2017 жылғы маусымның 20-сы күнгі Қазақстан үкіметінің "Астана халықаралық әуежайын қайта атау туралы" қаулысында бұл нысанға осы елдің президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру «Қазақстан әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылы желтоқсанның 8-і шыққан заңға сүйене отырып іске асырылғаны жазылған.
Үкімет мұнан бөлек, «Қазақстан аумағындағы әуежайларға, порттарға, темір жол вокзалдарына, т.б. объектілерге атау беру туралы» 1996 жылы наурыздың 5-і шыққан өз қаулысына сүйенетінін де ескерткен.
Сонымен, Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың қолы қойылған қаулыда "Астана халықаралық әуежайы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып қайта аталсын; осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі" деп көрсетілген.
ҚАРСЫ ЖӘНЕ ҚОЛДАҒАН ПІКІРЛЕР
Үкімет әрекетін құптаушылар да, сынаушылар да бар. Мәселен Қазақстан халқы ассамблеясы мүшесі, «Мемлекеттік тілге - құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман Астана халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді қолдайды.
Көріңіз: Мәжіліс депутаттары Астана әуежайы атауын алмастыру туралы не дейді?
Your browser doesn’t support HTML5
- Егер елдің, халықтың шешімі болса, оған кімнің қарсылығы бар. Назарбаевтың еңбегі бар ғой. Аэропортымыз құдайға шүкір әлемдік дәрежеде болып жатыр ғой. Қазақстан әлемге танылып жатыр. Сондықтан, жақсылыққа қарсы болмайық. Дәл Назарбаевтың ерен еңбегін шынайы, адал бағалай білуіміз керек. Қазақ «әке атымен қыз өтер, мата атымен бөз өтер» деген, қазір Назарбаевтың атымен Қазақстан әлемге жақсы танылып тұр. Құдай көп көрмесін, - деді.
Асылы Осман Нұрсұлтан Назарбаевтың аты халықаралық әуежайға сайланбалы өкілдік орган шешімімен емес, үкімет қаулысымен берілгені туралы сауалға:
- Мұндай нәрсені үкіметтің қаулысымен қоймай ма! Еңбекті бағалаған дұрыс! – деп жауап берді.
Ал саясаттанушы Талғат Мамырайымов мұны Нұрсұлтан Назарбаевтың маңындағы жағымпаздардың әрекеті деп біледі:
Жеке басқа табынуды бүкіл елге жайып жатырмыз. Одан басқа не айтуға болады?
- Жауыр болған тақырып. Жеке басқа табынуды бүкіл елге жайып жатырмыз. Одан басқа не айтуға болады? Әрине, бұл - [президенттің] туған күніне орайластырылған, маңайындағы жағымпаздар жасаған кішкентай сыйлық. Олардың осыдан басқаға ақылы жетпейді, - деді.
Қазақстанда осыған дейін Астана мен кейбір нысандардың атауын Назарбаевтың құрметіне өзгерту туралы бірнеше рет ұсыныстар жасалған. Әдетте мұндай шаралар мен ұсыныстар Қазақстан президентінің туған күнімен сәйкес келетін Астана күні - шілденің 6-сы қарсаңында жасалып жатады. Ондай ұсыныстардың кейбіріне Нұрсұлтан Назарбаев кейде қарсы пікір айтып қояды.
ВИДЕО: Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанаға есімін беру туралы пікірі (2016 жылғы видео, Facebook-тегі AkordaPress аккаунтынан алынды)
Қазақстанда елдің тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атында университет пен зияткерлік мектептер, бірнеше қор, мұражайлар, саябақтар мен тарихи-мәдени орталықтар жұмыс істейді. Іле Алатауындағы бұрынғы шыңдардың біріне де Нұрсұлтан есімі берілген. Қазақстан ғылым академиясы оны «Ғасыр ғұламасы» деген атақпен марапаттаған. Қазақстанмен бірге бірқатар шет мемлекеттерде Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі салынған мүсін-ескерткіштер орнатылған. Қарсыластары мұндай әрекеттерді оның билігінің автократтық сипатының әсері және жеке басқа табыну белгілері деп есептейді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 27 жыл бойы басқарып келеді. Қазақстанның жоғарғы басшысы қызметіне ол 1989 жылы 22 маусым күні Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы ретінде сайланған. 1990 жылы 24 сәуір күні Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Назарбаевты Қазақстан президенті етіп бекітті. 1991 жылғы 1 желтоқсан күні Қазақстан тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық президент сайлауы өтіп, сайлауға кандидат болып түскен жалғыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР президенті болып [ресми мәлімет бойынша] 98,7 пайыз дауыспен қайта сайланды. Бұдан соң Қазақстанда президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу және референдум жасау «дәстүрге» айналды. Назарбаев жеңген барлық сайлауларды кейбір халықаралық бақылаушылар "әділ әрі ашық емес", "сайлау шынайы бәсеке болмауы және сөз бостандығы шектелуі жағдайында өтті" деп сынап келеді.
2010 жылы 15 маусым күні Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» (орысша «Лидер нации») деген ресми атақ беру заңмен бекітілді. Заң бойынша, Елбасының бейнесін бүлдіру әрекеттерін жасағандарға айыппұл немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал баспасөз құралдары арқылы жасалған нақ сол әрекеттер үшін үш жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Заңда Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына қол тигізбеу құқығы да атап жазылып, оны бұзғандарға бес жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы белгіленді.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Назарбаевтың биліктегі 27 жылы (суретті басыңыз)
25 қаңтар күні Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті телеарнадан сөйлеп, Қазақстан халқына үндеу жариялады. Ол билік тармақтары арасында билік өкілеттіліктерін бөлу реформасын бастайтынын мәлімдеді. Назарбаев өзіне тиесілі бірқатар өкілеттіліктерді парламент пен үкіметке беретінін айтты. Ол бұл ниетін "қазіргі заман талаптары" мен "демократиялық реформалар рухына" сәйкес болу мақсатымен түсіндірді. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді парламент екі жұмыс күні ішінде мақұлдады. Биліктің айтуынша, бұл өзгерістер елдің жағдайына қатысты парламент пен үкіметтің жауапкершілігін күшейтеді. Freedom House халықаралық ұйымы реформаны "ескі фасадқа жағылған тағы бір қабат бояу" деп атады.
Көріңіз: Желі қолданушылары пікіріне шолу.
Your browser doesn’t support HTML5