Бақыт Ибрагим жайлы жауабы жоқ сұрақтар

Көрнекі сурет

Германиядан экстрадицияланған қазақстандық банкир әрі премьер-министрдің "күйеубаласы" аталатын Бақыт Ибрагим тұлғасына қатысты жауаптан сұрақ көп. Экстрадициядан кейін Ибрагимнің ізі жоғалып кетті. Астанадағы тергеу абақтысы өкілдері "бізге әкелінбеді" десе, күдікті жеткізілуі мүмкін Алматы тергеу абақтысында Ибрагим әлі жоқ.

БАҚЫТ ИБРАГИМНІҢ ЭТАПЫ

Қазақстан бас прокуратурасы "алаяқтық жасаған" күдіктінің Германиядан экстрадицияланғаны туралы маусымның 2-сі күні таратқан қысқа ақпаратта 33 жастағы Бақыт Ибрагимді "Лидер Нефтепродукт KZ" компаниясы директоры ретінде ғана таныстырған. 2010 жылы тіркелген әрі Алматыда орналасқан компания атауына қарағанда, жанар-жағармай материалдарын сатумен айналысады.

Сенбі күні таң сәріде прокуратура сайтында жарияланған баспасөз хабарламасында Ибрагимнің коммерциялық банкті басқарғаны, оның акционері болғаны және елдің қазіргі премьер-министрінің туысы я туысы еместігі туралы бір сөз жоқ. Сегіз сөйлемнен тұратын қысқа хабарламада Бақыт Ибрагим топ болып астыртын сөз байласып, Bank RBK-дан "алаяқтық жолмен ірі көлемде ақша ұрлаған" деген күдікке ілінді, жымқырылған қаржы сомасы 50 миллиард теңге (150 миллион доллардан көп) және 83 миллион доллар деп болжанады деп қана көрсетілген. Экстрадиция туралы хабарлама "Ибрагим Астана қаласындағы тергеу абақтысына қамалды" деп аяқталған.

Оның премьер-министр Бақытжан Сағынтаевпен туыстығы туралы қазақстандық БАҚ-тың Бақыт Ибрагимді экстрадициялау туралы материалдарында да айтылмайды.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев. Алматы, 2 ақпан 2018 жыл

Астана тергеу абақтысы өкілдерінің Азаттыққа хабарлауынша, маусымның 2-сі күні Бақыт Ибрагимді Алматының орталық тергеу абақтысына (СИ-1) этаппен әрі Қарағанды тергеу абақтысы (СИ-16) арқылы транзитпен жөнелткен. Астана тергеу абақтысы қызметкерлерінің сөзінше, ол Қарағандының СИ-16 мекемесіне дәл сол күні, яғни маусымның 2-сі күні апарылуы тиіс болған. Бірақ маусымның 6-сы күні Қарағандыдағы аталған тергеу абақтысы қызметкерлері Азаттық тілшісіне Бақыт Ибрагим 2 маусымға дейін де де, одан кейін де этаппен келген жоқ деп хабарлады. Бұған қоса, Алматыдағы СИ-1 абақтысы өкілдері " Бақыт Ибрагим біздің мекемеде жоқ" деп хабарлады.

Азаттыққа Бақыт Ибрагимовті қай адвокат қорғап жатқанын да, сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде оның азаматтық құқықтары сақталып жатқанын да анықтаудың сәті түспеді.

QAZAQ BANKI НЕГЕ СЫНАЛДЫ?

Bank RBK мекемесіне Бақыт Ибрагимнің қандай қатысы бары әзірге түсініксіз. Ашық дереккөздерде Ибрагим Bank RBK-да жұмыс істегені немесе оның тең қожайыны болғаны туралы ақпарат жоқ. Былтыр күзде өтімділік дағдарысына ұшырап, мемлекеттен көмек алған банктің Qazaq Bankiмен бірігуді жоспарлағаны туралы ақпарат қана бар. Бірақ Bank RBK салымшылары "банк өз міндеттемелерін орындаудан бас тартып, депозиттегі ақшамызды бермей отыр" деп шағымданып жатқан тұста екі банк қосылуы мүмкін деген әңгімелер мүлде тыйылып қалды.

Былтыр қарашада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Bank RBK-дағы проблемалар – "акционерлер тарапынан жымқырудан туған мәселе" деп мәлімдеп, оларды "тәубесіне келтіруге" уәде еткен. Қазанның 1-індегі есеп бойынша, екі компания және бірнеше жеке тұлға, оның ішінде қазақстандық миллионер әрі тау-кен металлургиялық компаниясының қожайыны Владимир Ким, кәсіпкерлер Бахаридин Аблазимов және Дінмұхамет Ыдрысов, Фарид Ляхудзяев (ол 2018 жылғы ақпанда қайтыс болған) және тағы бірнеше адам Bank RBK акционерлері ретінде көрсетілген. Қарашада Bank RBK-ның бақылау пакеті Владимир Кимге тиесілі құрылым – "КСС Финанс" компаниясының қарауына өткен. "КСС Финанс" банктің 99,6 пайыз акциясына иелік етеді. Банк қаржысын жымқырғаны үшін тең қожайындардың ішінен біреудің қылмыстық жауапқа тартылғаны туралы ақпарат акционерлер құрамы өзгергенге дейін де, одан кейін де жарияланған жоқ.

Бұдан кейін Қазақстан президенті мемлекеттің жеке меншік банктердің "ышқырын көтеріп" қолдай беруге тиіс еместігін талай айтып, оларға көмек беруді "доғарамыз" деп сес көрсеткен. Бірақ ресми дерек бойынша, 2017 жылы мемлекет банк саласын сауықтыруға үш триллион теңгеден (қазіргі бағам бойынша тоғыз миллиард доллардан асады) көп ақша бөлген.

Сәуірдің 18-і күні Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен жиында банктердің жұмысын сынап, олардың үшеуінің (Qazaq Banki, Банк Астаны және ЭксимБанк) көрсеткіштері "сұмдық нашар" деп мәлімдеген болатын. Президент бұған "нашар басқарған", "қарызға батып, енді салымшылар алдындағы міндетін орындай алмай отырған топ-менеджерлер мен акционерлерді" кінәлаған. Кейінірек Ұлттық банк үш банктің жаңа депозиттер қабылдап, жеке тұлғаларға есеп-шот ашуына тыйым салып, лицензиясының күшін уақытша тоқтатқан.

Назарбаевтың "сорақы көрсеткіштер" туралы мәлімдемесінен соң іле-шала Qazaq Banki сайтында кей көрсеткіштердің нашарлауын 2013-2016 жылдары арасында Бақыт Ибрагим де бар, өзге тұлғалар тағайындаған басқарушылар тұсында берілген сапасыз несиелердің салдары ретінде түсіндірген комментарий жарияланды. Банктің әлгі комментарийінде Бақыт Ибрагимді "ірі қатысушы" ретінде көрсетілген (2018 жылғы 1 сәуірдегі есеп бойынша, Qazaq Bankiнің 10,71 пайыз акциясы Бақыт Ибрагимнің иелігінде болған).

Банк осы мәліметті таратқан сәтте Бақыт Ибрагимнің Германияда жүргені және оған халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды. Қазақстандық БАҚ-тың хабарлауынша, Ибрагимді Астананың сұрауы бойынша 23 сәуір күні Майндағы Франкфурт қаласында ұстап, алты аптаға жетпей Қазақстанға берген.

Президент Назарбаевтың Qazaq Banki басшылығын не үшін сынағаны, ал Бақыт Ибрагимге неге Bank RBK банкінен "аса ірі көлемде қаржы жымқырды" деп айыпталғаны – түсініксіз. Bank RBK акционерлері тізіміне кірмейтін тағы бір адам – бұрын банк директорлары кеңесінің кеңесшісі болған, кейінгі кезде Ресейде тұратын бизнесмен Жомарт Ертаевқа та осыған ұқсас айып тағылған. Қазір Мәскеу Қазақстанның Ертаевты экстрадициялау өтінішін қарап жатыр. Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, Ертаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.

Азаттық Бақыт Ибрагимнің банкке қандай қатысы барын түсіндіруді сұрап, Bank RBK-ке сауал жолдаған еді. Банктен мынадай жауап келді.

"2017 жылғы желтоқсанда Bank RBK құны 603 миллиард теңге болатын күмәнді активтерді "DSFK арнайы қаржы компаниясы (ДСФК) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) пайдасына берген болатын. Активтерді қайтару жөнінде ДСФК жүргізген жұмыс аясында Қазақстан құқық қорғау органдары бірқатар қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі кезде әлгі қылмыстық істер бойынша тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, ал Bank RBK оларға қатысты комментарий беруге өкілетті емес. Тергеу аяқталғанға дейін банк комментарий беруден тартына тұруды жөн санайды".

RBK Bank офисі. Алматы. 18 қазан 2017 жыл

БАҚ БЕТІНДЕГІ "ЖОЛЫ БОЛҒЫШ" БИЗНЕСМЕН

Қазақстан қор биржасының Интернетте танысуға болатын мұрағаттарында 2015 жылғы сәуірдің 1-індегі есеп бойынша Qazaq Bankiнің үлестес тұлғаларының тізімі бар. Әлгі тізімде 15 нөмірмен тұрған Бақыт Жасұзақұлы Ибрагим банктің ірі акционері әрі директорлар кеңесі төрағасы ретінде көрсетілген. Тізімде Бақыт Ибрагимнің әке-шешесі де, әпкесі мен інісі де бар. Бақыт Ибрагимнің әйелі, Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың қызы Меруерт Бақытжанқызы Ибрагим тізімде 17 нөмірмен тұр. Бұған қоса, тізімде Бақыт Ибрагимнің балалары – кішкентай қызы мен ұлы да бар. Бұл мәліметтердің бәрі әр жылдары қазақстандық басылымдар мен онлайн-БАҚ-тар жариялаған деректерге сәйкес келеді.

Қазақстандық Kapital.kz порталы 2014 жылғы ақпанның 19-ы күні Қазақстан ұлттық банкі Ибрагимге Qazaq Banki ірі қатысушысы мәртебесін беруге келіскені туралы жаңалығында оны "Сағынтаевтың күйеу баласы" деп атайды әрі AgroGroup 2013 және Qazaq Capital компаниялары да Бақыт Ибрагимге тиесілі деп жазған. Kapital.kz сайтының хабарлауынша, бұдан ертеректе БАҚ Ибрагим проблемалы "Азия групп" құрылыс компаниясына иелік етеді жазған.

Aktau-business сайты "Танымал шенеуніктердің балаларының меншігі. 1-бөлім" деген мақаласында Бақыт Ибрагимнің активінде банктен бөлек, Aspan Air және Studio-ХХІ деген екі ЖШС де бар деп хабарлайды. Сайт Бақыт Ибрагимнің осы компаниялардың "ресми басшысы саналатынын" да жазған.

Жоқ дегенде, үйлену тойына шамамен бір миллион доллар жұмсалған
Геннадий Бендицкий

Басылымның жазуынша, Бақытжан Сағынтаевтың күйеу баласы болғаннан кейін Бақыт Ибрагимнің бизнесі күрт өрлеген.

Журналист Геннадий Бендицкийдің (қазір марқұм) 2010 жылғы 3 маусымда шыққан "Человек с комплексом" деген мақаласын kn.kz сайты қайта жариялаған. Мақалада Бақыт Ибрагим құрылыс бизнесімен айналысып, ал оның компаниялары үлескерлердің ақшасына Астанада үй салғаны сипатталған.

"Құрылысқа қатысты проблемалар енді шыға бастаған тұста ол әжептәуір жоғары лауазымды әрі ықпалды адамның қызы - сүйкімді бойжеткенмен танысады. Алғашқы некесі күйреп, екінші некеге отырады. 2008 жылғы жазда Астанада дүркіреген той өтті. Тойдың бірінші күні - Rixos, екінші күні Radisson қонақүйінде өтті. Жоқ дегенде, үйлену тойына шамамен бір миллион доллар жұмсалған" делінген Бендицкийдің мақаласында. Мақалада осы тойдан соң көп ұзамай Астананың құрылыс департаментінің әлі салынып бітпеген "Жания" тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сатып алғаны айтылған.

ТАНЫМАЛ ОТБАСЫНАН ШЫҚҚАН "ТАНЫМАЛ ЕМЕС" АДАМ

Бақыт Ибрагимнің көпшілік көзіне көп түспейтін адам екенін қазақстандық БАҚ-тың көбі жазған. Бір қызығы, ол ашық дереккөздерде туралы мақалалардың көптігіне қарамастан, оның фотосуреттері жоқ.

Ал Сағынтаевтың үлкен қызы Меруерт, керісінше, жұрт жақсы танитын тұлға саналады. Сән саласы туралы Buro 24/7 Kazakhstan онлайн-басылымның иесі қазір басылым сайтында Меруерт Әбдір (Сағынтаевтың әкесі - Әбдір) деп көрсетілген. Бұрын ол БАҚ беттерінде "Меруерт Ибрагим" деп шығып жүрген.

Бақытжан Сағынтаев пен оның отбасы мүшелері Бақыт Ибрагимге тағылған айыптар туралы хабарларға қатысты әзірше мүлде комментарий берген жоқ.

Ісінің ерекшелігіне әрі мүмкіндігіне байланысты Меруерт өзге елдерді көп аралайды, шопингпен айналысады, түскен суреттерін 43 мыңнан көп жазылушысы бар Instagram парақшасында жариялап отырады. Ол соңғы сән тенденцияларын қалт жібермей бақылап, fashion-шараларға жиі қатысады.

2016 жылғы 10 қыркүйекте Nur.kz сайты жариялаған "Бақытжан Сағынтаевтың қызы немен айналысады?" деген мақалада "Меруерт Ибрагим іскер адамның жұбайы ғана болу мәртебесін місе тұтпайтын тәрізді" деп жазылған.

"Меруерт өзі де карьера жасағысы әрі әйелдер саласында танылғысы келетінін талмай дәлелдеп келеді. Ықпалды шенеуніктің қызы - Buro24/7.kz қазақстандық сән порталының негізін қалаушы. Ал сайтты ашу құрметіне өткен кешке шамамен екі миллион долдар жұмсалды" деп жазған Nur.kz сайты. Buro24/7.kz порталының әлгі кеш туралы жазбасында презентация ақпарат құралдары Бақыт Ибрагиммен байланысты деп жазған Qazaq Capital компаниясының демеушілік қолдауымен өткені хабарланған.

Бақытжан Сағынтаев пен оның отбасы мүшелері Бақыт Ибрагимге тағылған айыптар туралы хабарларға қатысты әзірше мүлде комментарий берген жоқ. Бұған қоса, Сағынтаевтың қызы мен Бақыт Ибрагим екеуі әлі ерлі-зайыпты ма, әлде екеуі ажырасып кетті ме - әзірге жұмбақ.