Арон Атабекпен тек туыстары хабарласып жүр

Арон Атабек жазған хаттың бір бөлігі. 2012 жыл

Ұзақ жылға сотталған ақын Арон Атабектің жалғыз қарындасы Разия Нұтышева, ағасының қылмыскер емес зиялы, білімді азамат екендігін көпшілікке жеткізбекші. Оның айтуынша, туберкулезге шалдыққан ағасына медициналық және құқықтық көмек қажет.
Разия Нұтышеваның Азаттыққа берген сұхбатын – көпшілік алдына алғаш шығуы деп сипаттаса болады. 18 жыл кітапханашы болып қызмет етіп келген Разия «қоғамдық іспен айналысамын, саясатқа араласамын» деп еш ойламағанын айтады.

БАУЫРЫМНЫҢ ӨКПЕСІ

Разия Нұтышева өздерінің Астрахань қазақтары екендігін айтады. Отбасында үш бала: үлкені – Арон, одан кейінгі – Рашид есімді ағасы және ең кенжесі Разия екен. Өзі Алматыда тұрады, зейнеткерлік жасқа жеткен, ал Рашид Шымкентте тұрып жатыр. «Үлкен ағамыз Аронның тағдыры сіздерге белгілі» деп бастады әңгімесін Разия.

- Әке-шешеміз қайтыс болған. Олар Аронның белсенділік танытып, саясатқа араласуын құптаған емес, мен де шыны керек құптаған жоқпын. Бірақ ол үлкеніміз болған соң араласпауды жөн санап келдім, - деді ол.

Алайда, жуырда ағасының түрмеден хабарласқаны Разияның өмірін өзгертуге себеп болған көрінеді.

Арон Атабектің қарындасы Назия Нұтышева. Алматы, 29 мамыр 2012 жыл


- Ол хабарласып, «Сен не істеп жатырсың? Неге менің ісімді қозғамайсыңдар? Мені ұмыттыңдар ма?» деді. Дауысынан өкпелегендей реңк байқалды. Көңілім қатты құлазыды. Енді не де болса заңгер жалдап, Аронның ісін жоғарғы сотқа жеткізбекшімін, - деді ол.

Арон Атабектің ісі 2007-ші жылы Алматының қалалық сотында өтті. Разияның айтуынша, шешім шыққаннан кейін оның жақындары қайта шағымданғанымен, үкім сол қалпында қалған қалған.

- Арон жоғарғы сот үкімді сол қалпы қалдыратындығын біледі. Дегенмен содан кейін халықаралық сотқа шағымдануға мүмкіндік болады деп отыр, - деді сұхбаттасымыз.

АРҚАЛЫҚТАН ҚАЛҒАН «ЕСТЕЛІК»

Арон Атабек түрмеде «Назарбаевщина и революция» атты мақаласы мен «Назарбаевщина и поэзия» атты шығармалар жазғандығы белгілі. Олар интернетте кең таралған. Дәл осы мақалалары үшін Атабекті Арқалық қаласындағы қатаң режимдегі түрмеге жаза ретінде ауыстырған еді.
Қаражалға келісімен Аронды медициналық тексерістен өткізіп, оның туберкулезге шалдыққандығы анықталыпты.
2010 жылдан 2012 жылға дейін ол сонда жалғыз адамдық камерада отырған. Қарындасының айтуынша, қазір ол Қаражалдағы түрмеге ауыстырылған. «Қаражалға келісімен Аронды медициналық тексерістен өткізіп, оның туберкулезге шалдыққандығы анықталыпты» деді Разия Нұтышева.

Ағасы өз сөзінде, «мүмкін өзін Қарағандыдағы туберкулез диспансеріне ауыстырып қалар» дегенді айтқан, дегенмен әлі күнге дейін ол Қаражалда жатыр деді сұхбаттасымыз.

- Ол 2013 жылғы қаңтардың 31-інде 60-қа толады. Бір жағынан жас та емес, сондықтан маған оның денсаулық жайы қатты батады, - деді Атабектің қарындасы.

АРОН АТАБЕК АТЫНДАҒЫ ҚОР

Разия Нұтышева жуырда Арон Атабекті қолдау қорын құрмақшы. Сол арқылы «ағама көмектессем» деген ниеті бар.

- Аронды соттаған кезде адвокаттарынан өзге ондаған қорғаушы жүрді, қаншама саяси партиялардың өкілдері болды. Қазір қайда олардың барлығы? 6 жыл өтті Аронды неге іздемейді? Маған бірде бір адам хабарласып, хал сұраған емес. Қазір ойлап қарасам, олардың барлығы өздеріне пиар жасаумен ғана айналысты. Жалпы Арон сотта өзін дұрыс ұстамады. Оны мұндайға итермелеген «қорғаушыларының» құр бос айқайы деп ойлаймын. Арон сол әрекеттеріне қазір өзі де өкінетін болар, - деді Разия.

Оның айтуынша, ағасы қылмыскер емес, тек қарапайым халықтың қамын ойлап Шаңыраққа барған.
Қазір Шаңырақ тұрғындары үйлерін заңдастырып жатыр. Яғни олардың 6 жыл бұрын айтқандары мен қойған талаптары орынды болғаны ғой. Сонда менің ағам не үшін түрмеде отыр?
- Ал қазір Шаңырақ тұрғындары үйлерін заңдастырып жатыр. Яғни олардың 6 жыл бұрын айтқандары мен қойған талаптары орынды болғаны ғой. Сонда менің ағам не үшін түрмеде отыр? - деді Разия.

2006 жылғы шілденің 14-і күні Шаңырақ ықшам ауданында жергілікті билік өкілдері тұрғындардың заңсыз салынған деп танылған үйлерін күшпен құлатуға тырысты. Шаңырақтың тұрғындары мен Қазақстанның түрлі аймақтарынан келген мигранттар ол әрекетке қарсы шықты.

Тәртіпсіздіктер кезінде полиция қызметкері қатты күйіп қалып, жарақатынан айықпай көз жұмды. Үстіне жанармай құйылған полицейді кімнің өртеп жібергені әлі белгісіз.

Осы оқиғаға орай сот оқиға кезінде топ ішінде болған Арон Атабекті 18 жыл түрмеге қамау жазасына кесті. Атабек «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған» және «полиция қызметкерін қасақана өлтірген» деген айыптар бойынша кінәлі деп табылды. Белсендіге «жала жабылды» деген Атабектің жақтастары оны саяси тұтқын деп санайды.