Нұрбосынның арманы

Майра Кенжебекова, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

"Қала жағалап пәтер іздеп кеткеніміздің себебі неде осы? Елдің тамыры ауылда болса, сол тамырды тереңдетіп, көктетіп, көгертудің орнына ортасынан балталағанымыз қалай?"

Кенет Нұрбосын тәтті түс көріп жатып оянып кетті. Түсіне аршалы-шыршалы, қарағайлы ну орманы бар, сансыз мөлдір бұлақтары мен жазиралы қыраттары бар аспан тауларының етегіне қарай орын тепкен, туған ауылы Ақшоқысы кіріпті! Бәрі де сол баяғысынша - аядай ауылдың күнделікті мамыражай тіршілігі басталған екен. Ешкім де ауылды тастап кетпеген, тастанды үйлердің қорым-қорымы шығып алды-артын шөп баспаған, қоршаулары бүтін оқтай түзу көше бойында алаңсыз шуылдасып ойнап жүрген балалар да көрінетіндей.

Ойға шомып кетті.

"Біздің қала жағалап жалдамалы пәтер іздеп кеткеніміздің себебі неде осы? Елдің тамыры ауылда болса, сол тамырды тереңдетіп, көктетіп, көгертудің орнына ортасынан балталағанымыз қалай? Ауылда тұра берсек, осы бір шаршы бөлмеге таңылмас едік қой. Дәл қазір осы алтаумыз сол үйдің әр бөлмесінде құлашты сермеп тастап көсіліп жатпас па едік? Мына балалар қуықтай бөлмеге қамалмай, кең алаңқайда шапқылап доп қуып кетер ме еді? Біздің алтындай басымызға неге «квартирант» дейтін жаман ат тағылды?

Оу, сонда ауылда кім қалады? Ауылдың алтын қазығын кім тіктейді? Қаладағыларға бал татыған қаймақ пен сүтті, құрт пен ірімшікті, айран мен шұбатты, қымыз бен жал жаяны кім беріп жібереді?

Шіркін... Шіркін-ай, бір ғаламат заман болып, ауылдар ажарланып, аудандар абаттандырылып, заманауи құралдар іске қосылып, ауылда аласапыран тіршілік жанданып кетсе... Құрылыс нысандары қайта жөнделіп, мектеп, аурухана, тіпті, тойхана салынып, балалар ойнайтын алаңқайлар мен балабақшалар ашылса... Интернет желілері сайрап, байланыс жүйелері мен цифрлы телеарналар саңқылдап, журналистер ауыл жетістіктерін жарыса жазып, фермалардан ағылған табиғи өнімдерді дүкендер сатып үлгермей жатса... Ауылда зейнеткерлерден басқа бос адам болмай, уақыт тапшы болса...

Онда әрбір жас маман оқуын тәмамдаған соң, қалада бос сенделмей, құрақ ұшқан бойы өз туған топырағына қызмет етуге келер еді. Өз ауылында жетістікке жетіп, үйленіп, тойы ауыл асханасында өтер еді. Осылайша ауыл маңындағы бос жатқан жерлер игеріліп, халқымыздың саны өсер еді. Бастысы "үкімет үй бере ме" деп жүрген қаладағы жалаң бұт «квартиранттардың» саны азаяр еді".

Бұл әзірге Нұрбосынның арманы ғана!

Майра КЕНЖЕБЕКОВА

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.