Минск оппозициялық журналист Олег Бебенинмен қоштасып жатыр

Жұмбақ жағдайда қаза болған журналист Олег Бебенин.

Дүйсенбі күні Беларусь астанасында жұрт белгілі журналист Олег Бебенинді ақтық сапарға шығаруға жиналды. «Хартия-97» оппозициялық сайтының негізін қалаған әрі жетекшісі болған журналист қыркүйектің 3-і күні Минск түбіндегі саяжайында асылып тұрған жерінен табылған еді.

ІЛМЕК ПЕН ҚҰЛАҒАН ОРЫНДЫҚ

Беларусь Бас прокуратурасы оппозиционер журналист өз өмірін өз қиған деген жорамал жасап отырғанын хабарлайды «Интерфакс» агенттігі.

«Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосы орыс қызметі облыстық милицияның ақпарат және қоғамдық байланыс бөлімшесінің бастығы
Бебенин екінші қабатқа шығатын баспалдақтың астына байланған, қолдан жасалған ілмекке асулы тұрды. Қасында құлаған орындық жатыр екен.
Александр Данильченконың сөзіне сілтеме жасай отырып, «жедел уәкілдер мен прокуратура қызметкерлері журналистің үйін тексерген кезде «Белорусский бальзам» спирттік ішімдігінің босаған екі шишасы» табылғанын жазады.

«Бебенин екінші қабатқа шығатын баспалдақтың астына байланған, қолдан жасалған ілмекке асулы тұрды. Қасында құлаған орындық жатыр екен. Оның денесінен алысу, қарсылық көрсету белгілері байқалмады. Көршілерінің айтуынша, олар қайғылы оқиға болған күні саяжайдан Бебениннен басқа бөгде ешкімді байқамапты. Сонымен қатар, марқұмнан ешқандай хат қалмапты», - деп мәлімдеді Александр Данильченко.

ДОСТАРДЫҢ КҮДІГІ

Ал марқұмның әріптестері мен достары биліктің ресми жорамалдарына күмәнмен қарайды. Қыркүйектің 4-і күні «Хартия-97» сайтында осы сайттың үйлестірушісі Дмитрий Бондаренконың жоғарыдағы ресми жорамалды жоққа шығарған пікірі жарық көрді.

«Мен Олег Бебениннің жай ғана журналист еместігін айтқым келеді. Президенттік сайлауда ол осы орынтақтан үміткер-оппозиционер
Олег Бебенин (сол жақта) мен Дмитрий Бондаренко (оң жақта) қала күні мерекесі кезінде жұрт назарын Беларусь еліндегі саяси тұтқындардың жағдайына аудару мақсатында арнайы шара өткізіп тұр. 3 шілде 1998 жыл.
Андрей Санниковтың штабы жетекшілерінің бірі болуы керек еді. Осындай жауапты кезде ол өзіне-өзі қол жұмсапты-мыс. Бұл тіпті ақылға қонымсыз нәрсе. Өлім алдында жазған хаты да жоқ. Жұмысы ойдағыдай, сүйікті жары, алтын асықтай ұлдары бар, тума-туыс, дос-жарандарына да сыйлы жан. Ол осының алдында достарын фильм премьерасын көруге шақырған. Ол соңғы SMS-те «Октябрь» кинотеатрына кешкі сегізде баратынын жазыпты. Бірақ бұдан кейін бір тәулікке жоғалып кетеді, телефон қоңырауына да жауап бермейді», – дейді Дмитрий Бондаренко.

Марқұм Олег Бебениннің денесіне жүргізілген сот-дәрігерлік сараптау жұмыстарының ресми қорытындысын да Дмитрий Бондаренко сезікпен қабылдап отыр.

«Сараптама қорытындысына келер болсақ: дене мүшелері мен ағзадағы сұйықтыққа қатысты жүргізілген биохимиялық анализ алдағы сәрсенбіде ғана белгілі болады. Бұдан бөлек, Олегтің өмірден өз еркімен қоштасқаны туралы көңілге күдік келтіретін түйткілдер толып жатыр», - дейді
Олегтің өмірден өз еркімен қоштасқаны туралы көңілге күдік келтіретін түйткілдер толып жатыр.
Дмитрий Бондаренко.

«Европейская Беларусь» атты саяси науқанның лидері Андрей Санников ниеттес адамның қазасына қатысты билік ұсынған жорамалды теріске шығарды. «Хартия-97» сайтына орналастырған мәлімдемесінде ол оқиға орнына барғанын және Олег Бебениннің өзін-өзі өлтіргеніне сенбейтінін жеткізді.

«Біз күн сайын кездесіп, үлкен жоспарлар құратын едік. Олег - менің досым, командамның басты мүшесі, талантты журналист әрі сенімді адам», - деп мәлімдеді Беларусь президенттігіне үміткер Андрей Санников.

ҰҚСАС ОҚИҒАЛАР

DATE.bs белорусс порталында жазылғанындай, Бебениннің өлімінен кейін Байнетте болған оқиғаны қызу талқылау басталып та кетті. Сөз таластыруға шыққандар 2000 жылы шілденің 7-сі күні із-түзсіз жоғалған «Бірінші каналдың» операторы Дмитрий Завадскиді (2003 жылы өлді деп танылды), сонымен бірге әлі күнге дейін ашылмаған Вероника Черкасованың өлімін (2004 жылдың 20 қазанында қаза тапты) еске түсірді.

Вероника Черкасоваға белгісіз біреулер 43 мәрте пышақ салып өлтірген еді. Тергеу амалдары барысында қылмыскері белгісіз бұл жайт тұрмыстық сипат алып, жабулы күйінде қала берді.

«Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосы орыс қызметі атап өткендей, 36 жастағы Олег Бебенин 1998 жылы негізін қалап, әрі жетекшісі болып келген оппозициялық бағыттағы «Хартия-97» - беларустық қоғамдық-саяси интернет-порталдардың ішінде шоқтығы биік сайт.

«Хартия-97» - өткір пікірін ашық айтатын, әрі ымырасыз оппозициялық БАҚ. Александр Лукашенконы мұнда, тіпті, «диктатор» деп те айыптай береді. Сайт аудиториясы күніне 30-40 мың адамға барады.

Олег Бебенин 1974 жылы Кострома қаласында (Россия) дүниеге келді. Беларусь мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдады. 1990 жылдары белорустық тәуелсіз газет «Имя» басылымында бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Марқұмның артында әйелі мен екі ұлы қалды.