Көп сөзді қой, алтын балық!

Нұрлан Сәдір, Азаттық блог байқауының қатысушысы

Мынандай шалқар дариядан кейін шылапшын саған жалдамалы пәтердей болып көрінетін шығар. Квартиранттың санын көбейтіп қайтемін.

- Алтын балық, давай, бір-біріміздің басымызды қатырмайық. Арманым да тілегім де біреу – пәтерлі болу.

- Қазеке-ау, қазір-ақ орындаймын ғой. Тек тілектің де төресін неге қаламағаныңызға қайранмын. Мысалы, көп балам болса екен дегендей.

- Көкем-ау, үйім болса сенен сұрамай-ақ ол баланы өзім-ақ қамдамаймын ба?

- Сіздің орныңызда болсам саулық сұрар едім.

- Өй, саулық сол сыз пәтерді жалдап тұрғаннан болды ғой. Көп сөзді ғой! Пәтер бер!

- Әңгіме жоқ. Шынымен-ақ өзге тілегіңіз жоқ па? Әлі екі тілегіңіз бар ғой дегенім.

- Сен бір қазақша түсінбейтін мақұлық екенсің!

- Енді, мен шетел ертегісінің кейіпкерімін ғой

- А, бәсе, пәтерде қаңғығандарды алалайтын болып тұрсың ғой?

- Қазеке-ау, қазақ балық ауламаса мен олармен қалай жолығамын? Кез- келген өзен-көлдің жағасындағы балықшыға барып қарашы. Қаншасы қазақ екен?

- Қоймадың ғой, екінші тілегім - көршім жақсы болсын. Кеше жоғарыдағы көрші жер-жебіріме жетіп ұрсып кетті.

- Ойбай-ау, особняк сұрайтын болсаң саған көршіңнің қандай болғанынан келіп-кетер не бар?!

- А, солай екен ғой. Не сұраймын сонда? Иә, жалақымды кідіртпей беріп тұрса, әйтпесе, уақытынан кідіртсем қожайынның әйелі ... Мә, енді, төлеп қажеті жоқ екен ғой. О, Құдай-ау!

- Не болды?!

- Менің екі қарындасым да пәтер жалдап тұрады ғой! Давай, қалған екі тілекті солар айтсыншы, а? Алтын балық деймін. Неге үндемейсің?! Мә мынаны мен ұзақ ұстап қойдым-ау деймін. Өліп қалды. Жо-оқ, әлі тірі секілді. Қой, суына жіберейін.

- Қазеке-ау!!! Не істедің сен?! Тілегіңді айтып алмай неге жібердің?! Ең болмаса үйіңе апарып аквариумға сала тұрмадың ба? Жаным кіргесін қалағаныңды сұрайтын едің!

- Өй, мендегі қайдағы үй, қайдағы аквариум...

- Ең болмаса, тазикке салып ...

- Мынандай шалқар дариядан кейін шылапшын саған жалдамалы пәтердей болып көрінетін шығар. Квартиранттың санын көбейтіп қайтемін. Бақытты бол! Мен күнімді бірдеңе қылып көрермін

- Енді арманың менімен қайта жолығу болатын шығар?

- Жоқ, менің арманым – пәтерлі болу!

Сәдір НҰРЛАН

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.