Мамасы түннің бір уағына дейін тәтті тоқаш пісіреді. Ал бұның жұмысы - тәтті тоқаштарды жаңылып қалмай санау ғана.
- Мама, елу болды, алпыс бес болды, - дейтін қуанып.
Тәтті тоқаштардың саны көбейген сайын анасының да көңілі көтерілетін. «Біреуін алып, жей ғой» дейді ондайда. Пештен жаңа шыққан ып-ыстық тоқаштың тәттілігі шынында тіл үйіреді. Жеп отырып, анасына қарайды. Анасының тәтті тоқаштарды неге көп етіп пісіретінін жақсы біледі бұл. «Тоқаштарды сатып, үлкен үй аламыз» деп анасы талай айтқан. Сонда мұның жеке бөлмесі болады. Ойыншықтарын сол бөлмеге жинап қояды. Шіркін, бір бұрышта үстелде компьютерім тұрса... Тура сыныптасы Арманның бөлмесіндегідей...
Тәтті тоқаштардың саны көбейген сайын анасының да көңілі көтерілетін. «Біреуін алып, жей ғой» дейді ондайда.
Күн ұзақ тоқаш пісіргендікі ме, қуықтай бөлме ысып кетті. Анасы тағы да ұн елеп жатыр. Қазір жұмыртқа қосып илейді, содан кейін қымтап біраз қойып қояды... Анасы тоқаштардың санын жүзге жеткізейін деген ғой. Шешесін бір түрлі аяп кетті. Таңертең тағы да ерте тұрып, тоқаштарды базарда тұратын апайларға алып кетеді.
Өз ойымен өзі болып жатып көзі ілініп кетіпті. Көзін ашқанда анасы ыстық тоқаштарды үстелге қойып жатыр екен.
- Ояндың ба? Тоқаштарды санай қойшы, құлыным!
Ұйқысын қимаса да, орнынан тұрып санаған.
- Мама, тура жүз!, - деді қуанып. Анасының жүзіне қызыл арай жүгіргендей болды. Бірақ өлердей шаршағаны көрініп тұр.
- Біреуін алып жей ғой...
Тәтті тоқаштың біреуін қолына алып, анасының бетінен сүйген. Аузы бір түрлі кермек татып кетті. Маңдайдан төмен сорғалап аққан тердің дәмі екен. Тәтті тоқаш пісіремін деп анасы ащы терге малшыныпты.
- Жегім келмейді... Қолындағы тоқашын қайтадан орнына апарып қойды.
Бала жүрегі кішкентай тәтті тоқаштың үлкен еңбекпен келетінін сезген болатын...
Мейрамтай ИМАНҒАЛИ
Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.