Азаттық «Чат-Айтыс» жобасын бастайды

Айтыскерлер. Көрнекі сурет

Азаттық радиосы «Чат-айтыс» атты жаңа жоба ұсынады. Онлайн платформада өтетін сайыста айтыскерлер қайым айтыс жанры бойынша қолма-қол чат жазысады, ал сайт оқырмандары олардың өнеріне әділ қазы ретінде сол сәтте төрелік айтады.
Азаттық радиосы оқырмандардың ынтасы мен тілегін ескере отырып, онлайн режимде чат арқылы өтетін сөз сайысын ұйымдастырмақ.

Жарыстың жай-жапсарын анық түсіну үшін назарларыңызға «Чат-айтыстың» ережесін ұсынамыз.

«ЧАТ-АЙТЫС» ЕРЕЖЕСІ

Құрылымы:

Жеребе бойынша жұпталған екі ақын «Айтыс - Азаттықта» парақшасындағы «Чат-айтыс» мақаласының төменгі жағындағы форумға өлең мәтінін екі-екі жолдан кезек-кезек жазады. Әрбір екі жол жыр жеке пікір сияқты келіп түседі.

Кейбір жағдайда әр айтыскердің отырған жерінен тікелей веб-трансляция (live streaming) жасалып, оқырмандар оларды онлайн режимде көріп отырады.

Онлайн айтыс екі сағатқа созылады.

Оқырмандар сайтқа тіркеліп, ұнатқан шумақтарына үш күн бойы дауыс бере алады.

Үш күннен соң ең көп дауыс алған айтыскер жеңімпаз деп жарияланады.

Жалпы ұйымдастыру формасы:

«Чат-айтыс» жүргізушісі белгілі 16 айтыскермен алдын-ала келісіп, тізімін жібереді. Олар жеребе бойынша анықталған 8 жұп болып, олимпиадалық тәсілмен сайысқа түсіп отырады. Яғни жеңген айтыскер келесі кезеңге шыға береді: 1/8, 1/4, 1/2 және финал.

Жүргізуші әр жұпқа жеке тақырып беріп отырады. Тақырып «Чат-айтысқа» бір күн қалғанда екі айтыскерге жария етіледі. Айтыскердің қарсыласына жауап беруіне 5 минут уақыт беріледі.

АЛҒАШҚЫ ЧАТ-АЙТЫС ҚАТЫСУШЫЛАРЫ

Жаңа жобамызға қатысуға келісім берген 16 айтыскерді жұптау үшін Азаттық тілшісі Алматы бюросына айтсыкер ақын Серік Қалиевті шақырып, ашық жеребе өткізді. Жеребе бойынша ақындар мынадай ретпен чат түрінде қайым айтысқа шығатын болды:

1. Еркебұлан Қайназаров – Иранғайып Күзембаев

2. Фархат Маратұлы - Мұхтар Ниязов

3. Асхат Қылышбек - Біржан Байтуов

4. Талант Арғынғали – Әсем Ережеқызы

5. Асхат Ізтілеуов - Бақыт Жағыпарұлы

6. Рүстем Қайыртайұлы – Мейірбек Сұлтанхан.

7. Бауыржан Халиолла – Айсәуле Бейсенхан

8. Серікзат Дүйсенғазин - Нұржан Өмірбаев

Алғашқы жұп - Еркебұлан мен Иранғайып Азаттықтың вебсайтында шілденің 23-інде Алматы уақыты бойынша түскі сағат 14.00-де чат-айтыс өткізеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Чат-айтыс жеребесі