Жекеменшік мектептер санын ұлғайтуды көздеген Астанада мемлекеттік мектептер мен жеке меншік оқу орнындағы білім сапасын ата-аналар әртүрлі бағалайды.
Қазір Астана мектептерінде 11 мың балаға орын жетпейді. Астана білім басқармасы 2023 жылға дейін астанаға тағы 124 мың бала қосылады деген болжайды. Таяуда Астана қалалық мәслихат жиынында Астананың білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мемлекет есебінен мектеп салу үшін құрылысқа қосымша 135 млрд теңге қажет екенін және басқарманың ел астанасында жекеменшік мектепті көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты.
Ол жекеменшік мектептер желісі ұлғайғанда оқушыларды сыйдыра алмай жатқан жалпы білім беретін мектептердің көбінде бала санын азайту мүмкіндігі туады деп санайды.
40 ОҚУШЫҒА - БІР ФОРТЕПИАНО
Индира А. биыл астаналық мектептердің бірін бітірген. Ол бірінші мен екінші сыныпты Атырау қаласындағы мемлекеттік мектепте, сосын Астанадағы жекеменшік мектепте - төрт жыл, Назарбаев зияткерлік мектебінде - екі жыл, мемлекеттік мектепте үш жыл оқыған.
Индираның сөзінше, мемлекеттік мектеп пен жекеменшік оқу орындарында айтарлықтай айырмашылық бар. Мемлекеттік мектеп сыныптарында 30-40 оқушыдан отырады, сондықтан мұғалімдер әр балаға көңіл бөліп үлгермейді. Ал жекеменшік мектептің артықшылығы - әр балаға көңіл бөлінеді, сыныптағы бала саны 25 оқушыдан аспайды, бұл мұғалімдерге әр баламен жеке шұғылданып, сабаққа деген ынтасын оятуға мүмкіндік береді.
- Жекеменшік мектепте бізге, яғни балаларға деген мейірімділікті сезінеміз. Мемлекеттік мектепте мұғалім мен оқушы арасында жиі жанжал туады. Жекеменшік мектептерде ондай жанжалдар - өте сирек құбылыс, - дейді Индира.
Индираның сөзінше, ақылы мектеп асханасында тамақ та дәмді, оқушыларға өзге де тұрмыстық жағдайлар жасалған. Оқу кабинеттерінің бәрі жаңа жабдықтармен жабдықталған, ал қарапайым мемлекеттік мектеп бұл жағынан "мақтана алмайды".
Ақылы мектептерде оқушының таңдауы бойынша түрлі қосымша білім алу мүмкіндігін ұсынады.
- Әрине, бұлар мемлекеттік мектептерде де бар. Бірақ өзім шұғылданайын деп барған жерде 40 адамға бір фортепиано болған. Өзге мемлекеттік мектептерде қалай екенін білмеймін, мен өзім оқыған мектептер туралы айтып отырмын, - дейді биылғы жылдың түлегі Индира А.
"БҰРЫНҒЫДАН БЕТЕР ҚҰЛДЫРАУ"
Мектеп жасындағы үш баланың анасы Виолетта Филиппова кезінде өзінің баланы жеке мектепке қарсы болғанын айтады. Қазір оның балалары жекеменшік мектепте де, мемлекеттік мектепте де оқыған. Ол Азаттыққа екі түрлі мектептен байқағандарын айтып берді.
- Кіші балаларым мектепке бара бастаған кезде мемлекеттік мектептердің жағдай бұрынғыдан бетер құлдырап бара жатқанын түсіндім, - деген ол өздері таңдаған жекеменшік мектепте пәндерді оқыту сапасына көңілі толмағанын да айтты.
Оның айтуынша, балаларының бірін қазақ сыныбына берген. Мұғалім сауатты болып шыққан. Алайда мектептің деңгейіне риза болмаған ол бір жылдан кейін баласын жеке меншік мектепке ауыстырған.
Виолетта Филиппованың сөзінше, мемлекеттік мектепте оқыған кезде сабақтан кейін балалары репетитормен қосымша шұғылданған, ал жекеменшік мектепте мұның қажеті болмаған.
- Математика, орыс, қазақ және ағылшын сабақтарында балаларды топқа бөліп оқытады, сондықтан сабақтың нәтижесі де жақсы, - дейді үш баланың анасы Азаттыққа.
Виолетта Филиппованың сөзінше, жеке мектептің өз "минусы" бар - оқу ақысы тым қымбат. Келісім-шартқа сәйкес, үшінші сыныптар үшін оқу ақысы 1 миллион 437 мың 300 теңге болған, бірақ биыл оны 1 миллион 597 мың теңгеге дейін тағы қымбаттатты.
- Ертең оқу ақысын тағы қымбаттатып жібермесіне кепілдік жоқ. Біз бұған мүлде ықпал ете алмаймыз, - дейді Виолетта Филиппова.
Бұған қоса, ол оқушылардың біліміне жеткілікті талап қойылмауы да ақылы мектептің "минустарының" бірі деп біледі. Оның сөзінше, мектеп әкімшілігі мұндай оқыту жүйесін, яғни балаларды артық талап қойып, қинамауды дұрыс деп санайды. Бірақ Виолетта Филиппованың сөзінше, мемлекеттік мектептегі сияқты жекеменшік мектепте де ылғи ақша жинап, ата-аналарды ығыр етеді.
- Бірақ жекеменшік мектепте контингентке қарай ақшаны да көп жинайды. Мұғалімдерге сыйлық, сыныптарды мерекелерге безендіруге ақша жинайды. Ата-аналар позициясы "дауласпай, сұрағанын беріп құтылайық" дегенге саяды, - дейді Филиппова.
Жекеменшік мектеп білім беру қызметімен заң актілері және мемлекеттік білім беру стандарты негізінде айналысуға міндеттеледі. Бірақ оқу жоспарын мен оқыту бағытын (политехникалық, гуманитарлық пәндер циклы, тілдерді тереңдете оқыту, спорт, өнер мектебі және тағы басқалар), ғылым негіздері мен пәндерді өзі таңдайды.
- Ақыры, жекеменшік мектептердің жұмысын мемлекет толық бақылайтын болса, білім беру стандарты да мемлекеттік тапсырыс аясында қатаң орындалатын болады, сондықтан мұндай мектептердің қандай қажеті бар екенін түсінбеймін. Жекеменшік мектепте білім алу деген бұлай болушы ма еді? Егер мемлекеттік мекеменің бағдарламасы мен жоспарын қайталайтын болса, жекеменшік мектептің қажеті не? - дейді 25 жыл мұғалім болған Данагүл Смақова Азаттықпен әңгімесінде.
САПАЛЫ БІЛІМ КӨЗІ МЕ, ӘЛДЕ БИЗНЕС ПЕ?
CA Garden Schools басқарушы компаниясының директоры Нұрмұхамед Досыбаев шетелдің білім беру жүйесін зерттеп көру үшін бірнеше елді аралаған. Ол шетелдік мектептер туралы түйген ойларын Азаттықпен бөлісті.
Оның сөзінше, Германияда жекеменшік мектеп онша көп емес. Елдің кей округтарындағы халық саны өсуіне байланысты мектептерде орын тапшылығы сияқты әлеуметтік мәселе туындағаннан кейін ғана жеке мектептер пайда болған. Соның өзінде де мемлекет есебінен қаржыландырылатындықтан, жекеменшік мектептердің көбі әр отбасы үшін қол жетімді, яғни оқу ақысы арзан болады.
Үндістанда жекеменшік иелерін мектеп ашуға мемлекет тарапынан ынталандыру орын тапшылығы мәселесін шешудің жүйелі шарасы ретінде қарастырылады. Бағасы жағынан жекеменшік мектептер қол жетімді әрі мемлекеттік мектептерге қарағанда, беретін білім сапасы да тәуір әрі оқушыларға жақсы жағдай жасалған.
Ұлыбританияда жекеменшік мектептердің ерекше мәртебесі бар әрі оқу ақысы өте қымбат, мемлекеттік органдар оларды тексермейді, академиялық еркіндік бар, оның ішінде мемлекеттік стандартты орындау міндетінен босатылған.
Ал Финляндияда жекеменшік мектептер тіптен аз. Бұл елде жекеменшік мектептерде мемлекеттік мектептерде оқытпайтын сирек пәндерді оқытады.
Нұрмұхаммед Досыбаевтың пікірінше, халық саны көбейіп келе жатқаны байқалатын Астана, Алматыда және елдің оңтүстік қалаларында жекеменшік мектептерге (мемлекеттік тапсырыс арқылы мемлекет қаржыландыратын) қажеттілік бар.
- PISA мен TIMMS сияқты халықаралық тест нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанның солтүстік аймақтарында білім беру сапасы әлдеқайда жақсы екені байқалады. Өйткені ол жақтың мектептерінде сыныптағы оқушы саны 20-25 баладан аспайды, сабақ оқуға жағдай бар. Егер экономикалық мәселе немесе өзге де себептерге байланысты мемлекеттік мектеп салуға шамасы келмейтін болса, Германия мен Үндістандағы сияқты сыртқы фактор араласуы қажет, - дейді Досыбаев.
Досыбаевтың пікірінше, жекеменшік мектептердің қаншалықты жақсы білім беретіні құрылтайшыларының мектепті қандай мақсатпен ашқанына да байланысты болуы мүмкін. Біреулер оған спалы білім беретін оқу орыны ретінде қараса, тағы да біреулер кіріс келтіретін бизнес ретінде мектеп ашуы ықтмал.
- Егер бизнес көзі болса, клиенттерінен, кірістен айырылмас үшін, яғни дәулетті ата-аналардың оқу ақысынан қағылмау үшін оқушылардан да ештеңе талап етпейді. Бірақ баланың қаншалықты жақсы оқитыны отбасы мен ата-ананың балаға қоятын талаптарына байланысты болады, - дейді Нұрмұхамед Досыбаев.