«Ресейдегі 1993 жылғы оқиға Қазақстанға да сабақ болды»

Коммунисшіл ереуілшілер баррикадасы. Мәскеу, 1 қазан 1993 жыл.

1993 жылы күзде Ресейде билік тармақтары арасындағы келіспеушілік конституциялық дағдарысқа ұласты. Қазақстандықтар көрші ел басшыларының сол кездегі әрекетін әрқилы бағалайды.
Саясаттанушы Сайын Борбасовтың айтуынша, қазақстандықтар Ресейдегі саяси ахуал өз елдеріне де ықпал ететінін білетіндіктен, 1993 жылғы оқиға кезінде Ресейде саяси дағдарыс орнауына мүдделі болған жоқ.

– Ол оқиғаны Ресейдің ішкі саяси күресі деп есептедік. Бірақ қатты алаңдаушылық болды. Ресей билігіндегі өзара тартыстың Қазақстанға міндетті түрде негативті әсері болатынын сезінетінбіз. Ол текетірес азаматтық соғысқа ұласып кетсе, міндетті түрде Қазақстанға да әсерін тигізуші еді, – дейді Сайын Борбасов.

Оның пікірінше, 1993 жылғы оқиға кезінде Қазақстан саясаткерлерінің кейбірі Ресей президенті Борис Ельцинді жақтады, ал екіншілері Ресей парламенті спикері Руслан Хасбулатов пен вице-президент Александр Руцкойды қолдады деп айту қиын.

– Ресейдегілердің билікке таласы кезінде біз абдырап қалдық. Бірақ бізде Ельциннің позициясын дұрыс санағандар көп болды. Себебі Ельцин ол кезде санамызда Ресейдегі демократияландыру процесінің бір үлгісі, Горбачев басқарған орталықпен күрескер, Совет одағын ыдыратып, Қазақстанның тәуелсіздік алуына ықпал еткен тұлға ретінде қабылданатын. Оның үстіне Ақ үйге бекінгендердің арасында бұрынғы СССР-ді қалпына келтіруді көтеріп, отаршылдық саясат сарынында сөйлейтіндер, соның ішінде, мысалы, Қазақстанның солтүстік аймақтарына қатысты даулы пікір айтып жүргендер де бар болатын, – дейді ол.

ЕЛЬЦИНДІ ЖАҚТАУШЫЛАР МЕН ЖАҚТЫРМАҒАНДАР

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин 1993 жылы қазанда Ресейде қалыптасқан жағдайды 1991 жылғы «Тамыз төңкерісінің» жалғасы ретінде сипаттайды. Сол кездері Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысының

Саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.

жетекшілерінің бірі болған Қуанышәлин «тәуелсіздіктің келуіне тікелей себепкер тұлға ретінде парламент ғимаратын алу үшін қару қолданған Ельцинге тілектестік танытқанын» айтады.

– Әлгіндей шешімді әрекеттерге барып, қарсыластарын жеңіп, Ресей президенті ретінде өз позициясын нығайтып жатқан Борис Ельциннің позициясын сол кезде өз басым қолдадым. Әрине, Ресейдің өз ішінде бұл мәселеге басқаша көзқарас болатыны түсінікті, себебі ондай әр оқиғаның ішкі ерекшеліктері болады. Бірақ мен оған Қазақстанның мүддесі тұрғысынан қарап, бағаладым, – деді Жасарал Қуанышәлин.

1993 жылы Қазақстан жоғарғы кеңесінің депутаты болған Оразалы Сәбден – Ресей президенті Ельциннің Ақ үйді атқылауға бұйрық бергенін құптамағандардың бірі. 1990 жылы парламент мүшесі болып сайланған Сәбден Ресейдегі «билік дағдарысын шешуде заңға емес, қаруға жүгінді» деп Ельцинді айыптайды.

– Билікті қолынан шығармау үшін Ақ үйді атуға бұйрық беру Ельциннің

Парламент алдындағы танк. Мәскеу, 4 қазан 1993 жыл.

бассыздығы болды. Себебі халық өкілдері отырған үйге зеңбірекпен оқ ату – конституциялық нормаларды бұзу, ешкімге ондай құқық берілмеген. Билік дағдарысын заң аясында шешу керек еді, қантөгіске апармай. Екіншіден, сол кезде демократиялық процестің әлсіздігі, жоқтығы. Ельцин саяси дағдарысты диктаторлық әдіспен шешпек болды, – дейді «Қазақстан ғалымдар одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы Оразалы Сәбден.

Сәбденнің айтуынша, «ол кезде мәселе билік тармақтарындағы келіспеушіліктен шықты – бірақ қай жағынан кінә болса да, танк кіргізуге, зеңбіректен атқылауға жол бермеу керек еді».

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ӘСЕР ЕТТІ»

Алматылық саясаттанушы Гүлшат Нұрымбетованың пікірінше, 1993 жылы күзде Ресейде болған билік дағдарысынан туындаған қайғылы оқиғалар Қазақстан сияқты көрші елдерге де сабақ болып, белгілі бір дәрежеде ұқсас үрдістердің басқаша өрбуіне әсер еткен.

– Ресей сияқты алып көрші елдегі билік дағдарысы бізге де әсер етпей қоймайды. Себебі ол кезде біздің елде жаңадан құрылған саяси институттар әлі

Ресей жоғарғы кеңесі жақтастары. Мәскеу, 2 қазан 1993 жыл.

толыққанды жұмыс істеп үлгермеген еді. Бізде де СССР кезінде сайланған парламент жұмыс істеп жатқан. Бізде де президент пен парламент арасындағы кейбір мәселелерде келіспеушілік байқалатын. Сол себепті биліктегі ондай дағдарыстың бізде де қайталануы әбден мүмкін еді, – дейді ол.

Саясаттанушы «кейін Қазақстанда парламент екі жолы да бейбіт жолмен тарағанын» айта келе:

– Меніңше, Ресейдегі 1993 жылғы қазан оқиғасы Қазақстандағы өзгерістердің – жаңа парламент сайлап, жаңа конституция қабылдау сияқты істерде оқиғалардың басқаша өрбуіне әсер етті, – дейді.

Ресейде 1993 жылы қыркүйек айында президент пен парламент арасындағы саяси келіспеушіліктің соңы қарулы жанжалға ұласып, елде азамат соғысы қаупін тудырған еді.

Сол жылы қазанның 4-інде Ресейдің билік тармақтары арасындағы шиеленіс шарықтау шегіне жетті. Президент Борис Ельциннің саяси қарсыластары – жоғарғы кеңес спикері Руслан Хасбулатов пен вице-президент Александр Руцкой Ельцинге наразы қарулы топтарды мемлекеттік «Останкино» телестудиясына және Мәскеу мэриясына шабуыл жасауға шақырды.

Бұдан соң президент Ельцин елде төтенше жағдай жариялап, оның бұйрығы бойынша жоғарғы кеңес ғимаратын алу үшін Ресей әскері қару қолданған.