бюджеті ресми жарияланған жоқ.

Тимур Жақсылықовтың сценарийі бойынша режиссер Ақан Сатаев түсірген «Анаға апарар жол» кинокартинасының премьерасы прокатқа шығардан екі күн бұрын Алматыда өтті. Фильмнің әлемдік премьерасы биыл жазда Мәскеуде халықаралық кинофестивальде өткен.

БЮДЖЕТІ БЕЛГІСІЗ ФИЛЬМНІҢ ПРЕМЬЕРАСЫ

Алматыда қазақстандық фильмдердің премералары мұндай салтанатпен өтпегелі талай заман болған. «Анаға апарар жол» фильмінің дүркіреген премьерасы жанында тіпті «Евразия» халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанаты көмескі тартып қалды. «Жұлдыздар тоғысқанда» кинофильмінің (Нұрсұлтан Назарбаев туралы киноэпопеяның ең жаңа фильмі) премьерасы да әлдеқайда «жұпыны» өткен.

Кинопремьера Алматыдағы ең үлкен зал – Республика сарайында өтті. Ғимаратқа көтерілетін баспалдақтың алдына қызыл кілем төселген. Лимузиннен шыққан шығармашылық топ мүшелері – режиссер, басты рөлдерде ойнаған актерлер шақырылған қонақтардың (көшеде кемі 200 адам тұрды) алдынан сол кілемшенің үстімен жүріп өтті.

Фильмнің режиссері Ақан Сатаев пен жұбайы көліктен түсіп келеді. Алматы, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Қаптаған полицей мен қолдарына рация ұстап, үстеріне жай киім киген жігіттердің көптігі премьераға фильмнің бас продюсері әрі Қазақстан президентінің кіші қызы Әлия Назарбаева қатысатынын аңғартты. Бірақ ол жиналған жұрттың алдымен жүріп өткен жоқ. Соған қарағанда, ғимараттың өзге тұсындағы VIP тұлғаларға арналған есікті пайдаланған сияқты. Залға ол көрсетілім басталар алдында ғана шықты.

Залдағы орынның шамамен 90 пайыздайы (барлық орын – 2 мың 600-ге жуық) толды. Ал көрсетілім алдында шақырылған жұртқа арнап фойеде жеңіл-желпі дәмдер қойылған тегін фуршет ұйымдастырылды. Премьераны қалай өткізіп, фильмді қалай жарнамалап жатқанына (Алматы көшелерінде анонс билбордтар пайда болды) қарағанда, фильм бюджеті қомақты екені байқалады. Бірақ фильм бюджетінің сомасын анықтаудың сол күйі сәті түспеді. Режиссер Ақан Сатаев қаржы жағы туралы сырғытпа жауаппен шектелді.

– Мемлекет қаржылай қолдамаса, Қазақстанда мұндай тарихи туынды түсіру мүмкін емес. Бюджеті Голливудқа жетпегенімен, осал емес, – дейді ол.

Ол Әлия Назарбаева қолдамаса, бұл фильмді түсіру екіталай болар еді дегенді де мойындады.

Фильмнің афишасы. Алматы, 27 қыркүйек 2016 жыл.

ЖАРТЫ ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ТАРИХ

Фильмнің бюджеті қомақты екенін соғыс көріністерінен байқауға болады. Днепрді алу кезіндегі соғыс қимылдары түсірілген көпшілік көрініске 500-ден көп адам тартылып, 300 жауынгерлік қару-жарақ пайдаланылған. Фильм көріністері Қазақстан, Беларусь және Әзербайжанда түсірілген.

Фильмнің негізгі желісі бір-бірінен ажырап қалып, ұзақ жылдардан кейін қайта қауышуға тырысқан ана мен баланың тағдыры. Көріністер ұжымдастыру, ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс, тылдағы қиын тұрмыс пен ауыр жұмыс, сталиндік лагерьлер сияқты тарихтан белгілі оқиғаларды қамтыған. Бас кейіпкерлер Ілияс, оның анасы Мәриям және ол асырап алған қызы Үміт мұның бәрін белгілі бір деңгейде өз басынан өткереді.

Фильм Ілиястың 1922 жылы дүниеге келуінен басталып, 1964 жылы жақындарымен қауышуымен аяқталады. Бас кейіпкерді туған нағашысы мен жұрттың ортақ малын айдап әкетіп, ауылды ашқұрсақ күн кешуге душар еткен бұрынғы бай шетелге күшпен алып кетеді. Бұған іле-шала мемлекет тарапынан экспроприация басталып, аштықтан көп адам қырылады. Ал Ілиясты әуелі Түркияға апарады, бірақ нағашысы ол жақтан жиенін кері қайтаруды ұйғарады. Жол-жөнекей Одессаға тап болған баланы милиция ұстап әкетіп, балалар үйіне жібереді.

Ілиястың ролін ойнаған Әділ Ахметов (сол жақтан екінші) мен оның анасы Мәриям болып ойнаған Алтынай Нөгербек (солдан үшінші). Алматы, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Балалар үйі жанындағы мектепті бітіргеннен кейін Ілияс Қазақстанға – анасына жол тартады. Бірақ репрессиядан қорқып, тегін өзгертіп жаздырған анасын таба алмайды. Балалар үйінде тегін өзгертіп жіберген баласын анасы да таба алмайды.

Ілияс соғысқа майданға аттанар кезде вокзалдан анасы асырап алған Үміттің бала кезіндегі құрбысын кездейсоқ жолықтырып қалады. Днепрді алу кезінде көзге түсіп, қысқа демалыс алған Ілияс анасымен енді сөзсіз қауышатын сияқты көрінеді. Бірақ ол вокзалда бір топ тұтқынның арасынан айдауылдар мылтықтың дүмімен ұрып жатқан бұрынғы мұғалімін көріп қалады. Мұғаліміне араша түскен Ілиясты тұтқындайды. Әскери шені мен наградаларынан айырылған Ілиясты 15 жылға соттайды. Мұны естіген анасы лагерьге барып ұлымен жолығуға тырысқанымен, құр әуре болады. Баласын белгісіз жаққа этаппен жөнелтіп жібереді. Сонымен баяғыда кішкентай ұлын алып кеткен ауылға оралған Мәриям күн сайын жолға шығып, ағаштың түбінде сарғайып ұлын күтеді.

Фильмнен көрініс. Алматы, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Кинокартина продюсері Светлана Коротенко картинада тәрбиелік мәні бар шындық бар деп санайды.

– Бұл – патриоттық, идеологиялық фильм. Фильмде титтей де жасандылық жоқ. Шынайы. Бұл – тарих пәні оқулықтарында мүлде аз кездесетін боямасыз нағыз шындық. Оны жұрттың бәрі көрсе ғой. Шыншыл әрі жүрек тебірентетін фильм, – дейді ол.

Бірақ фильмде тарихты қазіргі заманға тән стереотиптермен қабылдау бар. Мысалы, совет қызметкерлері мен парторгтарын жағымсыз кейіпте («Елбасы жолы» киноэпопеясындағы теміртаулық парторгты санамағанда) бейнелеу дұрыс саналады. «Анаға апарар жол» фильмінде олардың бірін шыбын жаны үшін қалтырайтын қорқақ, екіншісін аяушылықты білмейтін нағыз сталиншіл, үшіншісін жұртты арақпен суғарып, моральға жат қылықтарымен жирендіретін адам ретінде көрсеткен.

«ҚАНША КӨРСЕМ ДЕ, ЖЫЛАЙ БЕРЕМІН»

Фильм көрсетілімінен кейін көрермендердің реакциясын байқап, пікірлерін тыңдаудың сәті түсті. Жұрттың көбі тек жақсы, тіпті сүйсінген пікір білдіріп жатты.

– Мен бақыттымын, өйткені көрермендердің алғашқы реакциясын көрдім, –деді премьерадан кейін режиссер Ақан Сатаев.

Ертеректе, наурыз айында БАҚ «фильмді Нұрсұлтан Назарбаев жақсы бағалады» деп хабарлаған. Кинофильмнің бас продюсері Әлия Назарбаева да нәтижеге риза.

– Қанша рет көрсем де, жылай беремін, – дейді ол.

Солдан оңға: мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров, Әлия Назарбаеваның ері Димаш Досанов, адам құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева, Әлия Назарбаев және сенатор Бірғаным Әйтімова. Алматы, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Фильмге мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров те, адам құқығы уәкілі Зағипа Балиева да, сенатор Бірғаным Әйтімова де тәнті болған.

Киношолушы Зухра Табаева фильмнен алған әсерлерін Азаттықпен бөлісті.

– Маған фильм ұнады, өйткені жүрек тебіренту үшін ұсақ-түйегіне дейін ойластырылған. Барлық жағынан ұтымды шыққан. Фильмнің сценарийі де мықты. Ал актерлер құрамына қатысты айтар болсам, бәрі кәсіпқой екенін байқалады. Бәрі өз орнын тапқан, – дейді ол.

Зухра Табаеваға соғыс көріністері де, лагерьдегі тіршілік қалай түсірілгені ұнаған.

Киносыншы Зухра Табаева мен киноактер Игорь Сейфуллин. Алматы, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Ал кинотанушы Андрей Черненконың пікірі өзгеше. Оған «Анаға апарар жол» фильміндегі соғыс көріністері ұнамаған. Оның пікірінше, Қазақстан киносында соғыс тақырыбына 1978 жылы қайтыс болып кеткен, өзі де соғысқа қатысқан Мәжит Бегалин ғана тамаша фильмдер түсірген. Кинотанушыға бір фильмде (ұзақтығы – 130 минут) тарихтың үлкен бөлігі қамтылғаны да ұнамаған.

Қазақстанда «Анаға апарар жол» фильмі прокатқа қыркүйектің 29-ында шығады. Алматы кинотеатрлары кестесінде кинолента қазірдің өзінде тұр.