Бірақ ұрлық болған. Санкт-Петербург қаласында Қазақстанның 71 жастағы азаматы Бекжасар Нарбаевтың мүлкін ұрлап кеткен. Ол – зейнет демалысындағы дипломат. Нарбаевтың Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі деген атағы бар. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің Азаттық тілшісіне айтуынша, бұл мәртебе оған өмір бойына берілген.
Ел президенті жарлығымен берілетін бұл атаққа Қазақстан елшіліктерінің дипломаттары мен қызметкерлері ие болуы мүмкін. Бұл мәртебені сыртқы істер министрлігінің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде ешқашан жұмыс істемеген қызметкерлері де алып жатады.
Сыртқы істер министрлігінің Астанадағы кеңсесі қызметкерлерінің Азаттық тілшісіне айтуынша, Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі деген дәрежесі болғанымен, Бекжасар Нарбаев Қазақстанның Ресейдегі өмірлік төтенше және өкілетті елшісі емес. Өйткені штатта мұндай лауазым қарастырылмаған. Бірақ жергілікті баспасөз таратқан хабарламаларда оны «Қазақстанның Ресейдегі өмірлік төтенше және өкілетті елшісі» деп атаған. Ал қазір Қазақстанның Ресейдегі елшісі – Марат Тәжин.
Бекжасар Нарбаев Қазақстанның Пәкістандағы елшісі болған. Кезінде Түркиядағы елшілікте жұмыс істеген дипломат Қазақстан сыртқы істер министрі кеңесшісі болып қызмет атқарған. Қазір ол – Алматыдағы қазақ ұлттық аграрлық университеті ректорының кеңесшісі әрі әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, Бекжасар Нарбаевтың ұрланған қол сөмкесі табылған. Оны фотокамера, дипломатиялық паспортымен бірге қайтарған, бірақ ішіндегі ақша жоқ болып шыққан. Қанша ақша ұрланғанын баспасөз де, ресми органдар да хабарламайды. Бұл оқиға шілденің 30-ы күні Санкт-Петербург қаласындағы «Паркинг» қонақ үйінің мейрамханасында болған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Бекжасар Нарбаев Санкт-Петербургке жеке шаруаларымен барған. Қозғалған қылмыстық іс жабылмаған, тергеу амалдары жалғасып жатыр.