Өткен аптада сенат үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) қатысты заң жобасын мақұлдады. Жобаға енгізілген түзетулер ҮЕҰ-ны қаржыландырудың жаңа тәсілдерін қарастырады. Жобаны әзірлеген Қазақстан азаматтық альянсы ҮЕҰ-лар арасында грант байқауларын өткізу үшін мемлекет қаржысын жинақтайтын жеке мекеме құруды ұсынады.
Кейбір сарапшылар «бұл - ҮЕҰ-ларды билік бақылауына алудың амалы» дейді. Бұған дейін бірнеше ҮЕҰ өкілдері мәдениет және спорт министрлігіне қаржыны тек мемлекеттен алмайтын ҮЕҰ-лар қызметін шектеу мүмкіндігі берілуіне наразылық білдіріп, президентке хат жазған еді. Ондай жағдайда көптеген «саяси емес» ҮЕҰ-лар қаржысыз қалуы және олардың қызметінен «заң бұзушылықтар табылып», жабылуы мүмкін.
AzattyqLIVE-тың орыс тілінде өткен хабарында «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры жетекшісі Тамара Калеева "Билікке ҮЕҰ-ларды бақылау неге қажет? Азаматтық қоғам белсенділігінен ел қауіпсіздігіне зиян бар ма? Билік неден қауіптенеді?" деген сұрақтарға жауап берді.