Орталық Азия елдерінен шыққан өнер иелері оңайлықпен кіре алмайтын Мәскеу сахнасын бағындырған Батырхан Шүкеновтің 52 жасындағы мезгілсіз қазасы бір жыл бұрын Қазақстанда сирек құбылысқа айналған азаматтық ұйымшылдықты оятты. Былтыр сәуірдің 29-ы мен 30-ы күндері Қазақстанның ірі қалаларында (Алматы, Астана, Орал, Атырау, Шымкент, Петропавл, Ақтау және өзге қалалар), көбінде орталық алаңдарда Батырхан Шүкеновті еске алуға арналған стихиялық акциялар өтті. Жас-кәрісі аралас жұрт алаңдарға гүл шоқтарын қойып, шырақтар жақты, музыканттың фотосуреттерін ұстап, әндерін шырқады. Әлеуметтік желілерден басталған жаппай аза тұту акциясына қатысу үшін жұрт кездесетін орын мен уақытты келісіп жатты. Билік мұндай аза тұтуға кедергі жасамады.
Батырханмен қоштасу рәсіміне қатысу үшін мамырдың 1-і күні Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына қалың жұрт жиналды. Оны қастерлейтін жандар Жібек жолы көшесіндегі үйдің ауласында сәуірдің 30-ы бастаған «Батыр дуалын» марқұмды жерлеген күні аяқтап шықты. «Дуалға» әншінің үлкен портреті бейнеленіп, Батырхан Шүкеновтің репертуарындағы әндердің атаулары мен әндерінен үзінділер жазылды. «Батыр дуалы» әлі күнге дейін тұр әрі марқұмның дарынын қастерлейтін жұрттың кездесетін орнына айналды.
МӘҢГІ ЕСТЕ САҚТАУДЫ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРУ
Батырхан Шүкенов
Батырхан Шүкенов
Батырхан Шүкенов музыкамен 12 жасында - Қызылорда қаласында орта мектеп оқып жүргенде әуестене бастаған. Кейін Ленинград мәдениет институтында, Алматы консерваториясында оқыған. Кейін атауы «А’Студио» деп өзгерген «Арай» тобына 1982 жылы қабылданған. Шығармашылығының 13 жылы осы топпен байланысты. Бұл кезеңнің бес жылында Мәскеудегі Алла Пугачеваның ән театрында топпен бірге жұмыс істеген. Көбінесе соның арқасында, және «Рождестволық кездесу» телешоуына қатысудың арқасында «А’Студио» тобы мен Батырхан Шүкенов бүкіл Совет Одағына танылды.
«А’Студио» тобында Батырхан Шүкенов жетекші әнші болды. Ол кездегі топтың хит әндерінің көбі оның дауысы арқылы тарады. Сондықтан кейін ол «А’Студио» тобынан кеткен кезде топ тарап кете жаздаған. Батырхан Шүкенов жеке шығармашылықпен айналысу үшін «А’Студио» тобынан 2000 жылы кеткен.
Ол өмірінің соңғы айларында уақытын көбінесе Мәскеуде өткізіп «Один в один» телешоуына қатысып, көрерменге жаңа қырынан таныла бастаған. Жаңа әндер жазуын жалғастырған. «Мне поможет весна», «Письмо души», «Я любил тебя другой» деген әндер - соңғы екі жылдың премьералары. Батырхан Шүкенов хит әндеріне жаңа клиптер түсірген. Ол 53 жасқа сәл ғана толмай қайтыс болды.
Азаматтық белсенділер алматылықтардың Батырхан Шүкеновтің есімін мәңгі есте қалдыру жөніндегі бастамасын қолдауды сұрап, Алматы әкімдігіне жазған хатқа қол жинауды марқұмды жерлеген күні бастап кеткен болатын. Олар қала көшелерінің бірін оның атымен атауды ұсынды. Бұған қоса, Республика сарайына Батырхан Шүкеновтің есімін беріп, саябақтардың бірінде немесе Алматының орталығында оған ескерткіш орнатуға рұқсат сұрады.
Бұл бастамаға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «адам қаза болған күннен бес жыл өткенге дейін көшені атауға да, ескерткіш орнатуға да болмайды деген заң нормасы бар» деп ескертті. Азаматтық белсенді, Батырхан Шүкеновтің есімін мәңгі есте қалдыру бастамасы мен хат авторларының бірі Нұрыл Рахымбеков БАҚ өкілдеріне қайтыс болған кісіге бес жылға дейін ескерткіш орнатуға болмайды деген шектеуді заңдарды ақтарып таба алмағанын айтқан. Бұған қоса ол Қазақстанда бұған дейін көзі тірі адамға ескерткіш орнатылғанын ескерткен. Ол ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа 2011 жылдың қарашасында Алматыдағы тұңғыш президент саябағына орнатылған ескерткішті айтқан.
Ал көше және қаладағы өзге территория, нысандарды атау немесе атауын өзгерту мәселесіне келсек, шынымен 2013 жылы қаңтардың 21-і күні «Қазақстан Республикасының тілдер туралы» заңы министр айтқан нормамен толықтырылған.
Батырхан Шүкеновтің қазасын аза тұту сияқты ауқымды оқиға Қазақстанның жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған деуге келетін сияқты. Әлеуметтік желілерде кей адамдар бұл феноменнің сырын түсіндіруге тырысты. Мысалы, ивент-агенттік директоры, «Жас Сахна» тәуелсіз театры продюсері Рәзия Хасанова Facebook парақшасында былай деп жазған еді:
«Бәріміз Батырды жоқтап жылаймыз. Өзіміздің жастық шағымызды, еліміздің жастық шағын жоқтаймыз. Үкілеген үміттеріміз бен арман-мұраттарымызды сағынып жылаймыз. Ол армандар өшті. Жүрек талмасы. Жүрегі көтере алмады. Бірақ біз бәрінен бұрын арамыздан өнеге тұтқан адамның кеткеніне жылаймыз. Жұрттың бәрі қадірлейтін адамның арамызда жүргенін сезінбеппіз. Сымбатты да дарынды, оның кісілігі мен кішілігін бәрі білетін, сәл тұйықтау, мылжыңдап сөйлемейтін, күпілдеп мақтанбайтын нағыз жігіт еді. Бірақ ашық-жарқын еді, ол өзінің істері арқылы, музыкасы арқылы ашылды. Ал оның бізге айтқандарына (салған әндеріне) өмірі мен істері сай болатын»
ШҮКЕНОВ ҚОРЫ: ЖОСПАРЛАР, НӘТИЖЕЛЕР
Былтыр Қазақстанда Батырхан Шүкенов атындағы қоғамдық қор құрылып, оны әншінің досы Олжас Байқанов басқарған. Бір жылға жетпей қор Алматыда екі қайырымдылық концерт ұйымдастырды. Оның біреуі 2015 жылы желтоқсанның 8-і Алматыдағы Республика сарайында өткен. Концертке Батырханмен дос болған немесе бірге жұмыс істеген Роза Рымбаева, Еркеш Шәкеев, Қуат Шілдебаев, Дильназ Ахмадиева, «А’Студио» тобы мүшелері, әнші Владимир Пресняков, Джокер сияқты қазақстандық және ресейлік эстрада жұлдыздары қатысты. Концерттен түскен ақшаның бәрі әншінің АҚШ-та оқитын баласы Мақсұтқа берілген.
Соңғы екі концерттен түскен ақша Батырхан Шүкенов қорына, әнші армандаған, бірақ орындай алмай кеткен бірнеше жобаны іске асыруға аударылған. Бұл – жас әншілер мен шоу-бизнес мамандарының қабілетін жетілдіретін мектеп-студия, жас дарындарды қолдайтын продюсерлік орталық, қазіргі заманға сай техникамен жабдықталған концерт залын, Батырхан Шүкеновтің мұражайын ашу туралы жобалар. Олардың бәрі бірер жылдан кейін Алматыда салынады деп жоспарланған, музыкант атын иеленбек мәдени орталықта жұмыс істеуі тиіс.
Былтыр қарашада қор Батырхан Шүкеновтің қазақ тіліндегі әндері енген «Аманат» дискісін шығарды. Оның аяқталмай қалған музыкалық мұрасын жарыққа шығару үшін репертуарындағы 40 шақты әнді жариялаған Еркін Шәкеев осы қормен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Олардың негізінде жаңа әндер жазылмақ.
ВИДЕО: 2015 жылы желтоқсанның 8-і Алматыда өткен Батырхан Шүкеновті еске алу концертінен үзінді
Your browser doesn’t support HTML5