Владимир Путин Астанада қазақстандық әріптесімен кездескеннен кейін өткен баспасөз жиынында Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөз кезінде өзге тақырыптармен қоса Сирия мәселесі де талқыланғанын мәлімдеді.
СИРИЯҒА ҚАТЫСТЫ «ШҰҒЫЛ СҰРАҚ»
ВИДЕО: Назарбаев пен Путин Сирияны сөз етті
Your browser doesn’t support HTML5
Кеше АҚШ Сириядағы жағдайды талқылау үшін баруды ұйғарған Ресей премьер-миинстрі Дмитрий Медведев бастаған делегацияны қабылдаудан бас тартқаны хабарланған. Вашингтондағы баспасөз жиынында Ақ үй баспасөз хатшысы Джош Эрнест коалицияның «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымымен күресіне «Мәскеу дұрыс үлес қосуға даяр болмайынша» АҚШ Ресеймен әскери салада ынтымақтасуға және Сириядағы іс-қимылды үйлестіруге ниетті емес екенін айтқан.
– Ресей Сириядағы іс-қимыл бағдарламасын жеке-дара іске асырып жатыр. Сондықтан президент Путиннің ел басшылығындағы екінші дәрежелі мемлекеттік қайраткерін бізді қосылуға көндіру үшін АҚШ-қа жіберуге тырысқан шарасыз амалына онша танданбаймын, – деп мәлімдеген Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сириядағы жағдай «бәрімізге, әсіресе Орталық Азия аймағы үшін ортақ қауіп» деп мәлімдеді. Ол аймақ елдерін Ауғанстан мен Түркіменстан, Тәжікстан арасындағы шекарадағы болған оқиғалар да алаңдататынын айтты.
Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен сәрсенбі күні келген. Бұл – Ресей қыркүйектің 30-ында Сириядағы әуе шабуылдарын бастағаннан кейін Путиннің шетелге жасаған алғашқы сапары. Мәскеу ИМ және өзге де экстремистік топтардың позицияларына соққы беріп жатқанын мәлімдейді. Батыс елдері мен Сирия оппозициясы Ресейді «Кремль қолдап отырған президент Башар Асадқа қарсы көтерілісшілермен күресіп жатыр» деп айыптайды.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ҚҰЛАУ АУДАНЫ»
Келіссөз қорытындылары бойынша Путин мен Назарбаев қол қойған бірнеше келісімнің арасында Ресейдің Орынбор облысы Домбаровский ауданындағы полигоннан зымыран ұшыру тәртібі қарастырылған құжат та бар. Ұшырылған зымырандардың қалдықтары құлайтын аудан ретінде Қазақстанның Маңғыстау облысы территориясы таңдалғаны хабарланды. Президенттің көмекшісі Юрий Ушаковқа сілтеме жасаған кейбір ресейлік БАҚ-тың жазуынша, Ресей бұл жерді жылына 460 мың доллар төлеп пайдаланатын болып, уақытша жалға алған.
Қазақстандық заңдар мен нормативті-құқықтық актілер қорында жарияланған келісім жобасына сәйкес, «зымыран ұшыратын ұйым мен Маңғыстау әкімдігі зымыран ұшырылатынын зымыран қалдықтары құлайтын ауданға жақын территорияда (40 километрге дейін) тұратын халыққа бес күн бұрын хабарлап, қалдықтар құлайтын ауданнан адамдар мен ауыл шаруашылығы малдарын уақытша әкетуді ұйымдастырады» деп жазылған. Әлгі құжатта апатты немесе жоспарланбаған жағдай туындаған кезде әлгі территорияда не болатыны да сипатталған.
Ресей Домбаровский ауданындағы полигонынан «конверсиялық» деп есептелетін «Днепр» маркалы зымырандарын ұшырады. Зымыранның бірінші және екінші сатысы – НАТО жіктеуіне сәйкес «Сатана» деп аталатын РС-20 советтік континентаралық баллистикалық ракета.
Ресей әскери полигондарын орналастыру үшін Қазақстаннан Сарышаған (Жамбыл және Қарағанды облыстарының территориясында), Тайсойған (Атырау облысы), Жамантау сияқты бірнеше нысанды жалға алған. Байқоңыр ғарыш айлағын да Ресей жалдап отыр.