Қазақстан Инчхондағы Азия олимпиадасына қатысты алдын-ала жариялаған жоспарын кей спорт түрлері бойынша асыра орындаса, бағзы біреулерінен табысқа жете алмады.
ЖЕТІСТІКТЕР
Азия ойындарында Қазақстан каноэ және байдарка қайығымен жарысуда бес алтын, үш күміс, екі қола медаль жеңіп алды. 2010 жылғы Гуанчжоудағы Азиадада ұлттық олимпиадалық құрама бұл спорт түрінен тек төрт күміс, үш қола ғана алған еді. Азия ойындарының алдында Қазақстан каноэ және байдарка қайықтарымен жарыста үш алтын алуды жоспарлаған. Ескекшілер алға қойған мақсатты артығымен орындады.
Дзю-додан Қазақстан құрамасы Азия ойындарының тарихында алғаш рет алтын алды. 60 килограмм салмақта Елдос Сметов - әлем чемпионы. Ол әлем рейтингінде бірінші орында тұрған моңғолиялық Болватаар Ганбатты жеңіп, Азиада жеңімпазы атанды.
Бұдан бөлек дзю-дошылар жекелей сында бір күміс, үш қола медаль алды. Қазақстан ерлер құрамасы командалық сында Оңтүстік Кореядан ғана ұтылып, күміс алды. Қазақстан дзю-дошылары алғаш рет командалық жарыстың финалына шықты.
Жағажай волейболынан да Қазақстан Азия ойындарында жүлде алып көрмеген. Инчхонда Александр Дьяченко мен Алексей Сидоренко жұбы финалда қытайлықтарды жеңіп, Азиада чемпиондары атанды.
Қазақстан теннис бойынша бұрынғы Азия ойындарында медаль алмаған. Ал Инчхонда Қазақстан атынан жарысқа қатысып жүрген бұрынғы ресейліктер Андрей Голубев мен Михаил Кукушкин және бұрынғы украиналық Александр Недовесов финалда Қытай құрамасын ұтып алтын алды. Ал Ярослава Шведова мен Юлия Путинцева (екеуі де бұрынғы ресейлік) және Камила Керімбаева бастаған Қазақстан әйелдер құрамасы қола медаль иеленді.
Жүзуден Азия ойындарының алдында Эльвира Айғалиевадан жүлде күткен. Бірақ ол жетінші орында қалды. Оның есесіне Дмитрий Баландин 50, 100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзуде алтын алды. Жарыстардан кейінгі баспасөз мәслихатында спортшы «Инчхонда тек қола жүлде алсам деп жоспарладым» деді.
ОРЫНДАЛМАҒАН ЖОСПАРЛАР
Ауыр атлетикадан Қазақстан алтын алудағы жоспарын орындай алмады. Құраманың бас бапкері Алексей Ни Азиада алдында «үш алтын алу – мақсатымыз» деп мәлімдеген. Бірақ нәтиже бойынша Маргарита Елисеева (48 кг) ғана алтын алды.
Жеңіп шығады деген Лондон олимпиадасының чемпионы, бұрынғы қытайлық Зүлфия Чиншанло және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов күміс медаль иеленді. Ал 2012 жылы Қазақстан азаматы атанған бұрынғы қытайлық ауыр атлет Арли Чонтей жүлдесіз қалды. Ауыр атлеттер елге оралған сәтте Алексей Ни журналистерге «қарашада Алматыда өтетін әлем чемпионатында Азия ойындарында кеткен есені қайтарамыз» деп мәлімдеді.
Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Азия ойындарынан алтын аламыз деп барған. Бірақ Қытайдан ұтылып, Жапониямен тең түсіп, нәтижесінде тек қола жүлдеге қол жеткізді.
1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарында еркін күрестен Мәулен Мамыров чемпион атанған еді. Содан бері Қазақстан еркін күрестен Азиаданың алтынын ала алмай келеді. Инчхонда да Расул Қалиев, Есболат Нұржұмбаев, Дәулет Шабанбай финалда ұтылып, күміс алды. Нұржұмбаев пен Шабанбай ирандық балуандарға есе жіберді.
Әйелдер күресінен биылғы Азия чемпионатында алтын алған Татьяна Аманжол мен Гюзель Манюрова (Лондон олимпиадасының қола жүлдегері) да күміс иеленді. Екі спортшыдан да Қазақстан делегациясы алтын күткен.
Бокстан Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова да Азия ойындарының алдында алтыннан басты үміткер саналған. Бірақ ол жартылай финалда ұтылып, қола медаль ғана иеленді.
Қазақстан триатлон, спорттық гимнастика, ат спорты, гольфтан бірде-бір медаль ала алмады. Гуанчжоуда қола алған волейболдан әйелдер құрамасы да жүлдесіз қалды.
Қазақстан биылғы Азия ойындарында 20 алтынмен жалпы есепте төртінші орында алуды жоспарлаған.
Азия ойындарының он күнінен кейін Қазақстан 15 алтын, 16 күміс, 22 қоламен жалпы есепте төртінші орында тұр. Қазақстанның басты қарсыласы Иранда 10 алтын медаль бар. Алғашқы үштікке Қытай (112 алтын), Оңтүстік Корея (47 алтын) мен Жапония (36 алтын) кірген.
Қазақстан алда бокс, грек-рим күресі, таэквондо, каратэ, регби, қазіргі бессайыс және жеңіл атлетика бойынша жүлдеге таласады.
Азия ойындары қазанның 4-і күні аяқталады. Ал келесі жазғы Азия ойындары 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өтеді.