Заң жобасын депутаттарға Мәжіліс мүшесі Нұрлан Әбдіров оқып берді. Оның сөзіне қарағанда, осы заңмен конституцияның 19 бабына 26 өзгеріс енгізіледі.
Бұл өзгерістер Қазақстан билік бұтақтарының арасында өкіліттіліктерді қайта бөлуді қарастырады, парламент пен үкімет рөлін президенттің кейбір өкілеттіліктерін беру арқылы күшейтуге арналған.
ПАРЛАМЕНТ
Қабылданған заң жобасы бойынша, енді үкіметті жасақтау кезінде парламент рөлі , оның үкімет жұмысын бақылау тетіктері кеңейеді. Бұрын үкімет тек президентке ғана есеп беріп келсе, ендігі жерде президентпен қатар парламент алдында да есеп береді. Парламент енді депутаттарының үштен екісі қолдаған жағдайда президенттен министрлер кабинетінің (үкімет) жекелеген мүшелерінің отставкасын талап ете алады.
Нұрлан Әбдіровтің сөзіне қарағанда, үкімет енді Президент жаңадан сайланғаннан кейін емес, Мәжіліс жаңадан сайланғаннан кейін таратылады. Парламент және президент келісімімен жаңа үкімет жасақталады. Президент төрт министр - ішкі және сыртқы істер, қорғаныс және әділет министрліктерінің басшыларын ғана өзі дербес тағайындайды. Бұған дейін үкіметтің барлық мүшелерін президент жеке өзі тағайындап келген.
Әбдіров «Бұл депутаттардың жауапкершілігін жоғарылатады және сайлау жүйесінің партиялық принципін күшейтеді" деп түсіндірді. Қазір Қазақстан парламентінде "Нұр Отан" партиясы басым. Оппозициялық күштер жоқ.
Мәжіліс спикері Нұрлан Ниғматулин Қазақстанның жергілікті БАҚ өкілдеріне парламент үкіметті бақылау жөніндегі жаңа өкілеттіліктерін "өзгерістер конституцияға толық енгзіліп, оған президент қол қойғаннан кейін" іске асыра бастайтынын айтқан.
ҮКІМЕТ ПЕН ПРЕЗИДЕНТ
Заң жобасы бойынша, мемлекет басшысы (Президент) үкіметке мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру және еңбек ақы жүйесін бекіту өкілеттігін береді. Мұнан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлар жасау құзыры да министрлер кабинетіне тапсырылады. Заң жобасында "ол жұмысты үкімет президентпен кеңесе отырып атқаратыны, бірақ мемлекет басшысы үкімет актілерін шегере алмайтыны, сол арқылы енді үкімет өзінің жұмысына толығымен өзі жауап беретіні" айтылған.
Заң жобасы бойынша, енді президент Конституциялық кеңеске күшіне енген заңдардың негізгі заңға сәйкестігін тексеру ұсынысын жолдауға құқылы болады, бұрын президент бұл кеңеске күшіне енбеген заңдарды тексеруге ұсыныс енгізе беретін. Жобада президентке парламент қарайтын заңдардың кезегін анықтау құқығы берілгені де жазылған.
Парламент бүгін қабылдаған заң жобасында әкімдер мен соттарды сайлау, депутаттардың сайлану жүйесін өзгерту туралы айтылмаған.
Парламент конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын наурыздың 3-і күні өткен бірлескен отырысында мақұлдаған еді. Бұл отырысқа Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып "конституциялық реформа жобасы бір ай бүкілхалықтық қызу талқылауға салынды. Әр адам ұсыныс беру құқығына ие болды... 6 мың ұсыныс түсті. Бүкіл конституциялық реформа қоғамымызды біріктіре түсуге бағытталады. Сондықтан 26-бапты бұрынғы редакцияда қалдыруды ұсынамын" деп мәлімдеген еді.
Оқи отырыңыз: Назарбаевтың 26-бапты өзгертпеуін әрқилы бағалайды
Осы күні Назарбаев "Қыруар қаржы, адам ресурсын шығындап референдум өткізудің және қоғамда саяси проблема тудырудың қажеті жоқ. Сондықтан конституция бойынша халық сайлаған депутаттар корпусы бұл заңдарды қарауға хақылы. Мен екінші жолын таңдадым" деген болатын.
Қаңтар айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев билік бөлінісі туралы ұсыныс жасап, Қазақстан конституциясындағы парламент рөлін күшейту туралы айтқан еді. Мұнан соң президент сайтында азаматтар ұсыныс жолдайтын электрондық адрес жарияланып, ол ұсыныстардың жалпы мазмұнын мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу үшін құрылған жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков таныстырған болатын.
Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровтің сөзінше, заң жобасында Қазақстанның "аумақтық тұтастығы, унитарлық құрылымы, басқару формасы қандай жағдайда болмасын, тіпті конституцияға түзетулер енгізу жолымен де өзгертілмейтіні, ел тәуелсіздігіне қатысты өзгерістер жасалмайтыны" жазылған. Бұл туралы Қазақстан президенті "Қазақстан президент басқаратын мемлекет болып қала береді" деп наурыздың 1-і күні де ескерткен болатын.
«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕРЕКШЕ ОРНЫ»
Конституциялық реформа туралы заң жобасы парламентке келіп түскен наурыздың 3-і күні бірнеше депутат қатарынан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен астананың дамуындағы "ерекше рөлін" заң жобасында көрсету туралы ұсыныс жасаған еді. Мәселен сенат депутаты Дархан Қалетаев астана мен елдегі нысандарды тұңғыш президенттің атымен атау ұсынысы "заманауи әрі өзекті" екенін айтты. Мәжіліс депутаты Павел Казанцев бұрынғы Целиноградтың (Астананың СССР кезіндегі атауы) байырғы тұрғыны ретінде астананың атауын өзгертуді қолдайтынын мәлімдеді.
Депутаттар Астананың атауын Қазақстанның тұңғыш және әзірге жалғыз президентінің атымен атауды бірінші рет ұсынып отырған жоқ. Өткен жылы қарашада мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов конституцияда Назарбаевтың "мемлекет құрудағы ерекше үлесін" көрсетуді және Астананы Назарбаевтың атымен атауды ұсынған. Ол кезде мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова астананы Елбасы атауды, сенат депутаты Михаил Бортник қаланы Астана-Елбасы деп атауды ұсынған. Назарбаевтың өзі ол кезде депутаттардың ұсынысына алғыс білдіріп, Астананың атын өзгертуді қабылдамаған. Назарбаев өзіне өзгелердің президенттің "мемлекет құрудағы еңбегін" елеп жатқаны "ұнайтынын" айтқан. Алайда бүгін қабылданған заң жобасына Астананың есімін Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне өзгерту туралы ұсыныс енбеді. Енді конституцияға өзгеріс енгізу жобасы Конституциялық кеңеске жолданды.
Қазақстандағы кейбір сарапшылар мен Батыс елдеріндегі БАҚ конституцияға жасалып жатқан өзгерістер билік транзитінің амалы деп болжайды.
Соның ішінде Reuters агенттігі «Қазақстан - көмірсутекті шикізат пен металл экспорттаушы ірі ел. СССР кезінен бұл елді бір ғана тұлға басқарып келеді. Ол - 76 жастағы Назарбаев. Назарбаев өзінен кейін билікке кім келетінін әлі мәлімдеген жоқ әрі бұл инвесторлардың алаңдаушылығын тудырады" деп жазды. Агенттік "мемлекеттік билік тармақтарының өкілеттіліктерін қайта бөлу билікті бір тұлғаның қолына шоғырландырмай, маңызды құзыреттерді түрлі мекемелер арасында бөлуге мүмкіндік береді" деп болжайды.
Қазақстаның қазіргі конституциясы 1995 жылы референдум арқылы қабылданған. Оған көптеген өзгерістер енгізілді. Соның бірі - Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қанша мерзім болса да сайлауға түсе беру құқығы берілді.