Атырау қаласындағы «Иманғали» орталық мешітінің бас және наиб имамы облыстық және қалалық соттарды парақорлықтан аулақ болуға шақырды.
Атырау облыстық сотында бас қосқан облыстық және қалалық соттармен кездесуге келген облыстың бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбет пен наиб имам, теолог Еркебұлан Қарақұлов ислам дінінің тарихы туралы әңгіме қозғады. Соттарға уаххабизм мен салафизм туралы дәріс оқыды.
«ҚАЗАҚТАР ХИДЖАБ КИМЕГЕН ДЕУ - ҚАТЕ»
Атырау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов Азаттық тілшісіне бұл жиынды өздерінің бастамасымен дін тарихын тереңірек білу үшін ұйымдастырғанын түсіндірді.
Алайда соттар жағы дін хақында айтылған әңгімелерге аса ыждақат таныта қоймады. Белсене сауал қойған да ешкім болған жоқ. Тек «сонымен уаххабшылардың кім екенін түсіндіңдер ме?» деген сот төрағасының өзі діннің таралуы туралы бірнеше сауалдарын жолдады.
Ал облыстың бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбет әңгіме барысында осыдан бірнеше ай бұрын Атыраудағы бейіт бұзғандардың әрекетін 19-ғасырда Мекке мен Мәдинеде өткен оқиғамен ұштастырады.
Атырау облысының "бас имамы" Нұрбек қажы Есмағамбет (сол жақта), Атырау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов (ортада), наиб имам Еркебұлан Қарақұлов (оң жақта). Атырау, 13 маусым 2011 жыл
- Уаххабизмнің бізге салып отырған негізгі ауыртпашылығы - қазіргі жастардың «сен намаз оқымайсың, кәпірсің» деп ата-аналарына қарсы келуі, - дейді бас имам.
Оның ойынша, сауаты төмен жастар дінге бет бұрғанның жөні осы деп, ертеректе исламның рөлін күшейту мақсатында шығарылған, кейін күшін жойған «қару, жихад» туралы аяттарды қолданып жүр. Бұл – олардың білместігі. Бұл аяттардың бірде-бірін Әбу-Ханифа мазхабы қолдамайды. Ал Қазақстан мұсылмандарының бәрі тек осы мазхабты ұстайды.
Содан соң соттардың бірі хиджаб мәселесіне қатысты сауал қойды.
- Хиджаб кию қазақта бұрын болған жоқ қой, осы туралы айтсаңыздар, - деді залдың ортасынан түрегелген судьялардың бірі.
Бас имамның пікірінше «хиджаб қазақта болған жоқ, хиджаб кимеген» деп түбегейлі жоққа шығару - қате. Өйткені өз заманында біздің аналарымыз басын жауып, жас ерекшелігіне қарай кимешектің түрін киген. Бұл исламға лайықталған қазақи киімдердің болғанын білдіреді.
Бірақ біз жартылай жалаңаш жүруге көзіміз үйреніп қалғандықтан, ормала таққандарға үрке қараймыз.
- Хиджаб дегеніміз кәдімгі орамал. Бірақ қазіргі кейбір жастарымыз қара жамылып, бетін тұмшалап жүрсе, ол - сауатсыздықтан жасалған еліктеу. Алла тағаланың қасиетті Құран Кәрімінде орамал тағу айтылғанмен, бетті тұмшалап, қара жамылып жүру деген сөз жоқ. Бірақ біз жартылай жалаңаш жүруге көзіміз үйреніп қалғандықтан, орамал таққандарға үрке қараймыз, - деді Нұрбек қажы Есмағамабет.
Хиджаб мәселесіне қатысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та өткен наурыз айында Түркістан қаласына сапары кезінде пікір білдірген еді. «...Хиджаб пен пәренжені студенттер мен оқып жүрген жастардың киіп жүргеніне қарсымын. Біздің әйелдер ешқашан оны кимеген, жүздерін жасырмаған. Әрине, біз мұсылман дінінің барлық өкілдеріне құрметпен қараймыз, бірақ біздің өз жолымыз бар, өз ұлттық салт-дәстүрлеріміз бар» деген болатын Назарбаев.
МАҚТАМЕН БАУЫЗДАУ
Облыстың бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбеттің айтуынша, әділ төрелік ету, парақорлықтан аулақ болу Құран мен хадистерде тасқа таңба басқандай жазылған. Ол Құранның бірнеше аяттарын соттарға көлденең тартты.
- Мәселен, қасиетті Құран Кәрімнің 58-аятында «Алла тағала адамдардың арасында билік қылсаңдар әділдікпен билік қылуды әмір етеді», ал Маида сүресінің 8-аятында «Әй, мүміндер! Алла тағала үшін куәлік қылу үстінде мықты тұрыңдар және адамдар арсында тура куәлік жасаңдар. Бір елдің өшпенділігі сендерді әділетсіздікке тартпасын, тақуалы күдіксіз әділдік жасаңдар, Алла тағала сендердің істеріңнен толық хабардар» делінген, - деп ескертті ол.
- «Аталыдан би қойсаң, адаспас жол мен жобадан, Атасыздан би қойсаң, босамас аузы парадан» дегендей парақорлықтан алыс болып, қоғамға, халыққа әділ қызмет етуге шақырамын. Алла тағала аманатқа қиянат жасамауды бұйырды, яғни сіздің алдыңызға келген әрбір адамға әділ төрелік айту - қылмыскер болса жазасын алып, таза болса ақталып шығуы аманат етілген. «Әділ би халық үшін, залым би құлқын үшін». Бұл жерде осы сөздердің бәрі бекерден бекер айтылмаса керек деп ойлаймын, - деді облыстың бас молдасы.
Бірақ мұның бәрі 20 жыл тәуелсіздік алсақ та, дұрыс кадрлердің болмай жатқандығынан болар.
Бұдан әрі «жел соқпаса, шөптің бас қимылдамайды» ғой деп бастаған ойының соңын сәл жұмсартқан Нұрбек қажы Есмағамбет «қазіргі таңда халықпен жұмыс істейтін болған соң, имамдардың артынан әртүрлі әңгімелер еститініміз тәрізді, сіздердің де арттарыңыздан да жақсы да, кереғар да сөздер естиміз. Бірақ мұның бәрі 20 жыл тәуелсіздік алсақ та, дұрыс кадрлердің болмай жатқандығынан болар» деп аяқтады.
- Шариғаттың ілімі ағып жатқан бұлақтай, айта беруге болады. Бірақ сіздердің жұмыстарыңызға тоқталып өтер болсам, адамдарға қатысты шешім шығарарда әділдікке шақырамын. Шариғатта өз мүддесін ойлап белгілі мақсатқа қол жеткізу үшін пара алуға да, беруге де тыйым салынған. Алла тағала Құран Кәрімнің хадистерінде «пара алушы да, беруші де - тозақта» деді», - деген ескертумен облыстың бас молдасы соттардың алдындағы уағызын тәмамдады.
Мұндай уағыздан кейін зайырлы мемлекеттік қызметкерлер үн-түнсіз қалды. Уағызшы алдындағы "жамағатына" қол жайғызып, бет сипатқан жоқ. Қол соққан да ешкім болмады.