Бүгін журналистерге баспасөз мәслихатын берген қамаудан кепілге босаған Рафаэль Балгин мен «Деловая неделя» газетінің бас редакторы Махамбет Ауезов «Казкоммерцбанктен» жария түрде кешірім сұрады. Олар мойындаған «схемаға» сәйкес, қазір түрмеде отырған «Таир Қалдыбаев есімді кәсіпкер әзірлеген «Қазкоммерцбанкті» қаралайтын мақалаларды Махамбет Әуезов редакторлап, олар Рафаэль Балгин арқылы «Республика» сайтына жарияланып отырған».
Олардың айтуларынша, «Республика» сайтының бас редакторы Ирина Петрушова мақалалардың тапсырыс екенін білген және ақшаның бір бөлігін бөлісіп отырған». Балгин мен Әуезов таратқан баспасөз релизінде мақалалардың Nakanune.kz сайтында да жарияланғаны, оларды жариялауға және ақша бөлісуге сайт иесі Гузяль Байдалинованың қатысы болғаны жазылған.
«АҚША БӨЛІСУ»
Балгин мен Әуезовтың айтуынша, «осылайша 2013-2015 жылдар аралығында банкке қарсы 60-қа жуық материал жарияланған. Әр мақалаға 5-10 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төленген».
Рафаэль Балгин журналистерге «Махамбет (Әуезовті айтады – ред.) маған мақалалар топтамасын ойластырып, ақша табу туралы ұсыныс жасағанда келісе кеттім. Ештеңеге бас қатырған жоқпын. Қаржы мәселелерімді шешуім керек болды. Сондықтан кірістім. Мақалаларға бір кәсіпкердің тапсырыс беріп, ірі көлемде ақша төлегенін білдім» деді.
Екі журналист те банкке жеке «шағымдары» жоқ екенін айтып, өздерін ақшалай сыйақы үшін «таза тапсырыс мақала жазған» «кішкентай журналистер» ретінде көрсетуге тырысты. Олар сонымен бірге банкке ірі айып тағып отырғандарын біле тұра, «ақша төленгендіктен, материалдардардың сапасына бас қатырмағандарын» айтты.
Рафаэль Балгиннің сөзінше, «Республика» сайтының бас редакторы Ирина Петрушова «жағдайды пайдаланып, банкке қарсы өзге де материалдар әзірлеп, отқа май құюға тырысқан».
Балгин «Мақалаларды Петрушованың электрондық поштасына жіберіп отырдым. Кей кездері пікір алмасып, алдағы әрекеттерді талқыладық. Егер тапсырыс беруші мақалаларды қайталап басуды сұраса, қосымша ақы төледі. Тапсырыс құнын Махамбетке беріп отырдым, ал ол тапсырыс берушіден ақшаны алып, редакцияға беріп отырды. Ақшаның бір бөлігі Алматыдағы редакцияға, қалғаны Петрушоваға берілгенін білемін» деді.
Рафаэль Балгин мен Махамбет Әуезов мұндай мәлімдеме жасауға оларды ешкім күштемегенін, мәлімдемені өз еріктерімен жасап отырғандарын айтты. Олар осы қылмыстық іс бойынша айыпталған журналистерді «жақындарын ойлауға», «олигархтар соғысының құрбанына айналмауға» шақырды.
ПЕТРУШОВАНЫҢ ЖАУАБЫ
Қазақстаннан тыс аймақта тұратын «Республика» сайтының бас редакторы Ирина Петрушова Азаттық тілшісіне Балгин мен Әуезов айтқан мәліметтерге қатысты жауап берді.
Ол «Мұндай сандыраққа қалайша түсініктеме беруге болады?! «Қазком» («Казкоммерцбанкті» айтады – ред.) туралы мақалаларымызды оқығандар олардың мазмұнын өздері-ақ бағалай алады, сондықтан бұл оқиғаны ирониямен ғана қабылдаймын. Шынына келсек, мен оларды аяймын және жақсы түсінемін - кім түрмеде отырғысы келеді дейсің. Ол жерде егер отырғызбауды уәде етсе, Кеннедиді өлтірдім деп мойындай салады. Әзірге, басқа ештеңе айта алмаймын, айтатыным болса да Nakanune.kz журналистеріне зиянымды тигізіп аламын ба деп қорқамын, себебі мыналарды босатып, оны қалдырғанына қарағанда негізгі қысым Гузяль Байдалиноваға түсіп отырған сияқты» дейді.
Оқи отырыңыз: Nakanune.kz және «Республика» төңірегіндегі дау
Оның сөзіне қарағанда, «қазақ билігі «Республика» сайтын жабуды көздеп отыр, сол себепті осындай қылмыстық іс ойлап тапқан». Петрушова сөзін «Осындай қылмыстық іс ойлап тауып, Ресейге келіп, лицензиямызды тартып алуға тырысады. Бәрі сол үшін ойластырылған» деп аяқтады.
«КАЗКОМНЫҢ» ҚАРАЛАУШЫЛАРДЫ ТАБУ НИЕТІ ДҰРЫС»
«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының президенті Тамара Калеева қылмыстық істің қозғалуына себеп болған, «Казкоммерцбанкті» қаралайтын мақалаларды оқығанын, «ол мақалалардың сауатсыздығына таңғалғанын» айтады. Бірақ Калеева журналистерді қылмыстық тұрғыда қудалауға келіспейді.
- Мақалалардың сауатсыздығын көргенде жағамды ұстадым. Осы ретте «Казкомның» қаралаушыларды табуға тырысқанын түсінемін. Бірақ одан ары журналистерді қылмыстық қудалау жолын таңдағандарына қынжыламын, - деген ол «журналистерді босатады деп үміттенетінін» айтты.
2015 жылдың мамырында Алматының Медеу аудандық соты Nakanune.kz сайты үстінен шағымданған «Казкоммерцбанктің» талап арызын қанағаттандырып, сайтты банкке 20 миллион теңге төлеуге және банктің «іскерлік беделіне нұқсан келтірген» мақалаларды алып тастауға міндеттейтін шешім шығарған. Бірақ желтоқсанның 18-і күні полиция Nakanune.kz сайтындағы мақалаларды «тапсырыс бойынша» жариялады деген күдікпен Гузяль Байдалинованың үйін тінтіп, кейін өзін тұтқындады. Сайт журналистері Рафаэль Балгин мен Юлия Козлованың үйі де тінтілгені хабарланып, сол желтоқсан айында сот Балгин мен Байдалинованы тергеуге қамауға шешім шығарды. Байдалинова қамауда отыр, Балгин 2016 жылы қаңтардың 11-і күні кепілге босап шыққан. Бүгін Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козловаға "заңсыз есірткі сақтады" деген айып тағылғаны хабарланды.
Қазақстанда «Республика. Деловое обозрение» басылымы және сайты, оған қатысы бар деп танылған барлығы 30-ға жуық оппозициялық БАҚ сот шешімімен 2012 жылы жабылған.