Анар Крушова: «Баламнан айырғандарды жазалатпай тоқтамаймын»

Алқа билер соты ақтап шыққан Махамбет Шолақов пен Роман Вознюк. Атырау, 21 қазан, 2009 жыл.

Атырау облыстық прокуратурасының алдында өзін-өзі өртеген Қабидолла Шолақовтың кісі өлтірді деген күдікпен қамауда отырған үлкен ұлы алқа билер шешімімен бостандыққа шықты. Бірақ айыпкер орындығына оның кіші баласы отыруы мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, Атыраудың іргесіндегі Ақжар ауылындағы №26 мектептің оқушысы Дархан Олжағалиевты биылғы жылы наурыздың 4-інде белгісіз біреулер ұрып өлтіріп кеткендігін Азаттық жазған еді.

Наурыздың 3-інде кешкі сағат 22.30-да сыртқа сыныптастары шақырып шыққан Дархан Олжағалиев сол күні үйге оралмады. Ертесінде оның әке-шешесі соққыға ұшыраған баласының жансыз денесін үйлерінің алдындағы ескі балабақша ауласындағы үйілген шөңге шөптің астынан тапты.

Кейіннен полиция қызметкерлері Құлсары қаласынан 17 жасар Ақжар ауылының екі тұрғыны- Махамбет Шолақов пен Роман Вознюкты тұтқынға алған -ды. Оларға «Әдейі кісі өлтірді» деген айып тағылған болатын.
Қабидолла Шолақовтың прокуратура ғимаратына келген "Волга" көлігі және оның күйген аяқ киімі. Атырау, 26 мамыр 2009 жыл.

Алайда Дархан Олжағалиевтың ата-анасы баласын оның бір топ сыныптастары ақша бермегені үшін ұрып, мерт қылды деп санайды.

Бұл жайлы «баламды Ақжардағы №26 мектепте оқитын 6 баланың жабылып өлтіргенін білемін.Ал қамауда отырған Махамбет Шолақов өзінің жолдасы Роман Вознюкпен бірге Дарханның өліміне қатысы бар інісі Абылайханды қорғау үшін, жасамаған қылмысты мойнына алған» деген еді Дарханның анасы Анар Крушова.

Ағайынды Шолақовтардың ата-аналары да «кіші баласы Абылайханның Дарханды қалай өлтіріп алғандарын айтып, мәйітті жасырған жерлерін ағасы Махамбет Шолақовқа көрсетіп бергендігін, содан соң оны аяған ағасы досы Роман Вознюкпен бірге істі өз мойындарына алғандығын» мәлімдеген еді.

15 МЫҢ ДОЛЛАР ТАБА АЛМАҒАН ӘКЕ ӨЗІН-ӨЗІ ӨРТЕП ЖІБЕРГЕН ЕДІ

Ең бастысы жәбірленуші де, айыпкер жақ та істің нақты қалай болғандығын сан мәрте айтып, куәлердің сөзімен растағанымен тергеу жүргізген облыстық Ішкі істер департаментіндегілер бұл жайттарды мүлде есепке алмаған.

Балалардың әкесі Қабидолла Шолақов «кісі өлтірген сотталсын, жазығы жоқ баламды шығарыңдар» деп облыстық прокуратурадан да, полиция органдарынан да талап еткенмен, оның сөзіне ешкім құлақ асқан жоқ. Тергеудің әділетсіз жүргізілгендігіне наразылық танытқан ол ақыры биылғы жылғы мамырдың 26-сында Атырау облыстық прокуратурасы алдында өзін-өзі бензин құйып өртеп жіберген еді.

Алайда марқұмның туған-туыстары оның мұндай әрекетке баруына кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен қамауда отырған үлкен ұлы Махамбет Шолақовты ақтап шығаруға заң өкілдерінің 15 мың доллар сұрағаны себеп болғандығын айтқан болатын.

Ал журналистермен болған кездесуде қамауда отырғандардың адвокаты Бақберген Айтмамбетов бұл жайтты растап, 15 мың доллар пара сұраған құқық қорғау органы қызметкерінің ісін нақтылайтын мәліметтердің ішкі қауіпсіздік қызметіне тапсырылғанын хабарлаған еді.

АЛҚА БИЛЕР ШЕШІМІ


Қазанның 21-інде Атырау облыстық сотында 16 жасар Дархан Олжағалиевті өлтірді деген күдікпен қамауда отырған Махамбет Шолақов пен Роман Вознюктің ісінің соңғы нүктесін қойылды. Олардың қылмысқа қатыстылығы дәлелденбегендіктен, кінәсіз деп
Сот залындағылар Махамбет Шолақов пен Роман Вознюктің ісін қараған алқа билер сотының шешіміне ризашылықтарын білдіруде. Атырау, 21 қазан 2009 жыл.
танылды.

Жасөспірімнің ісіне байланысты қылмыстық істі облыстық сотта жәбірленушілер мен айыпты деп танылғандардың талаптары бойынша қарапайым адамдардан құралған алқа билері қараған еді.

Бірнеше отырысқа созылған алқа билер соты айыптылар орындығында отырғандардың адвокаты Бақберген Айтмамбетовтың өтінішімен 16-дан астам куәгердің сөзін тыңдады.

Ал алқа билер сотының соңғы отырысында марқұм болған жасөспірім Дархан Олжағалиевтің анасы Анар Крушова сот төрайымы Тәтті Уәлиеваға жазбаша арыз түсірді. Онда «айыпталушы Махамбет Шолақов пен Роман Вознюктің кінәсі жоқ. Менің оларға қояр талабым да жоқ. Баламды нағыз өлтіргендер қазір куә болып жүр. Соларды жауаптауды сұраймын» деп жазылған екен.

ІС ҚАЙТА ҚОЗҒАЛАДЫ

- Сотта мемлекеттік айыптаушы Е.Тұрмағамбетов баламның өліміне нағыз себепкер балаларды жақтап, оларды жасөсіпірім деп қорғады. Бірақ баламнан айырғандарды жазалатпай тоқтамаймын. 6 баланың жазаға тартылуын талап етемін. Оның біреуі Абылайхан Шолақов ендігі мойындап та отыр,-деп мәлімдеді марқұм Дарханның анасы Анар Крушова Азаттық тілшісіне.

Ал қамаудан босатылған 18 жасар Махамбеттің ағасы Қалидолла Шолақов кіші ұлдың бұл іске қатысы бар екендігін растаудан қашпайтындарын айтты.

- Наурыздың 5-інде 4 бала қылмысты мойынына алған түсініктеме берген еді. Ол белгісіз себептермен жоғалып кетті.Содан соң наурыздың 12-сінде біздің адвокатымыз олардан облыс прокуроры Ш.Сартаевтың атына жазылған істі мойындаған түсініктемені қайтадан алған. Оның бір көшірмесі өзімізде сақтаулы.Дегенмен құқық қорғау органындағылар оны бұрмалап, адвокатымызды істен шеттетуге тырысты. Енді іс қайта қозғалады. Бірақ құқық қорғау органдары тағы қолдан келгендерін жасап, бар кінәні біздің баламызға артып жібере ме деген күдігіміз де жоқ емес,- деді Қалидолла Шолақов.