Парламент алдына бірпартиялы парламентті таратуды талап еткен студенттердің кезекті тобы шықты

Бір топ студент Қазақстан парламентін тарату туралы наразылық шарасын өткізіп тұр. Астана, 9 қыркүйек, 2009 жыл.

Сәрсенбі күні бір топ алматылық студент Астанадағы парламент үйінің алдына келіп, мәжіліс спикері Орал Мұхамеджановқа ашық хат тапсырмақ болды. «Нұротандық» бірпартиялық парламентті тарату туралы жазу ұстаған оларды полиция ұстап әкетті.


ЕҚЫҰ ҰЙЫМЫ АЛДЫНДА ҰЯТҚА ҚАЛМАУЫМЫЗ КЕРЕК

Шара басталмас бұрын Алматы қаласының маслихаты депутаттығына экс-кандидат әрі М.Шаханов атындағы «Рух пен тіл» жастар клубының жетекшісі Жанболат Мамай бұның митинг, пикет немесе наразылық шарасы емес екендігін айтты.

"Рух пен Тіл" клубының жетекшісі Жанболат Мамай. Астана, 9 қыркүйек, 2009 жыл.



– Бұл - біздің пікіріміз бен әлеуметтік топтың көзқарасы. Сондықтан біз шараны ұйымдастыру үшін ешқайда да өтініш жазған жоқпыз, – деді Ж.Мамай.

Жастар өз талабының себебін – «Бірпартиялық парламентпен Еуропаның алдында ұятқа қаламыз» деп түсіндірді.

«2007-ші жылы көптеген заңбұзушылықтармен өткен сайлауға» қатысты пікірін кешіктіріп білдіруінің себебін Жанболат Мамай, «әлі де кеш емес, егер парламентті қазан айында таратса, біз үлгереміз» - деп жауап берді.

– Билік оған дайын, оған қатысты сыбыстар да аз емес, біз де әлі де кеш емес деп санаймыз. Тіпті сайлауды 2010 жылы да өткізуге болады, ең бастысы ЕҚЫҰ сияқты демократиялық ұйымның алдында ұятқа қалмасақ болғаны, – дейді Ж.Мамай.

Орын алған шараға Мұхтар Шахановтың қаншалықты қатысы бар деген Азаттық радиосының сұрағына «Азамат ретінде өзге көзқарас та болуы мүмкін, алайда, демократиялық құндылық тұрғысынан алғанда біздің қадамымыз дұрыс» деген жауап алдық.

Акциядағы студенттерге полиция мен ОМОН жасақтары келді. Астана, 9 қыркүйек, 2009 жыл.



Сағат 11-ден аса шараға жиналған 7 студент, 8 журналист пен жалғыз әуесқой-операторға астаналық полицейлер мен қалалық прокуратура қосылды. Соңғылары мән-жайды сұрастырып білгеннен кейін алматылық жастарды Қазақстан Парламенті Мәжілісінің канцеляриясына жібермей қойды.


ЖЕТІ СТУДЕНТТІ 21 ОМОН ЖАСАҒЫ АЛЫП КЕТТІ

Екі жақ бір-екі ауыз сөз алмасқаннан кейін полиция полковнигі «Болды, барлығын алып кетіңдер!» дегені сол ақ екен, көмекке келген жиырма бір ОМОН жасағы студенттердің қолын қайырып, автобусқа салып, Астана қаласының ішкі істер бөлімшесіне алып кетті.

Парламент алдынан студенттерді полиция алып кетті. Астана, 9 қыркүйек, 2009 жыл.



Орын алған оқиғаның еріксіз куәгерлері болған бірнеше депутат, пленарлық отырыста бір сағаттың ішінде республикалық бюджеттің жобасына қатысты сұрақтар мен 2010-2012 жылдары Қазақстанның Ұлттық қорынан кепілденген трансферт және т.б мәселелерге қатысты сұрақтарды талқылап үлгерген болатын.

Студенттерді бақылай отырып, сәл кідірген тек депутат Иван Чиркалин ғана болды, бірақ ол қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.