Философияның Бекеті

Бекет Нұржанов, философ. "Казахстанская правда" газеті түсірген фото.

Философ Бекет Нұржановты еске алу кешіне арнаймын.

Мен соңғы жазбаларымда қазаққа тұтастану керек екені жөнінде көп айттым. Ол шынымен де солай, тұтастану, дербестену мәселесі қазақ үшін күн тәртібіндегі мәселе. Ал батыс философиясында бұл мәселеге қазір мүлде басқаша қарайды, олар тұтастанудан гөрі бөлектену, жекешелену мәселесіне көп көңіл бөледі. Өйткені олар үшін әлем тек бір қағидаға ғана бағынатын жүйе емес, әр қосындысының өз мұраты, өз еркі, өз жөні бар қөпқосынды дүние. Бұл ойдың ішінде барша тірлікті, оны Құдай дейміз бе, Ақыл дейміз бе, бір негізге бағындыратын метафизикаға деген қарсылық жатыр. Бұл ұғымды енгізген Аристотельдің ойынша, «мета физика» «фюсистен», немесе табиғаттан арғы нәрсе, Платонша айтсақ, идеялар әлемі. Міне, қазіргі философия бұл әлемді жоққа шығарады. Қазіргі деймін батыс философтары оны постфилософия, постмодерн деп атайды. Егер модерн заманы жекетұлғалық санаға негізделген табанды қарсылық, төңкеріс, өзгеріс заманы болса, постмодерн ол - болып қойған дүние, барлық құбылыстарға өз мөлшеріне сай баға бере алатын философия. Біздің топырақта бұл ағымға бірінші боп үн қосқан ойшылымыз, өкінішке орай, бір жыл бұрын 65 жасында қайтыс боп кеткен Бекет Нұржанов еді. Ол кезінде ҚазССР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Ағын Қасымжановтың шәкірті болған. Бірақ француз, ағылшын, неміс тілдерін білгесін, ол 1980 жылдардың өзінде марксизм аясынан шыға бастаған. Ол да кезінде диалектиканың қазақстандық нұсқасын қалыптастырған Жабайхан Әбділдин тобы сияқты Гегельге табыну дәуірінен өткен. Докторлық диссертациясын осы философтың ілімінен қорғаған. Бірақ батыс философиясымен жете таныс болғасын, өз кумиріне қарсы шығып, оның дидактикасын Хайдеггер, Адорно, Дерридаларға сүйеніп жоққа шығарған.

Нұржановтың ішкі өзгерістері оның Мәскеуге үш рет барған ғылыми іс сапарларына байланысты. Бірінші сапарында сол жақта докторлық диссертация қорғаса, екінші және үшінші сапарында өзі үшін батыс философиясының майталмандары Хайдеггер мен Дерриданы ашады.

Роденнің "Ойшыл" атты мүсінін тамашалаушылар. Көрнекі сурет

Егер Бекеттің Гегельді қалай сынағанына келсек, ол неміс философының «Дүние – Абсолютті рухтың әйгіленуі» деген қағидасына қарсы шыққан. Қазақ философының пайымдауынша, дүние тек жеке нәрселердің өзара байланысы мен қақтығысы, оның Ақылға, немесе Абсолютті рухқа еш қатысы жоқ. Ақыл дүниені ұғынудың құр құралы ғана. Болмыс ойға көне бермейді, екеуі екі басқа тірлік. Ақыры абсолютті идеализмнен бас тартып, Бекет Хайдеггердің экзистенциализміне бойлай бастайды. Бұл жолда ол Сартрдың «Бұл дүниені ұғыну үшін сен алдымен онда бар болуың керек» деген қағидасына сүйенеді. Бұл дүние неге жоқ емес, бар? Бірақ бар дүние де мәңгі емес қой, өйткені адамның болмысы өлімге қарай жылжыған болмыс. Осы арқылы Хайдеггер болмыс мәселесін ұмытылу түнегінен шығарып, ол тірлікпен бір емес деген тұжырымға келеді. Себебі тірлік дегеніміз қазіргі бар нәрсе, ал болмыс дәл қазір жоқ болса да, мүкіндікке толы тірліктің әлі белгісіз нобайы. Сондықтан философтың міндеті болмыстың атойын тыңдау, оның болашақта болар формаларын алдын ала болжай білу. Сөйтіп дүние ешбір Абсолютты Рухтың әйгіленуі емес және тіпті философияның да көрінісі емес, өйткені философия тек тіл арқылы жасалады деп Хайдеггер Витгенштейнмен бірге тіл философиясына қарай бұрылыс жасайды. Осының арқасында ол Гегельден кейін ұмыт болған көне грек философиясын тірілтіп, гректердің Сократтан бұрынғы Парменид, Гераклит сияқты алғашқы философтарын қайта ашады. Осы арқылы Хайдеггер Гегель мен Кант сияқты систематиктерді әшкерелеп, кейінгі постмодернистерге жол ашады. Ал соңғылардың бағыты коммунизм немесе фашизм сияқты бірнұсқалы жүйелерден қашып, бұрын назарға ілікпеген, елеулі, қажетті саналмаған құбылыстарды саралау, немесе үйреншікті көзқарастарды бұзып, батыс мәдениетіндегі дағдылы нәрселерді қайта зерделеу. Мысалы, Бодрийяр марксизмнің символикалық астарын аша білсе, Делёз бен Гваттари адамзатты отырықшылар мен көшпенділерге бөліп, соңғылар туралы номадология деген ілім жасаған. Ал Дерриданың деконструкциясы мүлде бөлек әңгіме.

Бүгінгінің ойшылы. Әзербайжандық суретшінің карикатурасы

Міне, Бекет Ғалымжанұлы Нұржанов осы тосын идеялардың бәрін қазақ философиясына таныстырған. 1996-1997 жылдары Нұржанов ҚР ЖАК философия, политология және социология жөніндегі эксперттік кеңесінің мүшесі ретінде ғылыми мамандықтардың тізіміне «мәдениеттану» ілімін енгізген. Келесі жылы бұл оқиғаға да 10 жыл толады. Бұл саладан осынша жылда 8 докторлық және 50-ден астам кандидаттық диссертациялар қорғалған. Жаңа мамандықтың күрделілігін есептегенде бұл өте жоғары көрсеткіш.

Жақын арада Бекет Нұржановтың әйелі, философия ғылымдарының докторы, Альбина Ержанованың ұйымдастыруымен жарқын азамат, ірі философ Бекет Нұржановты еске алу кеші өтеді. Менің бұл мақалам Бекетті тек еске алу емес, пайымдай бастағанымыздың алды болсын. Осы бағытта жұмысқа кіріскен адамдардың бәрін Тәңірі жарылқасын! Ал Бекет болса қазақстандық философиядан өз орнын алып, бекетін биікте қалдырған тұлға. Ендігі мақсат: осы биіктіктен төмендемеуіміз керек. Бір жазбада Бекет философиясының бар ауқымын қамту беймүмкін, ақыры болмағасын тұғырлы замандасыма өлең арнадым.

БЕКЕТ НҰРЖАНОВҚА

Жәй іштен тыну - тағдыры біздің буынның
Сөйлеуге - орта, алға басуға - серік жоқ.
Жүресің үнсіз, болса да тіпте мұңың мың,
Өзіңе ғана, сырыңа ғана берік боп.

Бекет те сондай - кетті ғой бізден жұмбақ боп.
Адамға ешбір қиянаты да жоқ еді.
Әлемдік ойды қазаққа болар құнды ап кеп,
Атаусыздыққа мұртынан күліп жөнеді.

Күлкісі оның тағы да жұмбақ ойлансаң,
Отқанда біздер ұлылыққа толы қоғам боп,
Айтар ед бізге: қажет емес деп той лайсаң.
Қажеті қанша болмасаң егер болған боп.

Қажеті қанша өзіңді мақтап дүр болу,
Мақтасын сені өзгелер, тұрсаң мақтауға.
Мінезбен ешкім ұтпайды мұнда құр долы,
Қонса, бақ қонсын шын өлшем болар нақ тауға!

Бекетім менің, мырза едің – сырбаз, дарxан да,
Серілігің де асатын еді мөлшерден.
Бар еді кейде тыз ете қалар арқаң да,
Жүріпсің сонда тұншығып қана мол шерден.

Ол шерің - ұлттан құл болған дүрге түңілу,
Өзіңді сезу далаға жайған базардай
Сонда да іштей сезетін едің құм үнін,
Жиналған жын боп, жарылмас болса азардай.

Қайтесің енді - бильярдқа шаштың күшіңді,
Құрбан да болдың әріптес досқа тонаған.
Өзім де сені Бекетім кештеу түсіндім,
Өлім де саған болып кеткенде қомағай…

Қош, досым, енді... Баянсыз мұңға қол сілте,
Өкініш сұмға, постмодернистерге тән емес.
Кітаптарыңда жатыр жағуға жарар мол білте,
Жаңғыртар сені өзің қалдырған сан елес.

Автордың көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.